Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сақтар өнері

Б.з.д. 1 мыңжылдықтан Қазақстан территориясын мекендеген көшпелі тайпалар «сақ» этнонимі арқылы белгілі. Жазба деректер олардың қазіргі Қазақстан территориясының барлық аудандарын қоныстануы және олардың үш топқа бөлінгендігі туралы хабарлайды: сақтар-тиграхаудтар (шошақ бөріктілер), сақтар -хаомаваргалар (хаома сусын дайындайтындар), сақтар-парадайлар (теңіздің арғы бетіндегілер). Сонымен қатар, оңтүстікте — масагеттер мен даилер, солтүстікте — аргипелер, шығыста — аримаспылар, орталық аудандарда — исседондар, батыста — савроматтар, оңтүстік батыста — каслылар өмір сүрді. Бұл тайпалардың барлығы жақын этникалық мәдени бірлестік құрап, сақ тайпаларының одағының құрамына кірді. Тарих атасы — Геродот сақтарды «азиаттық скифтер», парсылар «құдіретті еркектер», Иран жазбалары «жүйрік атты турлар» деп атаған.

Темірдің шығуы және шаруашылықтың прогрессивті түріне көшуі сақтардың мәдениетінің дамуына әсерін тигізді. Олардың көшіп-қону тұрмысы, басқа мәдениеттермен ара-қатынасы барлық көшпелі тайпаларға ортақ ерекше мәдениеттің пайда болуына әкелді. Жазба және археологиялық сақтардың материалдық мәдениетінің кейбір элементтерін қайта құруға мүмкіндік туғызады. Олар киіз үйде (4-6 доңғалақта арбаларға орнатылған киіз үйлер) және тұрақты тұрғын үйлерде (самаң кірпіштен және бөренеден) тұрды. Бастарына төбесі шошақ бөрік, үстеріне құрама белбеуден болған мата көйлектер аяқтарына тар енсіз шалбар мен саптама етік киді. Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімі ежелгі сақтардың шеберлігінің жоғарғы дәрежеде дамығандығын көрсетеді. «Есік» көсемі сән-салтанатты киіммен жерленген. Оның үстіне кигені жұқа жібек көйлек, қысқа камзол қызыл күдеріден тігілген шалбар, өкшесі жоқ ұзын қонышты етік. Камзолына фантастикалық бұғы мен бұлан басы тәрізді әшекей тігілген Көсемнің басына кигені үш шабаталы шошақ бөрік (Персополь сатысындағы рельефте сақтардың ақсүйектері — «шошақ бөрікті сақтар» дәл осындай бас киіммен бейнеленген). Ескерткіштің бүлінбей сақталғандығы көсемнің киімдері мен жасау-жабдығын бастапқа қалпынан айнытпай қайта жаңғыртуға мүмкіндік туғызды. Сақ қоғамында діни нанымдары мен ғұрыптарының негізгі бағыты ата-баба аруағына сыйыну болды. Арнайы рулық зираттары болған оған өлген адаммен қоса оның дүние мүлкін бірге жерлеген. Рулық зираттар қыстаулық жерге жеткізіледі. Өлікті сақтау үшін, әсіресе жаз күндері сақтар бальзамдау мен мумиялауды қолдана білген. Археологиялық материалдар, ежелгі грек-рим және көне деректемелер сақтарда күнге, отқа табыну болғанын дәлелдейді. Сақ заманында түр жағынан барынша өзгерген және өңделген күйде болса да, анимизм, тотемизм және магия сынды алғашқы діни ұғымдар сақталған. Сақ өнерінің басты компоненті «аң стилі» деп аталған өзінше бір үлгідегі бейнелеу пішіні болды. Бұндай пішіндер б.з.д. VII-VI ғасырларда Орта Азия, Қазақстан Сібір және Шығыс Еуропаның оңтүстігі тайпаларының арасында кеңінен таралған. Осыған байланысты, қозғалыста бейнеленген Есік жерінен табылған сақ ақинақ — қанжары «аң стилінде» шебер жасалған. Сақтардың қолданбалы сәндік өнеріндегі маңызды элемент ою-өрнек болып табылып және ол «аң стилі» өнерімен өзара тығыз байланысты дамиды. Сонымен қатар, ою-өрнек өнерінің ескерткіштері тері, киіз, ағаш, жүн материалдарынан жасалады және бүгінгі күнге дейін сақталған жәдігерлерді кездестіруге болады.

Антропологтардың айтуынша, сақтардың кескін-кейпі еуропалық нәсілдік болған Қазақстан территориясына моңғол тектес тайпалардың сіңісуіне байланысты кейбір морфология-лық өзгерістердің болғанын аңғаруға болады. Сақтар Шығыс пен Иран тілдерінде және диалектілерінде сөйлеген. Кейбір тарихшылар оларды түркітілдес тайпаларға жатқызады. Сақ мәдениеті жоғары дәрежеде дамығандығын табылған жазба ескерткіштері де дәлелдейді. Бірақ бұл жазба ескерткіштердің әлі де болса ғалымдарға беймәлім жақтары көп. Сонымен, 1-мыңжылдықтың ортасында Қазақстанның кең-байтақ даласына, әлеуметтік-экономикалық қатынастардың дамуына және шаруашылықтың прогрессивті түріне көшуіне байланысты алғашқы қауымдық тайпаларының орнына, темір дәуіріндегі сақ қоғамы әлеуметтік экономикалық және мәдени дамуының ең жоғары сатысына көтерілді. Осының арқасында олар сол уақыттардағы дүниежүзілік оқиғаларға қатынасты және дүниежүзілік мәдениет тарихына айтарлықтай із қалдырды. Б.з.д. III — б.з.IV ғасырларда Қазақстан территориясында көшпелі және жартылай көшпелі тайпаларының әуелгі таптық мемлекеттері пайда болды. Өндірістік қатынастардың дамуына байланысты сақ қоғамының орнына ірі әрі тұракты әуелгі таптық бірлестіктер құрылды. Жетісуда — үйсін Сырдарияның орта бойында — қаңлы, Орталық және Батыс Қазақстанда – ғұн мемлекеттері пайда болды. Бұлар көршілес Азия елдерінің экономикалық өмірлеріне елеулі әсерін тигізді.

Қазақстан территориясында сақ кезеңінің қоныстарында тас, саз балшық, ағаш материалдарынан дынг, үйтас, шошала типті үйлер салады. Қоныстардың шеңбер, сопақша, шаршы түріндегі түрлі жобалары болған. Қақпалары оңтүстікке немесе оңтүстік-шығысқа қаратылады. Бұндай қалашықтардың үлгісі Орталық Қазақстан аймағындағы Келес, Арыс өзендері бойында орналасқан Жар төбе, Қара төбе (Келес өзені), Жауын төбе, Майбалық, Қосқоңыр (Арыс өзені) қоныстары болып табылады. Сақ қоныстарын бірнеше түрге бөледі. Ең ірі тұрақтар: Шелек, Түрген, Есік, Талғар, Сырдария, Талас, Шу өзендерінің бойындағы қоныстар және Селеті өзенінің бойындағы Ақтау күшейтілген қоныстары. Сол сияқты, тайпалардың бірлігі күшейген кезеңде пайда болған, түрлі кеңестер өткізіліп, көршілес мемлекеттердің елшілерін қабылдайтын Битень, Ұлытау, Чигу қалалары басты роль атқарды, Ежелгі грек тарихшылары оңтүстіктегі құрылыс мәдениетін Сырдария өзенінің бойында қонысталған сақ тайпалары мәдениетіне жатқызып, олардың ханшайымы Заринаны -қала тұрғызушысы деп атайды. Бұған мысал ретінде жиырма ескерткіштік кешеннен тұратын біріккен сақ тайпаларының бас ордасы болып табылатын ірі Жеті Асар қонысы болып табылады. Жеті-Асар мәдениетінің ірі қалашықтарының бірі Алтын Асарда қолбасшы бекінісі орналасқан. Бекініс қабырғалары көгілдір түспен көркемделіп, өрнектелген аркалармен безендіріледі. Қалашық құрылысында «Үлкен үй» және «Кіші үй» тұрғын үй кешендері айқындалады,

Сол сияқты, скиф-сақ мәдениетінде монументалды мүсін өнері ерекше орын алады. Тас мүсіндер скиф-сақ мәдениеті тарихының өн бойында, яғни барлық кезеңдерінде кездеседі. Сонымен бірге, скиф өнерінде антропоморфтық нақыштардың жоғалып кеткен кездерінде де өзінің өміршеңдігін дәлелдейді. Бұның өзі бұл дәуірдің тас мүсіндерінің әлемді модельдеу әдісімен оның өзіндік ерекше сипатына арқау болады. Археология ілімінде қабылданған жалпы пікір бойынша тас мүсін пішіндері менгирлер мен антропоморфтық стелалардан бастау алып, бас бейнесіне көбірек көңіл бөлінетін жартылай тұлғалық статуяларға ауысады. Скиф-сақ өнеріндегі тас мүсіндердің кейбір семантикалық анықтауларымен зерттеу-шілердің пікірлері сәйкес келмейді.

1)  Қайтыс болған патшаның бейнесі (тас мүсіндердің скиф-сақ мифологиясындағы патшалардың шынайы киімдері мен жауынгерлік киімдерінің белгілеріне сәйкес келуі).

2) Тайпа қолбасшылары («ескерткіштік», мемориалдық түсініктеме).

3) Құдай санатындағы кейіпкер образы, скифтердің мифтік ата-бабалары (кейбір тас мүсіндердегі фаллос бейнесін айқындау).

Зерттеушілердің басым көпшілігі осы кезеңдегі мүсіндердің монументалды біртұтастығын алға тарта отырып, мифтік кейіпкер образы түсініктемесін жақтайды. Тас мүсіндердің көркемдік әдісі екі түрлі қызмет атқарады: антропоморфтық (адам тұлғасын бейнелеу), космогониялық (адам денесін үш бөлікке бөлу): бас, дене, аяқ бөліктері, әлем құрылымы: аспан жер, жер асты (тозақ).

Соңғы айтылған қызмет түрі «анатомиялық», немесе «тулғалық» құралдармен айқындалған кеңістіктік, ғарыштық модельді анықтайды (әлемді адамның ғарыштық денесі ретінде тану). Скиф-сақ өнеріндегі тас бағандардың бұндай антропоморфтану әдісі, олардың өміршеңдігін түсіндіреді.

Скиф, сақ, юечжи, сармат, үйсің ғұн тайпалары ерте кезеңдегі көшпелілер тайпалары. Бұл дәуірдің ең басты олжасы б.з.д. 1-м.ж. басында темірдің пайда болуы. Темір өндіріс сипатына әсер етіп, тас пен қола материалдарын алмастырады. Сақ этномәдениетінің ортақ ескерткіштеріне Орталық Қазақстандағы қорғандар тасмола мәдениеті, Жетісу жеріндегі Есік, Бесшатыр қорғандары, Шығыс Қазақстандағы Шілікті қорғандары, Оңтүстік Қазақстандағы Үйқарақ, Тағыскен қорғандарын жатқызады. Қазақстан территориясындағы сақ тайпалары андроновтардың тікелей генетикалық және мәдени мұрагерлері   ретінде   қабылданады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама