- 30 сәу. 2020 00:00
- 213
Қиындыққа сабырсыздық таныту-одан да асқан қиындық
Баяғыда елге сыйлы, білікті қарт ұстаз ғұмыр кешіпті. Ерекше ілтипатқа бөленген тәлімгерге бар аймақтың тұрғындары келіп, ақыл сұрап, кеңестерін тыңдап, рухани ләззат алып қайтады екен. Бір күні қарт ұстаз дорбасын асынып, ауыл-аймақты шарлап, ақыл-кеңес беруге жиналыпты. Өмірлік сабақ беруді мақсат тұтқан тәлімгер- шәкірттерін де жанына алып, біраз сынап көруді жөн деп тауыпты. Шәкірттері де ұстазының ұсынысына дән риза еді.
Осылай жеті күн де өте шығады. Жол бойы тарыны ғана талғажау еткен шәкірттері арып-ашып, көңілдері құлазып келе жатады. Ал, ғұлама бәрін байқап, ілім-ғылымға баулуды жалғастырып, көңілін аудармай жүріп келеді. Арада сүт пісірімдей уақыт өткен соң ғұламаның шыдамсыздау шәкірті сөз бастайды:
— Ұстаз, біз шаршадық. Адамдарға ақыл-кеңес бергіңіз келеді екен. Бірақ, оған біздің не қатысымыз бар? Осы жерде сүйегім қалсын демесеңіз, бір жұтым су беріңізші,-депті.
Ғұлама шәкіртіне көз тастап, әңгімесін қайта жалғапты. Бір сәтте әлгі шәкірт:
— Ұстаз, менің шыдамым таусылды,-деп әлгі шәкірті жерге отыра кетті. Ғұламаның басқа шәкірттері жолдастарының бұл қылығына аң-таң болып, ашыққанын да ұмытып, сабырға шақыра бастады. Қарт ұстаз ұзақ ойланып, шәкіртіне түбі тесік шөлмек ұсынып:
— Мынаны ал да, бізге бұлақтан су әкілеп бер,-дейді. Шәкірті ашуға мініп:
— Сіз мені мазақ қылып тұрсыз ба?! Әлде бұл қылжақ па? Мен қалай түбі тесік шөлмекпен су әкелмекпін?!
— Міне, көрдің бе, әр істің байыбына бара алмайтын адамдардың шыдамсыздығы неге әкеліп соғарын?! Ол да осы түбі тесік шөлмек секілді, айтқан ақылыңды құлағына іліп жатпайды. Ешкімге де, ештеңеге де пайдасы жоқ. Сабырсыздық-күллі дүниенің дұшпаны,-деп сөзін түйіндепті.
Аружан Самидин