Креслода отырған кісіге
Құрметті мырза!
Сіз жайлы, кең, мықты, қымбат та әдемі креслода отырсыз. Бірақ неге жайсызданасыз! Алдыңызда йен жатқан жап-жалпақ столыңыз тұр, оған шынтағыңызды тіреп рақаттанып отыруыңызға әбден болады. Бірақ сіз елеңдей бересіз... Астыңыздан су шыққандай неге жортақтап отырсыз? Неге мазасызданасыз? Кең де жайлы кресло сізге томардай томпақ болғаны ма?... Әлде құлап кетер ме екенмін деп қорқасыз ба?..
Шынымды айтсам: бір басына су толы шелек, екінші басына тас толы кәрзеңке ілген сырықты көлденең ұстап алып, оқ жетпес биікте керілген арқан үстінде билейтін кісінің халы сіздің халіңізден әлдеқайда жақсы шығар .Сіздің астыңыздағы кресло үріккен ат сияқты да, сіз атқа алғаш мінген ебедейсіз біреу сияқтысыз, бір жерде құлап қалмау үшін үрейіңіз ұшып жабысып отырсыз. Өң жоқ, түс жоқ қалпыңызды көргенде қарап тұрып жаным ашиды! Тіпті ағыл-тегіл жылағым келеді... Әрине, теріс айналып кете беруге болар еді, бірақ басына іс түскенге қарайламау біртүрлі ыңғайсыз екен...
Креслоңыз жайлы, столыңыз жалпақ, кабинетіңіз кең де келісті. Сізге енді не "жетпейді? Неге мазасызданасыз? Тіпті құлап түскеннің өзінде де кабинетіңізде төсеулі жатқан қалың кілем еш жеріңізді көгерте қоймас. Құзға құлағалы тұрғандай-ақ, көзіңіз шатынап бара жатқаны несі? Кәне, қыпылықтағанды қойыңыз! Тыныш қана отырыңыз!
Сіздің үрейлі, мазасыз кейпіңізді көргеннен бері мен: Креслода отырған кісілер неге құлай береді екен? — деп ойлайтынды шығардым. Осыған орай баяғыда өзім куә болған мына бір жәйт есіме түсіп отыр.
Жаздың жайдары бір кешінде қыдырып казиноға бардым. Кісі көп екен, оркестр ойнап, артистер ән салып тұр. Акробат екі орындықты бірінің үстіне бірін қойып, өзі үстіңгісінің арқалығына қолын тірей шығып өнер көрсете бастады. Сол кезде залда масаң біреудің былдырлағаны естілді. Оның не дегенін ұға алмадық, сірә, шетелдік біреу болса керек. Орнынан тұрғандағы қимылынан оның акробатқа риза еместігін, өзінің әлдеқайда күрделі өнер көрсеткісі келетінін аңғардық. Ол сөзден іске көше бастады.
Бұл зиялылар ғана бас қосатын айтулы казинода болды. Шала мас шетелдік ептеп әдепсіздік жасады-ақ, бірақ біз шетелдікі дегеннің бәріне шұлғи беретін болғанбыз, сол себепті казино директорының өзі көпшілікке өтініш жасап, жұртты жаңағы мас шетелдіктің өнерін тамашалауға, сөйтіп оның көңілін көншітуге шақырды...
Сенделе басқан масымыз столдарды қаға-маға, орындықтарды құлата-мұлата залдың ортасына жетті де, сондағы столдың үстіне шығуға әрекеттенді. Ары итінеді, бері итінеді, қиралаңдап құлап түседі, қайта ұмтылады. Жұрт әйгілі клоунның қылығына қарап отырғандай-ақ қыран-топан күлкіге көмілді. Шетелдігіміз шатқаяқтап жүріп столға ақыры шыққан кезде дүркірете қол шапалақталды. Көпшіліктің қошеметіне көңілі босаған мас жігіт иіліп тағзым етем деп столдан тоңқалаң аса жаздады. Ол столдың үстіне итшілеп жүріп орындық қойды, сонсоң әупірімдеп өзі оның үстіне шықты да, арқалығына отырып темекі тұтатты. Мастан ондай ептілікті күтпеген жұрт алақандарын аяған жоқ. Шетелдіктің ойы орындалды, көңілі көншіді, енді өз орнына барып жайғасуына болады... Бірақ мастарға дауа бар ма? Ол жерге түсті де, столға тағы үш орындық шығарды. Қалай қойғанын білмеймін, әйтеуір, айтулы акробаттарша, орындықтарды бірінің үстіне бірін тұрғызып, өзі ең үстіне шығуға тырысты. Оған қарап отырғандағы қорқынышымды, құрметті мырза, мен тіпті де айтып жеткізе алмаймын. Аяғы тайып-тайып кетеді, қолы қайта-қайта сырғып, ұстағанынан айырылып қалады... Әйелдерде зәре жоқ: анау қалпақтай түсетін сәттерде шыңғырып у-шу болады, ал шетелдіктің не сиқыры барын кім білсін, тіпті де құламайды. Әлде заманда ол жерге түсті. Оның шыққанынан гөрі түскеніне тілеулес болған жұрт бір қауіптен құтылғандарына қуанысып қалды. Залда ду қол шапалақталды. Ал анау әлі де райынан қайтпапты, тағы да екі орындықты құшақтап, сигаретінің түтінін будақтатып, столға қайта тырмысты. Орындықтардан биіктігі алты метрдей мұнара жасап, өзі ең үстіне тағы отырып алды. Мұнара жасауына, әрине, менің мұны айтып отырғанымнан әлде қайда көп уақыт кетті; мас жігіт кем дегенде он рет мұрттай ұша жаздады, залды да сонша шошытты... Қалай екеніне ми жетпейді, әйтеуір, орындықтар да, шетелдігіміз де құлаған жоқ. Ол тағы түсіп, тары да бір орындыққа жармасты... Көпшілік мазасыз масқа тыйым салуды талап етті, бірақ шетелдік сонда да тоқтамады, тағы өрмеледі, — бұл жолы ол тез шықты. Ең үстіңгі орындықтың арқалығына отырып алып сигаретін тартып бітірді, оның қалдығын лақтырып жіберді де, жан қалтасынан бір қорап сигарет суырып, жаңадан тағы біреуін тұтатты. Содан кейін орнынан тұрып, екі қолын қанатша жайып арқалыққа қарнымен жата кетті де, қалықтаған қырғидай болып созыла қалды. Біздің сондағы шошыған сиқымызды көрсеңіз...
Кенет, — біз тіпті байқап та үлгірмедік, — ол ең үстіңгі жетінші орындықтың арқалығын екі қолымен тіреп, сымдай тартыла қойды. Табаны төбеге тие жаздап, тепе-теңдік қалпын сақтап тербеліп тұр. Түтіні будақтаған сигареті — аузында!
Бізге өнер көрсетушінің шетелдік мас жігіт емес, әйгілі акробат екенін, бізді алдап соққанын сол сәтте бір-ақ білдік...
Құрметті мырза, кең де келісті кабинетіңізде, жайлы, ыңғайлы креслоңызда отырған сіздің берекеңіз кеткен, зәреңіз ұшқан кейпіңізді көргенде менің есіме, міне, осы оқиға түсті... Ол акробат, орындықтан жасаған жеті қабат мұнарасының үстінде отырса да, құлаймын-ау деп неге сескенбеді, ал сіз кресломнан құлап кетем бе деп неге шошисыз? «Ол акробат қой», — дейсіз, ә? Ал сізге жеті метрлік биікке шық деп отырған ешкім жоқ қой! Сізге креслоңызда жайланып дұрыс отырсаңыз дегенді ғана айтады.
Акробаттардың құлаймын-ау деп қорықпайтын себебі: олар тиісті тірек нүктелерді тауып, тепе-теңдікті сақтай алады. Ал сіздің өзіңіздің де, креслоңыздың да тепе-теңдіктеріңіз жоғалған.
Тәңір тілеуіңізді берсін, мырза, астыңғы жағыңызға қараңызшы! Көрдіңіз бе?... Енді сіз құлайсыз, міндетті түрде құлайсыз! Бөксеңіз қаншама жалпиып жатса да, ол сізге тірек те, тепе-теңдік те бола алмайды, андағыдай берік те бей-берекет креслода бейқам отыра беруіңізге оның септігі тимейді.
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