- 24 ақп. 2017 00:00
- 237
Сағадиев 30 млрд қаржы жұмсалған атышулы E-learning жүйесі тағдырын айтып берді
Ендігі уақытта сандық білім беру ресурстарын әзірлеуге мемлекет қаржысы жұмсалмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ерлан Сағадиев мәлім етті.
«Атышулы E-learning тағдыры жайында айта кету маңызды болып тұр. Өйткені, бұл әңгімелерді тиятын уақыт жетті. Шынымен де 30 млрд теңге жұмсалды. Біз барлығын сараптадық. Оның ішінде құрал-жабдықтарға 27 млрд теңге жұмсалды. Олар: серверлер, интератикті тақталар, компьютерлер, байланыс, мектептердегі интернет және лицензияланған бағдарламалар. Бүгінгі күні мұның барлығы жұмыс істеп тұр, ескіріп те бара жатыр. Біз олардың техникалық тұрғыда ескіретіндігін білеміз, бірақ жұмыс істеп тұр», - деді Ерлан Сағадиев.
Оның айтуынша, 2 млрд теңге Ұлттық мәліметтердің білім беру базасы мен Оқытуды басқару жүйесіне жұмсалған. Ал қалған 1 млрд теңге сандық білім беру ресустарына, видео дәрістер мен интерактивті сабақтарға кеткен.
Сонымен қатар министр алдағы уақытта сандық білім беру ресурстарын әзірлеуге мемлекет қаржысын жұмсаудың еш реті жоқ екендігін баса айтты. «Нарықта барлық елдердің сандық білім беру ресурастары өте көп. Олар салып отырады. Біз нарықты сараптап, компания таптық. 2014 жылдан бастап бұл ресурстарды мыңнан астам мектеп, оның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері де пайдалануда. Назарбаев зияткерлік мектебінде 50 мың интерактивті сабақ бар. Сондықтан жоғары сапалы сандық білім беру ресурстарына барлық баланың, әсіресе ауыл мектептерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету барынша маңызды деп санаймыз», - деді Ерлан Сағадиев.