Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қайғылы әңгіме

— Ғани!

Естіген жоқ. Қалың ойға шомып отыр. Екі ара — тізілген үстел, қаптаған орындық, толған кісі. Біреу-міреуді қақпай-соқпай өкпе тұстан аман-есен өте шығарына күмәні бар. Қапылыста, ыдыс-аяқты іліп әкетіп, дастарқанды аударып-төңкеріп кете ме деп қорқады. Шақыртқаны жөн.

— Ғани!

— Түртіп жіберейін бе?

— Иә.

Түртіп жіберді. Даяшылар зыр қағады. Қатар-қатар тұра қалған бөгеттерді бұза-жарып, жазғы терраса ішін шыр көбелек айналады. Біреуі аспалы себет сыртына төгіліп жатқан қызылды-жасылды гүлдерге құмырадан су құйып жүр. Шашқан дым — ылғал айдап — шашырап жетеді. Тұман бүркіп, төңірегін былғайды. Ыстық жалын басылар емес, самал лебіне ілесіп жан-жақтан құлайды. Кафені тоңазытып тұрған — тұма, бастау. Төменде — сопақ тастарды аралай ағып сылдырап бұлақ жатыр. Түбінен мөлдір су ағысына қарсы жүзген балық көрінеді.

Ол басын көтерді. Жан-жағына қарады. Көзі түсті, анық көрді, бірақ, жыға танымады. Кенет қадала қарап тұрып шырамытты да, орнынан көтерілді, қападар жүзі күліп қоя берді.

— Ғанипаш!

Жүзі сынық.

— Бері жүр.

Үстелді айналып келе жатқан Ғанипаға төте жолды нұсқап жіберді. Қыз — қуанышты, көрмегелі көп айдың жүзі болды. Тосын кездесті, кездейсоқ, рақат.

— Қайдан жүрсің, — деп күле сөйледі құрбысы.

— Күнде отыратын орным.

— Күнде?

— Иә, не болды?

— Біз түстікті осында ішеміз.

— Қалай байқамағанмын.

— Әрине, кафеге асығып келеміз, жылдам асты тез ішеміз, сосын, алды-артымызға қарамай кері қайтамыз, жөнеп.

— Тізе бүк.

— Иә.

— Дамылда.

Ол тізе бүкті.

— Қазір, — шағын сөмкесін ашып, айнасын шығарды, бет-жүзін тәртіпке келтіре бастады.

Түрі жүдеу, солыңқы. Әзер сөйлеп отырған кісі тәрізді. Бір сәт қайғыдан хабар беріп, екеуара үнсіздік орнады. Ғанипа ыңғайсызданып отыр. Біреудің жалғыздығын бұзып...

Кафе алдында бір-біріне қарама-қарсы ағызып келе жатқан қос автомобиль тап табалдырық тұсында, есік түбінде бір-бірімен қатты соғылысып қалды. Шулаған жұрт, жылдамдығын тежеген машиналар түскі астың берекесін кетірді.

— Басқа жаққа барайық.

— Жақсы.

Екеуі тысқа шықты.

— Білесің бе, — деді ол үнсіздікке қайта беріліп, сосын, уақыт өткізіп

барып, алысқа қарап тұрып жай ғана күбір етті, — кеше қайтыс болды.

— Қайтыс болды ма ақыры?

— Қайтыс болды.

— Бұл не, сонда?

— Білмеймін. Кетіп жатыр, кетіп жатыр.

— Тоқтайтын күні бар ма?

— Менен сұрайсың ба?

— Иә.

— Қайдан білейін.

— Әлде, жалпы адамзаттық жаза ма бұл, мүмкін, ескерту шығар.

— Бар ма өзі?

— Бар.

— Бар болса, неге араласпайды?

— Өзімізден емес, өзгеден көреміз, ниетіміз жаман.

— Пейіліміз ақ болса да, пейіш қолымызда емес.

— Рас.

Жүрістері — баяу, жүздері — қапалы. Күн қыздырған асфальт жолдың бетіне құм үйіріліп қалыпты. Құмырсқалар көп-ақ, ары-бері жөңкіліп, жұмыс істеп жатыр, мәңгі үдеріс, бізден бұрын да еңбектенген бұл жұрт, кейін де — қыбырлап жатататын ел.

Екеуі де ой үстінде. Ерболат жоқ, деп ойлады Ғани, Ерболат жоқ. Үйлер тұр, көшелер жатыр, жолдар бар. Ерболат жоқ. Өнер дегеніміз өмірге деген эстетикалық көзқарас, деп еді соңғы рет жүздескенде.

Кешір, мен өлімді түсінбеймін, қалай ол, қалай, қайда кетіп қалды. Кеше ғана сөйлестік, он күн бұрын, пәтерінде болдық, дауысы емен-жарқын, есімде, құлағымда әлі жаңғырып тұр:

— Жанымдағы екі адамның диалезге келіп жүргеніне бірнеше жылдан

асыпты, жалпы, күтінсе, көп өмір сүруге болады екен.

Дәл осылай айтты. Тембр голоса известен, тональность исключает фальш, слова, как сейчас, аккуратны, точны и живы. Бәрі жадында.

— Не дедің, Ғани?

— Білмеймін.

Ол қолындағы қағазды бүктеп-бүктеп қоқыс сауытқа лақтыра салды. Ғанипа қамырығып қарады. Дағдарып қалды, ақырын сөйлеп жұбатып тұр.

— Жылама, Ғани, енді ештеңе өзгермейді, жылама, Ғани.

Тағы қағаз алып шықты. Қызық, өз айтқанына өзі сенеді. Ғаламтордың болжамы жақсы емес, ұзаққа бармайды, бірақ, сөйлеген кезінде — жігерлі, өзіңді де қайрап жібереді, амал жоқ, сенесің, қолдайсың, тілейсің.

Күн ыстық. Есінде тағы бір сақталып қалғаны — жоспар құрып жатқаны. Жастарға арнап театр мектебін құру мәселесі, қаражат та, қолдау да табылған. Өзі дәріс оқиды, сосын, бізді — шақырды.

— Конрад Экхофф, Франческо Риккобони еңбектерін аударуымыз қажет,

әлі көресіңдер, Станиславский жүйесін талқандаймыз, әшкерелейміз, негізгі постулаттарын Аристотельдің “Поэтикасынан” ұрлаған, қайшылықты тұлға.

— Ғаламторда еш дерек жоқ.

— Кім жайлы?

— Экхофф пен Риккобони жайлы.

— Ресейліктер қарсы, баспайды, айтқызбайды, көрсетпейді.

— Өз құндылықтарын асқан бір сақтықпен қорғайды екен.

Ол да есінде.

— Әлмираға эстетикалық категориялар, құндылықтар мен үлгі, өнердің әлеуметтік қызметі, түсінік пен сөздік, шығарманы бағалаудың шарттары деген тақырыптар кетеді, саған — театр философиясы.

Ұмытқан жоқ, арнайы екі мақала жазды, театр дегеніміз не, философия ше, сөйтіп, арада он күн өтті. Кеше ғана көріскендей еді. Білмейді, не болғанын білмейді. Қаралы хабар жетті. Енді Ерболат жоқ.

— Жалпылама шатқан-бұтқан керек емес, тақырып нақты болуы тиіс.

— Иә.

— Мазмұн мен форма, ойдан шығарылған жайт пен тарихи дерек.

— Қашанға дейін дайындауымыз қажет?

— Тамыздың соңына дейін.

Қазір жаздың ортасы. Қызық, қуаныш, рақат көп уақыт. Тамыздың соңы емес, шілденің ақырғы күндері дүниеден өтті. Межемізге де, мұратымызға да жеткен жоқпыз, деп күрсінді Ғани — қапа жайлаған күйден құтыла алмай-ақ қойды. Қараса, Ғанипа да мұңлы.

— Мен түскі асқа бармаймын, — деді ол, — тәбетім жоқ.

— Жарайды.

Ғани үнсіз тұр. Сосын:

— Ғанипаш, өмірге сенбе, — деді, — өлімді, бәрібір, түсінбейсің.

— Неге?

— Екеуі де алдымызға мұрат қойып, алдағысы, адастырғысы келеді.

— Рас шығар.

— Рас. Әр нәрсенің өз уақыты бар, үлгере алмай қалсаң, кейін қанша өзгертемін десең де, өзгерте алмайсың, адамның бұ дүниеде өзінен артық, өзінен басқа миссиясы жоқ.

31.07.2021


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама