Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Сары ала жапырақтар

Жүзі — жарқын, жаны —Күн,
Сөзі — майда, алды — жай,
Әрі қызық, әрі мұң,
Қыз баланың тағдыры-ай!

Фариза Оңғарсынова

Жанатқа апасы бүгін төртінші сыныптың оқулығын әкеліп берді. Бояудың, қағаздың иісі аңқыған су жаңа оқулықтың иісінен артық не бар екен? Сырты қандай жып-жылтыр еді десеңізші?! Ішіндегі түрлі түсті суреттерін айтсаңызшы? Жанат оңаша отырып алып, оқулықтарын әлі тамашалауда. Әрқайсысын қолына кезек-кезек алып, ерекше мұқияттылықпен парақтап, шұқшия қараудан жалығар емес. Жанаттың апасының қалаға барған сайын қызына кітап ала келуі — кәнігі әдеті. Өзінің айтысына қарағанда, кітап дүкеніне бас сұқпай, қасынан өтіп кете алмайды екен. Жанат мектепке бармай тұрып-ақ небір әдемі суретті кітапшалар әкеп берген-ді. Оның ішінде қорқынышты ертегілері, алыс-алыс шаһарларға сапар шеккен саяхатшылар туралысы, аң-құстардың құпия ғажайыптары жайлы жазылғандары қаншама?! Көбісі қалың. Мұны оқуға саған әлі ерте, өскенде оқисың дейді апасы. Жанаттың тезірек өскісі келеді. Босағаға күнде бір өлшенін қояды. Жазғы демалысқа шыққаннан бері сәл өскені көрініп тұр. Жылдамырақ өссе ғой, қалың-қалың кітаптарды оқуға апасы сонда рұқсат етер еді-ау. Ұзақ дастан, жырларды апасы екеуі бірігіп оқиды. Шындығын айтқанда, апасы мәнерлеп оқиды, бұл тыңдайды. Апасы жырды даусын созып, әндетіп, ырғағына келтіре мақамдап оқығанда Жанат көзін жұмып алып, тыңдай беретін, тыңдай беретін...

О, өткен қыста батырлар жырын түгелге жуық оқып тастады. Осыны ойлағанда Жанаттың бойын жағымды әсер билеп, бір сәт қыстың ұзақ кештерін сағына қалғандай. Қысқы ұзақ кештерде, сыртта шатырды солқылдатып, алай-түлей боран соққан түндерде жылы пештің түбінде отырып ертегі, дастан тыңдағанға не жетсін?! Былтырғы қыс ерекше өтті...

Қыс түсе шағын ауылда соғым сойылып, әр үйде сосын соғым басына, сыбағаға шақырыс басталады. Осы үрдістен қалмай, бір кеште ауылдың кемпір-шалдарын шекеге бұлар да шақырған-ды. Ет желініп, шай ішіліп болғанмен де әңгіменің желісін үзгісі келмей, тарамай отырған жұрттың көзі бір бұрышта отырған мұның қолындағы дәп-дәу кітапқа түсті. Кітаптың суретін қараған болып, үлкендердің әңгімесін тыңдау — Жанаттың жақсы көретін әдеті. Дастанды қолына алып аударыстырып қарап шыққан ауылдағы ең сыйлы қарт:

Япыр-ай, бір кезде осы қиссалар жоғалып кетіп еді. Қайта шыға бастаған екен-ау, ә, — деп, әңгіме арнасын басқа жаққа бұрды. Үнінде әлденеге өкіну, әлденені аңсау бардай. — Бала кезде көп естіген, жанға жақын жырлар еді. Қайталап оқыр ма еді шіркінді, бірақ көз жарамайды-ау, — деп бір қойды. Кітапты аударыстырып әлі отыр.

Ибай-ау, қартайғанда китап екеуміздің не теңіміз, ойбай?! — деп бір жапырақ қара кемпір оны, тек отырмай, сөзбен шымшып алды. Оған қарттың қабағы кәдімгідей кіртие қалғаны көрініп тұр.

Қарағым, Қиуа, сен мұғалімнің үйіндегі келінсің ғой, мынаны дауыстап оқышы. Өмірі дастан естіп көрмеген мына Қайша кемпірдің құлағының құрышы бір қансын. «Китап сен екеуміздің не теңіміз?» деп отыр ғой. Көрейін әуселесін.

Қиуа тәтейдің ақ сары жүзіне сәл қызғылт рең жүгіріп, қалың «Батырлар жырын» қолына алып, қайсысын оқиын дегендей аударыстырып біраз отырды да, шетінен бастап кетті. Сәлден кейін-ақ шоқырақтап, тақпақтап, тыныстамайтын жерде тыныстап, төгілген жыр ырғағының желісін бұзып, мәнісін кетіріп, берекесі қашты.

Осыны бірден байқаған әлгі қарт:

Балам, мына оқуың келіспе-е-е-ді, — деді даусын созып. Бұдан әрі шыдамады білем, Жанаттың апасы:

Әкелші бермен, немене қайнағаларыңнан ұялып, оқи алмай отырсың ба? — деп, құрдасының мінін қалжыңмен жуып-шайып жіберді бір жағы. Кітап қолына тиісімен Қиуа тәтей келген жерден ары қарай судыратып, іліп ала жөнелді. Төгілген жырдың әдемі ырғағы үйді жайлап, ызың еткен басқа дыбыс білінбейді. Ұйыған тыныштықта құйқылжыған жыр-дастан сорғалай құйылып жатыр. Жанат керегеге сүйеніп, көзін жұмып басқа әлемде отырғандай еді сонда. Көз алдында әдемі көш суреттері. Оның осылай жыр аяқталғанша тапжылмастан отырғаны есінде.

Түн ортасы ауа дастан аяқталғанда барып «уһ» деп демдерін бір-ақ алғандай болды тыңдаушы топ. Жанат та шырт ұйқыдан оянғандай көзін ашып алған. Бағанағы шүйкедей кемпір көзін жаулығының ұшымен сүрткілей береді, сірә, жылап отырса керек.

Небір батырлар мен сұлулар өткен ғой бұл дүниеден, — дейді, ұзақ үнсіздіктен кейін, жырдың тәтті әсерінен айыға алмай отырған жұрт бір ауыздан.

Ау, ағайындар, ертең біздің үйде болыңдар баршаларың. Маржан келін, қарағым, сен де кел. Мына жыр кітабыңды ала кел, ұмытып кетпе, — деген бағанағы қарт қайта-қайта тапсыра.

Бәрі осы шақырыстан басталған еді. Жанат апасы екеуі осы кештен бастап, шекеге шақырушылардан қалмайтын әдет тапты. Ауылдың кілең ақсақал, қарасақал қарияларының ішінде Жанаттың апасы жүретін. Сөйтіп жүріп абысындары арасында жыршы келін атанды. «Қайтарда иттен қорқамын», — деп, Жанатты өзімен бірге ертіп алатын. Шағын ауылда күнде қыдырыс. Отырыс соңынан күнде бір дастан оқылады... Қыс қызығы жалғаса берді...

...Жанат «Ана тілі» оқулығын аударыстырып отырған. Кенет ішінен саудыраған бірнеше қызғылт, сары ала жапырақтар алдына сусып түсті. «Бұл жапырақтар қайдан жүр?» — деп Жанат аң-таң. Ешкім ұстамаған жап-жаңа оқулықтың арасында жүрген неғылған жапырақтар?! Жапырақ болғанда қандай, үлбіреп сап-сары болып кепкен. Жанаттың демімен діріл қағады. Бетіндегі қызғылт реңді нәзік өрнектерін айтсаңшы! Жанат бұл жаңалығын апасына айтпай тұра алмайды.

Апа, апа! Кітабымның арасынан мынаны тауып алдым.

Нені, ботам?!

Жанат жапырақтарын апасының көзіне тосты. Апасы да таңғалған тұр танытып жатыр:

Ә, мұны саған Алматыдағы осы кітапты шығарған ағайларың мен тәтейлерің салып жіберген ғой.

Бұл кітаптар Алматыдан шыға ма?

Жанат бұған дейін оқулықтарының қайдан шығатынын ойламапты ғой.

Иә! Бұл жапырақтар салынған кітапты алған бала жақсы оқысын деген шығар.

Анасы қандай әңгімені болмасын айналдырып әкеп, мұның жақсы оқуына тірейтін әдетінен жаңылмай, орайлы тұсында тағы айтып қалып жатыр.

— Апа! Мүмкін... — Жанаттың үні біртүрлі толқи шықты. Көңіліндегі үлкен арманы мен үміті ғой мұны айтқызып тұрған. — Мүмкін... Мұны алған бала ақын болсын деген шығар...

Талабыңды Тәңірім қолдасын! Құдай қолдаса, боласың, ботам, боласың! Жырқұмар пейлің мен ынтаң зор, осыған қуанам ғой...

...Ана мен баланың әрқайсысы өз ойымен отыр. Осы әңгімеден кейін Жанат өзінше ұйқас құрауға, өлең жазуға талпына бастады. Көңіл түкпіріндегі армандай құпия сезімінің сыртқа теуіп шығуына себепкер болған сары ала жапырақтарға әлсін-әлсін қарай береді...

...Қияндағы қазақ ауылында тағы бір ақын қыз, күнге ұмсынған гүлдей, болашағына талпынып өсіп келе жатты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама