Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сәмеке хан мен Cамархан хан

Ерте, ерте заманда дін, мұсылман аманда бәйбішесі ертерек өлген, өзінің де жәй-шамасы өлерменге келген бір шал болыпты. Шалда азғантай ғана қой, ешкі малы болыпты. Ол малды үш баласы  жаяды екен. Соның өзіңде ол малды үшеуінің кішісі жаяды екен. Үлкен екеуі еріншек, жаны аяулы екен.

         Байқұс шал ауырып қалады. Ауырған соң өлетін уақыты жеткенін біліп, үш баласын шақырып алады.

         Сонда шал бүй дейді:

         — Қарақтарым, мынау дүниені түп-түгелімен бір құдай ғана билейді. Ол сенің өз бұйрығынан қашқаныңды сүймейді. Ол ешкімге басын имейді. Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа күймейді. Мен де жартысын кештім мынау жалғанның. Бірақ біреудің бір сабақ жібін алмадым. Нашардың көз жасына қалмадым. Басқаның байлығына көзімді салмадым. Алдарыңда жүр жиып-терген бар малым. Бүкіл ғұмыр, табан ет, маңдай терімді өздеріңе арнадым. Көптен озбасаңдар да көштен қалмай ел қатарына жеткізу еді арманым. Бірақ менің ажалым жетті, жазмыштан озмыш жоқ, жеткізейін деп едім, бірақ сол күнге сендерді толық жеткізе алмадым. Дегенмен бір құдайдан үміт үзе алмадым. Құдай тағала кеше маған  түсімде аян берген еді: «Сен бұл пәниден кетесің. Ұшпаққа жетесің. Балаларыңды уайымдап не етерсің. Ендігі ауыртпалықты олар өз арқаларына көтерсін. Олардың мен берейін керегін. Егер сенің өсиетіңді орындаса ғана беремін. Сен оларға былай деп айтып аманат ет: «Мен өлген соң, сендер терең қазып көмген соң, үшеуің бейітімнің басына келіп күзетіңдер» деген еді аянында» – дейді.

         Сонымен шал үш баласына: «Әкелерің өледі. Үш ұлым мені көмеді. Ал көмген соң қабірімнің басына келіп үшеуің үш күн түнеңдер, сонда құдай сендерге тілегендеріңді береді» деп өсиет айтады. Балалары ол ақылға көнеді. Әкелерін арулап, терең қазып көмеді. Бірақ көмерін көмсе де, «енді бәрі де бітті» дегендей үш ұлдың ересек екеуі екі жаққа жүре берді.

         — Әй ағалар, тоқтаңдар. Бізге әкеміз соңғы өсиетінде не деп еді? – дейді үш ұлдың кішісі, екі ағасына қарап, — Әкеміз үшеуімізге басыма үш түн келіп күзетіп, түнеңдер дегені қайда? Біз оны күзетсек өлген әкеге сауап, өзімізге де пайда! –дейді. Сонда ең үлкен ағасы:

         — Әкеміз солай айтқаны рас. Күзетіп түнесек қай-қайсымызға жақсы болар еді, бірақ мен бейіт басына түнеуден қорқамын. Сен екеуіміз бірге отырып күзетіп түнесек қайтер еді? – дейді.

         — Жоқ, әкеміз үшеуің жалғыз-жалғаздан түнеңдер деді емес пе. Олай болса мен күзетіп шығайын, – дейді. Сонымен кеш батады, ымырт жабылады. Айналаны қою қараңғылық басады. Жым-жырт түнек түн. Маңайда тырс еткен дыбыс жоқ. Бала түнгі салқында жаурап қалтыраса да білгенінше дұға оқып, әкесіне иман тілеп көрер таңды көзбен атырады. Атқан таңның шапағымен ілесіп, алты қат көктен нұр шашып келіп, баланың қарсы алдына ер-әбзелі жарасқан бір күрең арғымақ келіп түседі. Бала «Бұл қалай болды?» деп таңданып тұрып қалады. Сонда күрең арғымаққа тіл бітіп:

         «Бала, менің қайдан келгенімді сұрама. Кейін білерсің. Менің саған көмегім тиеді. Құйрығымнан бір тал қылшық үзіп ал. Жаның қысылғанда осы қылды тұтат. Сонда саған мен жетіп келемін»­­- дейді де ғайып болады. Бала бір тал қылшықты үзіп алып, қойнына тығады да асықпай аяңдап ауылға тартады.

         Бала күні бойы азғана малын жаяды. Екі ағасын жұмсауға аяды. Сөйтіп жүргенде күн батып, кеш болып, түн болуға таяды. Екінші ағасына келді:

– Аға, бүгінгі күзет сенің кезегің, әкеміз айтқан өсиет қайда баяғы? Бірақ ағасы аяғы ауырып тұрғанын сылтауратқан екен:

– Менің бейіт басына жетер түрім жоқ. Сенен жасыратын сырым жоқ. Онсыз да жасы келіп, қазасы жетіп өлген шалдың мүрдесін біреу келіп ұрлап алып кетер деймісің. Аяғым тәуірленсе ертең барып күзетейін, - дейді ағасы.

– Ой ол қайдан болады? Қатарынан үш күн келіп күзетіңдер дегені қәне? Көз іліп, кірпік ілмей отырасыңдар деді ғой және. Сіз бара алмасаңыз мен-ақ барып күзетіп шығайын. Бірер күн ұйқыға шыдармын. Ұйқы дегеннің өзі жартылай өлім емес пе ? – дейді. Осыны айтып, малын қоралап тастайды да бала тағы да бейіт жақты бетке алды.

Бала бұл түнді де дұға оқумен ұйқысыз өткізді. «Кеше таңсәріде ғайыптан күрең ат келіп кеткен еді. Бүгін де келер ме екен? Қайтер екен?» – деп елеңдеумен күтті. «Ай деген ат аунағанша, жыл дегенің жылқы аунағанша, күн дегенің күлкі ашқанша, түн дегенің түлкі қашқанша» емес пе,  ақыры қысқа түн де шолтаң етіп, таң қылаң береді. «Әлдене ғайыптан түсер ме екен?» – деген үмітпен аспанға қарап еді, ағат ойламаған екен, алтын сәуле шашып келіп, ер-тұрманы жарасқан қара арғымақ алдына келіп тұра қалады. Қара арғымақ ауыздығын қарш-қарш шайнап тұрып, сөзге келеді: «Бала, менің қайдан келгенімді сұрама. Кейін білерсің. Менің келгенім туралы да тіс жарып ешкімге айтпа. Құйрығымнан бір тал қылшықты үзіп алып қал. Жаның қысылса тұтат, келермін!» дейді де ғайып болады. Бала бір тал қара қылды қойнына салды да ауылына тартады. Таңғы оразасын ашқан соң аз малын алдына салып өріске беттейді. Малын жая жүріп ән айтып, сыбызғы тартады. Сыбызғының сиқырлы үнімен неше алуан қиялға батады. «Бүгін түн менің өз кезегім еді, не болар екен? Келешекте менің алдымнан нендей тағдыр күтіп тұр екен? Күрең арғымақ пен қара арғымақ маған қандай жағдай тап болғанда жетіп келіп көмек берер екен?» деп қиялдап ойы онға, санасы санғабөлінеді. Жарық дүниенің бір күні өтіп, әне-міне дегенше кеш те батады. Кенже ұл кешкі асқа қатық айранды қанағат етіп, малын қоралаған соң екі ағасын жылы қымтап жатқызып салып, баяғы киелі қабірдің басына келеді.

Әлқисса, сонда жәннаттан сөйлегендей санқ етіп бір үн құлағына жеткен екен: «Қарашығым, тағы да сен келдің бе? Аруағым разы саған. Алла қаласа мұратыңа жетерсің. Алайда мұратқа жету оңай болмайды. Қажыма да асықпа, аяғыңды аңдап бассаң жетерсің арманыңа. Алдыңнан оңғарсын» – дейді, әкесінің дауысы екен, жазбай таниды.. Бала ауыр ойда қалады. Осы үшінші таңды атырсам арман-мұратыма жете салам-ау деп ойлайды. Алайда онысы құр далбаса екен. Өмір деген қысқа болса да ұзақ әрі ауыр жол болады ғой. Енді алдымнан не кезігер екен, қиындық ұшырасса қалай жеңер екем? Қалай дегенмен де тәуекел, сабыр етіп тырысып көрейін деп, әкесіне бағыштап әлсін-әлсін дұға оқып, Жаратқан иесіне жалбарынады. Жалбарынып отырып, таңның қалай атқанын, алтын ер-әбзелді ақбоз арғымақ қайдан, қалай келіп оқыранып тұра қалғанын да білмей қалды. Ақбоз арғымаққа тіл бітіп бүй дейді сонда:

— Бала, ата аманатына адал, аға-бауырыңа жаны ашитын ақеділ жаң екенсің. Ақкөңілдің аты арып, тоны тозбайды деген. Мен саған дос, серік болайын. Жәрдемдесейін. Құйрығымнан бір тал қыл үзіп алып қал. Бірақ мен жөнінде тірі жанға тіс жарып тіл қатпа! –деп жүріп кетіп, көзден ілезде ғайып болады. Бір тал ақ қылшықты қойнына салып бала ауылына келеді. Таңғы шайын ішіп, малын айдап, өріске шығады.

Бала әнін салып, күйін тартып өрісте жүргенде, ат өксітіп біреулер жетті қасына. Ханның шабармандары екен:

— Сәмеке ханнан жүрміз. Сәмеке ханның бой жетіп, толған айдай толықсып отырған қызы бар еді. Соны ұзатамыз деп жатыр. Ал ол қыздың кімді қалайтыны, кімге тұрмысқа шығатыны қыздың өз ырқына берілген. Қыздың қалауына келсек, ол өзінің қолындағы гауһар жүзікті астындағы атымен ырғып келіп үш қабат үйдің үстінен кім іліп әкетсе соған тиемін деп отыр. Соған бола сауын айтып, жар шашып жүрміз, – десті.

— Алайда сен өзің жаяу-жалпы қой жайып табаныңнан таусылып жүрген жаман баласың. Ол жүзікті үш қабат сарайдың үстінен іліп алатын арғымақ түгіл ыңыршағың жоқ қалай бәсекеге түсесің. Әйтеу ханышаның өзі осы елдегі бір де бір адамды қалдырмай жар шашып хабарлаңдар деген соң біздікі әншейін «жарлық қатты, жан тәтті», міндетімізді орындап жүрген ғой, – десті де баланы көзге ілместен желе-жортып жүре берді.

Бала ойлады: «Маған медет боламыз десіп уәде берген үш бірдей арғымақ бар еді ғой. Солардың бірін астыма мініп, тік секіріп ханшайымның қолынан гауһар жүзікті іліп алуға болатын-ақ шығар. Бірақ менің өзім жас болсам, әмбе жалаңаяқ жетім бала болсам ханның қызы мені менсініп оп-оңай тие қояр ма?» деп екі ойлы болып, көп алаңдап, көп толғанды. «Әйел затының айласы қырық есекке жүк болады» дейтін бұрыңғылар. Талай әуре-сарсаңға салар» – деп қобалжыды. Дегенмен, ақтық өсиетінде әкесінің «Қарашығым, қажыма, қайыспа да асықпа, аңдап басып алға ұмтыла бер» дегені қамшы болды. Ер ісі – тәуекел. Алдымнан не күтсе де көрейін, бір құдайға тәуекел деп сайысқа түсуге бел буды. Сонымен бала Сәмеке ханның сарайының жанына жаяу аяңдап жалғыз келді. Келсе қызық думан осында екен. Жиналған қаранөпір халықтан жер қайысады. Сайысқа түсіп жатқан сайлауыт жігіттер одан да көп. Бәрінің дәмесі ханның сұлу қызын алып мұратына жету. Сол үшін жанын қиюға бар. Оқтаудай жараған аттар аузынан ақ көбік шашып, оқыранып, кісінеп ойнақ салады. Өңшең жылбурынды, жырынды, шабандоз жігіттер аттарын ырғытып-шоршытып, бірінен соң бірі кетіп жатыр-ау, кетіп жатыр. Өкініштісі үш қабат үйдің үстіндегі тұрған ханышаның қолындағы жүзік тұрмақ көлеңкесіне де жетер түрі жоқ, секіртіп барып ағып өтіп, біреуі ат бойы ғана қарғытып тағы біреулері омақаса құлап түсіп жатыр. Жаяу-жалпы баланы көрген жұрт:

— Мына бала да сайысқа түсе ме? Жаяу секіргелі тұр ма, тайынша бұқадай ғана түріне қараса ше! – деп қарқ-қарқ күлді. Бала ол сөздерге қорланған жоқ:

— Иә, құдай қаласа мен де бағымды сынайын деп келдім, – деді де жұрт көзінен оңаша бір жерге барып қойнындағы үш қылшықтың біреуін қолына алып, шақпағын шағып тұтатып еді, аспанда танадай бұлт пайда болып, көзін ашып-жұмғанша ат бола кетті. Бұл күрең арғымақ екен.

Бала күреңнің үстіне қонып қамшыны басты. Бала зәулім сарайдың қақ тұсына келіп,  тізгінді тартып қалып еді күрең тік секірді. Бірақ күрең арғымақтың қарымы қысқа екен. Дегенмен үш қабат сарайдың бір қабатынан асып барып, жерге ырғып түсті.

— Әке-ау, мына жаман баланы қарап қой. Мынаның мінгені тегін ат емес екен. Жүзікке жетпесе де өзгелердің бәрінен асып түсті ғой, – десті. Бұл кезде күн ұясына батып бара жатқан еді. Бүгінгі сайыс осымен бітті. Дәмегөйлер ұйқысыз, күлкісіз ертеңді күтті.

 

Ертеңгі сайыс таңмен таласа тағы да басталды. Үміткерлер толастар емес. Тіпті басқа ел, басқа хандықтардан да ханның қызы аузының суын құрытқан азаматтар не секілді саңлақтары мен сәйгүліктерін сайлап келіп жатыр, жан-жақтан құйылып жатыр. Бала асыққан жоқ, сайысшылардың ап-сабы басылып қалған уақытта кешегіше екінші қыл құйрықтың бір талын тұтатып еді, қасына қара арғымақ келіп арқасын төседі. Бала арғымаққа лып етіп мінді. Арғымақ құйындата шауып екпіндеп келіп көкке шапшығанда қарап тұрған қалың жұрт қайран қалып ауыздары аңқиып қалды.

— Ойпырым-ау бұл қайдан келген керемет, тіпті сарайдың екі қабатынан асып түсті-ау! – деп таң-тамаша болды.

— Амал не, үшінші қабаттың үстіне жете алмады. Мұның шамасы осымен бітті, – деп өкініш білдірді.

Ал бала өкінген жоқ, ішті кеңге салды. Өйткені оның үлкен үміті үкі-тұмар тағылған алтын ерлі ақбоз арғымақ еді. Ертеңіндегі бәсекеде апыр-топыр бәсеңдеп неше сан азаматтың алауы қайтып, аһ ұрған сәтте ақырғы кезекке ақбоз арғымақты, қарға алып қашқандай жаман бала келіп тұра қалды.

— Ойбай-ау мынауың кім өзі? Бармақтай басымен мұның да ойы бар ма хан қызынан? Әй мына түрімен дәмесі зор-ау шіркіннің. Бұған түсіп қалып па, – деді біреуі.

— Әй, асылық айтпа, қой асығын қорлама, қолыңа жақса сақа тұт деген қайда. Құдай қолдайын десе құстай ұшырады, қара да тұр! – деді қудай әппақ сақалы белуарына түскен бір қария. Осы шалдың аузы дуалы екен, айтқаны жаз баспай дөп келді. Ақбоз арғымақ ақиық қырандай көкке шапшып, биікке көтеріле берді. Баланың қолы қыздың қолындағы гауһар жүзікке іліне кетті. Ал ханның қызы қаршадай баланы алпамсадай азамат деп ойласа керек, қолын ұсына берді де оның томардай ғана топанын көзімен бір шолып өтіп, кейін шегіне берді. Бала шегінгеніне қараған жоқ, гауһар жүзікті оның қолынан сып еткізіп сыпырып алып кетті. Ақбоз ат асықпай жерге қонып, жолжорғалатып сытыла берді. Құрттай құжынаған халық бір сәт естен танғандай тұрып қалды да:

— Жарайды, қаншама уақыттан бергі әурешілік бітті. Сәмеке ханның қызы ақбоз атты баланыкі болды. «Жүгірген алмайды, бұйырған қалмайды» деген осы, – десіп жан-жаққа тарқай бастады.

Алайда іс мұнымен аяқталмаған екен. Баланы қыз қомсыныпты. Жарлығын жариялауға ұмсына берген ханның алдына ханышайым жүгіре жетіп:

  • Дат тақсыр, хан әке! – деді.
  • Айт датың болса, қызым – деді Сәмеке хан қабағын түйіп.

