tengrinews.kz
- 05 мам. 2026 13:30
- 24
Роман Скляр Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Роман Скляр Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Бұған дейінгі қызметінен босатылды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Роман Скляр кім?
Роман Васильевич Скляр Павлодар мемлекеттік университетін «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша, Мәскеу заманауи бизнес институтын «экономист» мамандығы бойынша және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы «Екібастұзкөміравтоматика» тресінде слесарь-монтажшы болып бастаған. 1990-2002 жылдары аралығында Павлодар қаласындағы әртүрлі компанияларда жұмыс істеді. 2002 жылы Қаржы министрлігінің Павлодар облысы бойынша өндіріске жатпайтын борышкерлермен жұмыс комитеті басқармасының бөлім бастығы болды. 2003-2006 жылдары Павлодар қаласы мен облысы әкімдіктерінде әртүрлі лауазымдарды атқарды.
2006 жылы Астана қаласы әкімдігінде қызмет ете бастады. 2008 жылы Павлодар облысы әкімінің орынбасары болды. 2011 жылы Көлік және коммуникациялар вице-министрі қызметіне тағайындалды. 2014 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті лауазымын иеленді.
2016 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланып, онда Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетін басқарды.
2016 жылдың мамыр айынан бастап – Ұлттық экономика вице-министрі. 2019 жылдың ақпан-қыркүйек айларында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін атқарды.
Бұрынғы қызметтері
2019 жылдың 18 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Роман Скляр Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. 2022 жылғы 11 қаңтарда Үкімет басшысының бірінші орынбасары болды.
Бұл лауазымда Роман Скляр экономиканы жедел басқару, көлік инфрақұрылымы және логистика, құрылыс, электр энергетикасы, ядролық энергетика, жаңартылатын энергия көздері, көмір және атом өнеркәсібі мәселелерін үйлестірді.
Сондай-ақ, ол өнеркәсіп, инновация, геология, жер қойнауын пайдалану және экспорттық бақылау, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі мәселелеріне жауапты болды. Оның ішінде, ол мақсатты жұмыстарды ұйымдастыру, жылыту маусымдарын дайындау және өткізу, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарды дамыту, мұнай-газ секторы және мұнай химиясы, байланыс, ғарыш қызметі және «Байқоңыр» кешені, қорғаныс өнеркәсібі мәселелерін қадағалады.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Айбек Дәдебаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатты.