Photo: Ayazhan (https://www.pexels.com/@ayazhan-3173683) / Pexels
- 25 сәу. 2026 01:00
- 34
"Сан соқтырып жүргендер аз емес": Наркенже Серікбаева өмірдегі қиындықтарын жасырмады
Әнші Наркенже Серікбаева әлеуметтік желідегі парақшасында өмір жолы мен өнердегі талай қиындықты бастан кешкенін жасырмай айтып, тыңдармандарымен жүрекжарды ой бөлісті. Өнер иесінің бұл жазбасы көпшіліктің қызу талқылауына айналды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ашық мінездің артындағы жандар
Көпбалалы отбасында өскен әнші, өзінің мінезі мен бауырмалдығын ата-анасының тәрбиесімен байланыстырды. Ол адамдарға деген сенімін өмірлік ұстаным етіп алғанын айтады.
«Әкем мен анамның кенжесі, 11 перзентті көп балалы отбасының еркесі болдым. Көпшілмін. Көпшіліктің арасында да еркелеп кететін бәрін үйдегідей көретінім бар. Адамдарды жатырқамай-ақ көңіл қалпыммен қабылдаймын. Өзгені өзімдей көріп, қолымдағы барыммен бөлісіп жүргенім – анамның тәрбиесі», - дейді Наркенже Серікбаева.
Өнер – өмірлік жол
Әнші өнерге деген махаббаты ешқашан сөнбейтінін атап өтті. Ол өзінің ақ көңілділігін кейбір адамдар аңқаулыққа балап, алдап кеткен кездері де болғанын мойындады.
«Сырт көзге көкіректеу көрінгеніммен, іштей өте ақ көңіл, жұмсақ адаммын негізі. Кейде еркелігімді көтере алмайтын адамдары да кездестірем. Ақ көңілдігімді аңқаулық деп санап, сан соқтырып жүргендер аз емес. Өмір болған соң бәрін көреді екенсің. Менде дос санаулы ғана. Сатқындықты да көрдім. Бетке айтатын мінезіммен адамдарға кейде жақпай қаламын. Сырттан сөйлегеннен гөрі бетке айтып та жүре берген жақсы…», - деп толғанады әнші.
Наркенже Серікбаева өнерді өмірлік серігі санап, тыңдармандарына деген ризашылығын білдірді. «Өмірге өнермен келдім, сол өнер деп өтем. Ән – менің өмірім. Ән – ғұмыр, ән – сапар, елдің ықыласы мәңгілік болғай! Жақсы адамдарым, тыңдармандарым, тілеулестерім сіздер аман болыңыздар!» - деп сөзін қорытындылады.
Желі қолданушылары әншінің ашықтығы мен шынайылығын жоғары бағалап, оған қолдау білдірді. Көпшілік оны жүрегі таза, қайсар әрі үлгі боларлық тұлға ретінде сипаттауда.