—Айтайын хан әке, маған бір сәт мұрсат беріңіз. Бұл бала жүлдені жеңіп алды. Алса да астына мінген атының шапшаңдығымен алды. Енді өзінің шалымдылығын сынап барып бұған тиейін. Күйеу жігіттің ол өнерін сынаса Самархан хан ғана сынай алады. Сол ханға жіберіңіз. Тілдесіп келсін, – деді.

Қызының соңғы тілегінен Сәмеке хан бас тартқан жоқ:

— Самархан хан ақыл-айлалы хан деп еді, соған барып сынатып келсін. Сонан соң да отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, жалғыз қызымды ұзатамын, – деп жар шашты.

Қыздың бұл айласы өзінің қалауына жақпаған баладан біржолата құтылу еді. Өйткені Самархан хан сиқыр оқуын оқыған, алдына келген жанды аямайтын қатыгез хан еді. Ол «тарғыл мысық!» деп айтса бітті сөзін тыңдап отырған адам, ол сөзін айтар-айтпаста қашып құтылмаса мысыққа айналып, мияулап адам алдында кіріптар болып қала беретін. Сәмеке ханның жарлығын алғаннан соң бала үш арғымағын жарысқа салып, ең алдымен келген күрең арғымағына ерттеп аттанды да айшылық алыс жолды алты мезетпен апшытып, Самархан ханға барып жолықты. Самархан ханға таяп келе жатқанда күрең арғымаққа тіл бітіп: «Сен аса сақ бол, Самархан хан әңгіме айтады.  Әңгімесіне ұйып отырып, қапы қалма. «Тарғыл мысық» дей бергенінде мен бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалайын, үстіме шыға қал!» дейді.

Сонымен Самархан ханға келді. Хан күрең арғымақты көзі шалысымен секем алды да «бәлем сені ме!» дегендейін тура әңгімесіне көшті:

«Менің ұшқан құстың қанатын тістейтін, соққан жел жетпейтін үш арғымағым бар еді. Таңертең тұрып қарасам кезек-кезек үшеуінің біреуі терлеп қалады. Бұған кім мініп жүр екен деп ойлана-толғана жүріп, байыбына бармаған соң бір күні жасауыл, қарауылдарымды сарайға шақырып алып солардан сұрасам біреуі тіл қатпайды. Біріне-бірі қарайды. Айтуға батпай тұр-ау деймін. Ақыры олар айтпаған соң сендер айтпадыңдар, олай болса түгел бастарыңды шабамын деп қылышымды қынабынан суырып алғанымда біреуі алдыма келіп екбетінен жығыла кетіп:

— Тақсыр-ай бізге айтпаңдар, айтсаңдар жазалаймын деп еді. Айтпасыма амалым жоқ. Арғымақтарды сіздің тоқалыңыз түнде мінеді де қайда баратыны белгісіз зым-зия жоқ болып кетіп, таң әлетінде әкеліп атқораға қояды – деді. Сонымен өзімнің еңжақсы көретін тоқалымның менен жасырын ісі бар екен-ау. Бірақ құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шындық. Өзгенің аузымен обалды қылмайын деп бұл істің бетін жылы жауып қойдым да қатынымды өзім бақылауға алдым. Сөйтсем қойнымда жатқан тоқалым мені ыстық құшағына алып балқытып тәтті ұйқыға жібереді екен де өзі көрпенің астынан сусып шығып тура аттарға жетеді екен. Сол құпиясын білдім де бір түні ұйықтаған болып жатып, оның соңынан сытылып мен де шығып, ол ақ арғымақпен сыпырта жөнелгенде мен қара арғымақпен артынан ұтылай қудым.

Қатыным құйын да құйын зулатып аққан күйінде айдаладағы бір ақбоз үйге барып түсіп, асығыс-үсігіс атын белдеуге байлай салып, алды-артына қарамастан үйге кіріп кетті. Мен де жеттім. Аттан түсе салып, мұнда не жағдай бар екен деп жабықтан ақырын сығалап едім, ол үйде бір жігіт бар екен. Әне-міне дегенше жігіт те, менің тоқал қатыным да торғай бола кетті де үйдің ішінде қанаттарымен қағысып ойнай бастады. Осы көрініске көзім жеткенмен кейін мен кері бұрылып, қара арғымағыма қондым да зулатып отырып сарайыма келіп жатып қалдым.

Төсегімде көзімді жұмып ұйықтаған болып, бұл енді не істер екен? Мұның нендей гәбі бар, жын-шайтан ба, пері ме, әлде сиқыр оқуын оқыған сайқал болғаны ма деп ойланып ояу жатыр едім, қатыным еппен басып келіп қойныма кірді. Аптығы басылмаған-ау деймін, қаншық итше қыңсылап, ыстық демін шашып, бауырыма тығыла түсті. Мен сонда ғана оянып кеткен болып, оның бетіне жиіркене қарап, «сен?!» дей бергенімде ойымды сезе қойды: «Мысық бол!» деп көрпені сілкіп тастап атып түрегелді. Мен қас қағымда мысық болдым да қалдым. Қайтерімді білмей мияулап, от басында қалған-құтқанды теріп жеп қор болдым да қалдым. Менің уәзірлерім, нөкерлерім мен күтушілерімнің бір де бірі көзіне ілер емес, қастарына таяй берсем «кет әрі тексіз!» деп лақтырып қалады керек болса.

Ал анау иен түздегі ақбоз үйдегі жігіт сарайға келіп алып тоқалыммен құшақтасып, сүйісіп ойларына не келсе соны істеп еркінсіп алды. Мені қуып шығарып жіберсе де қалай да бір тесік тауып қарғып түсіп кіріп аламын, қаны қайнаған қатынымды қалай қызғанамын. Менің осы қылығыма төзбеді ме, тоқалым бір күні мені жон терімнен қапсыра ұстап алды да «ақ төс қара төбет бол!» деп есіктен шығарып сыртқа лақтырып қалды. Ақ төс қара төбет болдым да қалдым. Ит қорлықты көріп енді бұлардың қорасын қорып бергенше «жақсы ит жемтігін көрсетпейді» қаңғыпкетіп өлейін деп жолға шықтым. Неше күн, неше түн аш, тышқан, шегіртке аулап жеп тілім салақтап айдалада безіп келе жатқанымда алдымнан бір үш үйлі қойлы ауыл кезікті. Біреуі үлкен үй, екеуі отауы екен. Мен сол үлкен үйдің іргесіне келіп жата кетіп едім, үй иесі ақсақал шал мені көріп: «Бізде ит жоқ еді, ит-жеті әулиенің бірі деуші еді, мына әулиенің тұқымын бізге қалай берді екен, көрім, қораға айбар болсын!» деп қуанып қалды. Үш үйдің қалған-құтқанын мен жеймін, тыңайып алдым. Бірақ қанша аш бола тұра бастабында бәйбіше маған сорпа-суанды итаяққа құйып бергенде ішпеп едім, ыдысқа құйып берген соң ішіп алдым. «Мынау таза ит екен ғой»– деп атымды Құтжол деп шақыратын болды. Бірде қораға ұялас үш-төрт қасқыр келіп кірді. Ең жоян көкжалының алқымынан шап беріп алып ұрыпедім, өзгесі зытып берді. Астымда қалған көкжалдың бауыздауын дал қылған соң ішін ақтарып тастап таң атқанша қасқайып отырдым. Таңертең шал келіп жонымнан сипап, алдыма еті кесілмеген майлы жілік тастады. Және бір күні шалға біреулер келіп: «Аузыңызда дұға-кәламыңыз бар еді, келініміз толғатып қиналып тұр, көмектесіңізші!» деп қолқа салып алып жүрді. Иеме мен де ере кеттім. Әйелі толғатқан үйге шал мені ерте кірді. Қарап едім әйелдің қақ төбесінің тұсында бір қара албасты отыр екен. Ол адамдардың көзіне көрінбейтін секілді, арс етіп албастыға ұмтылғанымда ол зәре-құты ұшып, шаңырақтан шыға қашты. Толғатқан әйел «Үһ» деп, бала шыр етіп, жерге түсті. Үй иесі қорадан бір семіз қой әкеліп, маған жарып берді. Семіз етке тойған соң әлгі нәрестені және екі күн күзеттім. Күзетіп отыр едім, екінші түні түндіктің тесігінен субүркіт келіп кірді. Бала көлкілдеп балық болды. Субүркіт оны келіп іле жөнелмек болып еді, арс етіп бүркітке ауыз салдым. Ол жұлқынып құтылып кетті. Аузымда бірнеше қауырсыны қалды.

Біз ауылға қайтып келсек шалдың бірсыпыра малын қасқыр қырып кетіпті. Малсыз қалған үш үй үщ жаққа көшті. Мен шалдың көшіне ілестім. Осыдан былай шал қайда барса сонда барып қасынан қарыс елі қалмайтын болдым. Бірде алыстағы ауылға бардық. Онда еңгезердей бір ақсақал шал бар екен, сол мені көре салып: «Япырым-ау сенің мына ертіп жүрген итің Самархан хан ғой» деді де бір дұға оқыды.

Әне, сонда мен ит кейпімнен өзгеріп өзімніңСамархан қалпыма келдім. Ақсақал менен уақиғаның қалай, қалай болғанын сұрап білді. Басымнан кешкендердің бір де бірін қалдырмай баяндап беріп едім: «Сенің ол қатының жынданайын деген екен. Оған сиқыр оқуын оқытқан мен едім. Үйренген өнер-білімін теріс қолданғанын қарап қой. Мен тарттырайын оның сазайын!» деп мені алып қалып үш ай оқытты. Ол маған сиқырлық, көзбайлау дегеннің үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін сан алуан түрін ұқтырды. Сөйтіп қарт ұстазға алғысымды жаудыртып, сарайыма қайта айналып келсем хан сарай харам сарайға айналып, бейтаныс жігіт пен тоқалым көңіл баяғыдай еркінсіп, емексіп ойына келгенін істеп жатыр. Сол жерде кеудемді ыза кернегені сонша, «Тарғыл! ...»

Самархан ханның әңгімесі осы араға жеткенде бала да қырағы, сұңғыла екен. Ханның соңғы сөзін шала естісімен сарайдан ырғып шығып, жанұшыра күрең арғымаққа құстай ұшты. Бұл сәтті ханның тоқалы да күтіп тұрған сақ екен. Күрең арғымаққа ол да жүгірген еді, үлгірмей, тарғыл мысық болып мияулап қала берді.

Бала күрең арғымаққа жете бергенде сарайдың келесі қақпасынан жүгіріп келіп, ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қыз артына мінгескен еді. Ол келе жатып: «Мен Самархан ханның бәйбішесінен туған қызы едім. Саған өлердей ғашықпын», – деді. Бала бұл қызды қалдырып кетсем бе деп ойлады да «Жоқ, өзің сүйгенді алғанша, өзіңді сүйгенді ал деген қайда, ала жүрейін» деп оны мәпелеп алдына отырғызып алды. Бұлар кешікпей Сәмеке ханның ордасына келіп жетті. Келген соң Самархан ханға барып, әңгімесін тыңдағанын баяндап, оған кезіккеннің дәлелі ретінде Самарханның қызын куәға тартты. Қыз өзінің айғағы ретінде «Самархан қызы Гүлжауһар» деген жазуы бар меруерт көзді мөр жүзігін көрсетті.

Сәмеке хан уәдесін бұза алмады. Қызын ұзататын жарлық шығарып, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, баяғы үш қабат үйдің үстінен жүзігін алдыртқан қызын ұзатты. Бірақ бала жігіт алыстан алып келгенөз қалыңдығы бар, оны не қылады. Сәмеке ханның қызын өзінің үлкен ағасына қосты. Қыз жолдасы ретінде Сәмеке ханның қызына ере келген және бір сұлуды екінші ағасына қосып беріп ағайынды үшеуінің тойын қат-қабат істеді.

 

  1. (Бұл ертегіні әкем Сәтібас ұлы Рахмет /1902-1992/ 77 жасында 1979 жылы 14 – қарашада немересіне айтып отырғанда сырттай тыңдап, қағаз бетіне түсірген едім. Ұлы әкем шежіреші болған. Әкем ауыз әдебиетінен хабардар әңгімешіл еді. «Ұлы әкең бала кезімде жылқы қарап жүріп, біздің ауылға келгенде шалдар жеті күн жібермей шежіре айтқызған еді» – деп Байтаза ұлы Құрметбек марқұм айтқан. 1994 жылы ұлы әкемнің нағашысы Бурылтоғайдағы Уақ рулы Сатыбалды Таңқан ұлы ақсақалмен әңгімелескенімде: «Әкең 1932 жылы біздің ауылға келіп қой отарлатып, бір қыс ертегі айтып берген еді» деген) Рахмет ұлы Шынай 2013.V.8

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама