Рухани жаңғыру жолындағы педагогтардың атқарар рөлі
Қазақстан атты азат еліміздің тәуелсіздігіне биыл 30 жыл. Осы ордалы отыз жыл ішінде еліміз көптеген қиыншылықтар мен сәтті кезеңдерді бастан кешірді. Бұл отыз жылдық тәжірибе бізге жігерлі, шыдамды, бастысы білімді болуды үйретті. Еліміз жылдан-жылға дамып, аласармас шыңдарды бағындырып келеді. Біздің еліміздің осындай белестерді бағындыруы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» атты стратегияларының арқасында. «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру мақстында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы жарияланды. Бұл мақала ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін батыл шешімдерге құрылған құжат. Мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмысымыздан айрылмай, керісінше оны әлемдік құндылықтармен үлестіріп, қазақ халқының саяси-әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатында көтерілген өзекті мәселелерді қамтыған.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп қазақ халқы байырғы заманнан бекер айтпаса керек. Елбасымыз «Тілдердің үштұғырлығы» бағдарламасын өскелең жас ұрпақты білімді, еңбекқор, болашағы жарқын мемлекетті дамытуда өз үлесін қосатын, елін сүйетін патриот азаматтар тәрбиелеп шығару мақсатында ұсынды.
Қазақстанның болашағы – бүгінгі өскелең жас ұрпақ. Ал ол ұрпақты тәрбиелейтін, білім нәрімен сусындатып, дамуына үлес қосатын ардақты ұстаз. Мен ұстаз ретінде оқушыларға ең алдымен рухани білім – адамгершілікке, одан кейін сапалы білім беруге ұмтыламын. Әлихан Бөкейханов айтқандай «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», мінезді, адамгершілігі мол ұрпақ Қазақстанның болашағы. Ұстаздар қауымына қазіргі таңда заманауи технологияларды қолданып, түрлі әдіс-тәсілдерді жетік меңгеріп, оқушыларды олимпиада және жобаларға дайындап, жан-жақты ақпарат пен сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған.
Рухани жаңғыру жолындағы ұстаздың атқарар рөлі орасан зор. Оқушылардың сана сезмін жаңғырту, бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу, ұлттық сана сезімнің жетілуіне үлес қоса алатын, салт-дәстүрін дәріптейтін, ұлтжанды, патриот тәрбиелеу ұстаздың ең басты міндеттері. Осы құндылықтарды әр жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы еліміз болашақта дамыған 30 елдің қатарына кірері сөзсіз. «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсу үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» - деп Шоқан Уалиханов айтқандай, XXI ғасырда азаттық пен білім әрқашанда бірінші орында. Білім – ол жабық есікті ашатын кілт, ал білімді болуға септігін тигізетін, жастарды дамытатын – рухани жаңғыру.
Бүгінгі қоғамдағы ұстаздың рөлі – шәкіртіне ғылым негіздерін ғана үйретіп қоймай, дүниежүзілік білім, ақпарат, саясат кеңістігіне шығуға, бәсеке жағдайында өз ұстанымдарынан айнымай өмір сүруге тәрбиелеу керек. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» дейді. Білім алуға құштар жанды шабыттандыру нағыз, ұлы ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Ол шәкіртінің жүрегіне жол тауып, пәніне қызықтырарлық жол іздеп, өзінің білімін үнемі жетілдіріп, жаңа технологияларды пайдаланады. Себебі оқушыдан терең білім мен еңбекқорлықты талап ету үшін, ұстаздың өзі сол қасиеттерді иемденіп, үлгі бола білу керек.
Мұғалім бүгінгі қоғамда қозғалтқыш күш рөлін атқарады. Себебі, жас ұрпақтың тәрбиесіне, жаңа озық технологиялардың дамуына, ел саясатына, қоғамның дамып қалыптасуына мұғалімдер елеулі үлес қосуда. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды ұмытпай, жас ұрпақтың бойына игі қасиеттерді сіңіру-бүгінгі ұстаздың басты борышы. Ең бастысы ұстаз адами қасиеті мол, ұрпағының болашағына жол ашатын, шуағы мол шапағат иесі.
Жаңа ғасыр мұғалімінің бойында мынандай қасиеттер болуы керек: сергектік, байқағыштық, әділдік, ұстамдылық, байсалдылық, сабырлық, төзімділік. Ұстаз әрбір оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, адал жүрегін ашып ұсынса, өз ісін жан тәнімен беріліп атқарса, нағыз ұстаз болмақ.
Қорыта келгенде, мұғалімнің басты қызметі жаңа қоғамға сай білімді, тәрбиелі, көкірегі ояу, әрқашан еліне қызмет ететін патриот азаматты қалыптастыру. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламасы мемлекетіміздің көркейіп, дамуына көп пайдасын тигізетіні сөзсіз және игі өзгерістердің себепкері атану үшін педагог ретінде аянбай еңбек ету міндетіміз.