Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Туған үйдің түтіні

Қазан айы туысымен-ақ біздің шағын ауылға қоңыр күздің толып жатқан қоңырқай тіршілігі де бірге ілесе келетін еді. Ол өзі — қабағы ашылмастан бірде тұнжырай, бірде түнере түсетін күздің аумалы-төкпелі шәлкес мінезіне, басы ақ жауындатып, соңы қарға айналатын жауын-шашынына жетпей, терек басы сарғайғанда-ақ қолға алына бастайтын шаруалар. Соның ішінде, әсіресе үй сылау науқаны есіме түскен шақтарда, осы күнге дейін бойыма әлдеқандай жылылық тарап, кішкене ауылдың мәз-мейрам мамыражай келбетін көз алдыма әкеледі. Енді ойлап отырсам, үй сылау сәті кішігірім думанға бергісіз екен.

Әр адамның өзіне тән осалдығы болады ғой, ондайдан мен де құралақан емес едім. Қайтқан құстың қаңқылын, көк төсінде тізілген тырналар тізбегін көзім шалса, көңілім жабырқап, жүдеп сала берем. Көңілге демеу берер қуаныш пен жақсы тілек атаулысы, алдан күткен іңкәр арман — баршасы жаз қызығымен өте шығысып, құс қанатына ілесіп бірге кеткендей. Кеудем қаңырап, бос қалған сияқтанады. Бүгін де солай, әлде мұң, әлде көңілсіздік билеген қалпым қала ортасындағы демалыс саябағын кесіп өтетін тік көшемен үйге жаяу қайтып келемін. Ойым үзік-үзік, бір-біріне жалғаспайды, жүрісім де сылбыр. Жол шетіндегі орындыққа келіп отырдым. Міне, тағы да бір күз келді. Алабөтен ызғары білінбесе де, сыбдыр қаққан теректен үзіліп, сылаңдай құлап, қалықтап барып, аунап түсіп жатқан алтын бауыр сары ала жапырақтар — соның айғағы.

Балалық шақтағы күзбен келетін қуаныштарды санағандай қазір де ойша саралап отырмын. Ол кезде күздің өз қуанышы болушы еді: бақшадағы қарбыз пісетін мерзімді асыға күтетінбіз, жаңа піскен жас картопты қоламтаға көміп жеуді ұнататынбыз, үй сылау науқаны кезіндегі ырду-дырдуды елегізе тосатынбыз. Енді ойлап қарасам, күз келгендегі көңілімнің алаңдығы сол риясыз қуаныштарды іздегені ме екен? Дәл солай енді қуана алмайтыныма мұңайдым ба, әлде? Әйтеуір, орны толмастай ойсырап жатыр.

Айналама зерлей қараймын. Көзім бақ ішіне қыдыра қарағанмен, көңілімде бала кездегі ауыл күзі...

Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Көкжиегін буалдыр перде жапқан тұңғиық көк күз аспаны. Баяу қоңыр жел еседі. Көкте алтын күн, жерде сары алқап, барлығы астасып, барлық әлем жып-жылы сарғыш сәулеге оранғандай. Дәл осындай мизамшуақ құрғақ күзде үй сылау науқаны басталушы еді, ертеректе ауылда.

Сылаққа жұртпен бірдей біздің үй де дайындалатын-ай кеп. Біздің үй деген — жалпы ұғым ғой, шын мәнінде шешем жарықтық қамданатын. Ауылдың басқа да еркектері сияқты әкемнің жұмысы үнемі сыртта өтетін. Қыстай МТС-та трактор жөндейтін, көктем шыға егіске аттанатын, сонда күзгі сүдігерді жыртып біткенге дейін анда-санда бір келіп, кір-қоңын жуғызып кететінін ескермегенде, қалған уақыттың бәрінде қос басында болатын.

Шешем, ондарға тола қоймаған мен және менен кіші үш баламен үйде отыратын-ды.

Ал, балалар, бұзаудан көз жазып қалмаңдар! Егінге түсіп кетпесін, — деді бірде ертеңгі шайдан кейін шешем.

Қайда барасың, апа? — Уақ балалар шу ете қалды.

Үй сылайтын топырақ қазып келемін, құлындарым. Соңыра таман сусын әкеп берерсің. — Соңғы сөзін маған арнай айтты.

Бұл енді балшықпен арпалысатын, бірнеше күнге созылатын қауырт жұмыстың басталғаны еді. Шешем аздан соң топырақ оятын сүймен мен темір күректі алып, ауыл сыртындағы жарқабаққа қарай аяңдап барады. Басына тартқан ақ орамалы ағараңдай барып, жарқабақ да құлағанша біздер артынан көз алмай қарап тұрдық та, тағы ойнап кеттік.

Сәске түс кезінде бір құмыра ашыған көже алып, мен де апамның соңынан жетуші едім. Сонда ылғал топыраққа кірш-кірш тиген сүйменнің дыбысы алыстан-ақ «апаң мұнда, апаң мұнда» дегендей, біркелкі ырғақпен құлаққа жетіп жататын. Мен дыбыс шығып жатқан жаққа қарай беттеймін. Апам мені бірден байқай қоймайды. Апамның не істесе де беріле, құлай істейтін әдеті бар. Содан ба, қандай істі болсын шапшаң-ақ жапырып тастайтын. Жарқабақпен түсіп, көлеңкеге тізе бүгіп, апамның сыртынан үнсіз қараймын. Сүйменді құлаштай ұрған қимылы осы күнге дейін көз алдымда. Бар ынтасын үшкір темірді дәлдеп әрі алымды соғуға бағыттап алған оның дәл осы түріне қараған адам оны тек топырақ оюға жаралған не үнемі топырақ ойып жаттыққан жан дер еді. Едәуір салмағы бар сом темір апамның қолында жеңілдігі қаңбақтай көрінеді. Екі қолын көтергенде, жайшылықта кеңірек, ұзындау қызыл көйлегі денесімен дене болып жабысып әрі қысқара түседі. Осы тұста шымыр денесі мүсінделіп, ұзын жеңінен жайшылықта көзге шалына бермейтін ақбілегімен тоқ балтыры көзге бір сәт жарқ етеді де, қайта жасырынады. Осы суретті апам келі түйген кездерде де байқаушы едім. Байқайтынмын да, апам үстіне жеңі жоқ, қысқа көйлек, аяғына біз өкше туфли кисе ғой, анадағы концерт қойған тәтейдей болар еді-ау деп ойлайтынмын. Қазір де осылай ойласам да қызыл көйлектің дымданған жауырыны, самайын шылаған тер темір сүйменнің қаңбақтай емес екенін, топырақтың оңайлықпен құлап жатпағанын сездіргендей. Осының бәрі бүгін маған басқаша әсер етті. Шыдай алмай:

Апа, сусын іш, — дедім.

Ол сүйменін жерге қойып, құмыраға үнсіз қол созды. Қолына алған бойда шайқап-шайқап жіберіп, дем алмастан сіміре бастады. Құмыра ортайғанда барып: «Уһ», — деп демін бір-ақ алды. Көлеңкеде тізе бүгіп, шып-шып тершіген бетін орамалының шетімен сүрте отырып, маған ұзақ қарады. Жүзінде қажығандық бар. Жеңіл күрсініп: «Оқуыңды жақсы оқы», —деді сыбырлай. Енді анық көрдім, апамның маңдайындағы, көзінің алдындағы әжімдері көбейіп, бұрынғысынан да тереңдеп кеткен екен. Сай-сай әжімді бойлай аққан тер бірін-бірі қуалай, бірімен-бірі жарыса, біріне-бірі қосылып, алқымына қарай сорғалап жатыр. Ерні кезеріп, көкшілденіп тұр.

Апа, үйге қайтпайсың ба? Қалғанын ертең-ақ оярсың. Әйтпесе, көкем келсе, болысар.

Е, балам-ай... Ол да қайбір қарық болып келер дейсің. Күні бойы далада, аңызық желдің өтінде жүреді. Өзіміз бір күн сыртта жұмыс істегенге шыдай алмай жатырмыз. Күні бойы далада жүру оңай дейсің бе? Үйдегі шаруаны еркекке қаратып қойған ұят емес пе?

Шешелі-балалы екеуміз әрқайсымыз өз ойымызбен біраз үнсіз отырдық.

Апамның не ойлағанын кім білсін, мүмкін күйкі тіршіліктен қажыған соң дүниенің бәрін тәрк етіп, айдалаға безіп кеткісі келді ме екен? Әлде шаршаған жанына сәулелі үміт, демеу берер біздің болашағымыз туралы тәтті қиялға берілді ме? Апам балаларының оңып, бәрінің айтулы адам болғанын армандайтын. «Құдайым, сол күнге жеткіз», — деп отырушы еді.

Ал, мен болсам, дәл сол сәтте апамды титықтатқан осынау ауыр жұмысты оның қолынан алатын кездейсоқ бір жағдайлар тап келсе деп ойладым. Жер астынан ертегідегідей алып дәулер шыға келіп, ә дегенше топырақты қазып тастаса, не колға алсаң болды, топырақ сусып түсе беретін сиқыр күрегім болса ғой деп ойлаймын. Тап сол жерде менде апамды қуантсам дегеннен өзге тілек жоқ еді.

Ал, балақай, сен енді қайта бер. Үйдегі бөпелерің не істеп жатыр екен? Отқа, суға түсіп кетпесін. Мен де тұрайын. Отыра берсем, шаршағаным біліне түсер. Самауыр қоя бергін. Шайың қайнағанша мен де барып қалармын.

Тұра бергенде белінің кілт ете түскенін мен де анық естідім. Ол белін біраз уқалай тұрып:

Әй, бұл қайтеді-ай!? Көптен күрек ұстамағанға қағынып қалғанын қарай гөр. Сені ме, бәлем! — деп басындағы орамалын жұлып алып, белін қатты таңып байлады.

Жарқабаққа көтеріле бергенімде-ақ манағыдай дүңк-дүңк сүймен дыбысы қайта шықты. Бірақ бағанағыдан әлдеқайда бәсеңдеу еді.

...Топырақ ойып болғаннан кейін де апамның қарбалас шаруалары таусылмады. Бір күн ойған топырағын екі күн бойы жеңіл ағаш күрекпен жарқабақтың сыртына лақтырумен болды.

Күн жауып кетпесе жарар еді. Топырақ кеуіп қалмай тұрғанда тасып алсақ екен, —деп уайымдай жүріп, ауылдағы жалғыз қарт — Данияр ақсақалдың ат-арбасын сұрап, сонымен топырақты үйдің іргесіне жеткізіп төкті.

Бұл тек менің шешемнің ғана басындағы бар жағдай еместі. Шағын ауылымызда осындай жаппай қауырт науқан өтіп жатты. Қолғабыс тигізер абысыны, қайнысы, қайын сіңлісі, ержетіп, қолдағы ауыртпалықты алар балалары бар әйелдердің жағдайы бұдан гөрі тәуірлеу болуы мүмкін. Менің алам сияқты жалғыз іліктілердің барлығының қарекеті әлгіндей-тін.

Арада көп уақыт өтпеді білем, күндердің бір күні түстен кейін өзіміздің, көршілердің ересек балаларының қолына бір-бір шелек ұстатып, апам арықтан су тасытты. Үйдің іргесінде төңкеріліп жататын үлкен науаға топырақ езді. Топырақты әбден езіп, бетіне су сеуіп, үстін бастыра жауып тастады.

Апа, үстін неге жабасың?

Түнде кебірсіп қалмасын дегенім ғой. Ертең, құдай бұйыртса, сылақ.

Ертеңгі шайларын ішісімен ауылдың бар әйелдері ешқандай шақырусыз-ақ үздік-создық біздің аулаға жинала беретін. Келген бетте үйге де кірмей, езілген балшықты маңайлайды. Алдымен жеткендердің бірі — апамның құрдасы Мәруа. Келісімен балшықтың бетіндегі жабуды жұлып алып, білегін сыбанып, қолын салып жіберіп, бір уыс балшықты алып, салмақтан көріп, қайта тастады да:

Бұл қатынның езген топырағына дейін өзгеше. Иі қанған, қарашы, жұп-жұмсақ, қолға да жұқпайды, шіркін! Әмбебап қой, әмбебап!

Шәпшаң келін, амансың ба, шырақ?! Бүгін қалаға бармақшы едім, кеше сенің балшық басқаныңды көріп, қашып кеткендей болмайыншы деп... әдейі бармай қалдым. — Бұл — апам «абысын» деп атайтын, Мағрипа деген ер мінезді әйел.

Сырлар көбейсін, келіншектер!

Айтсын-ақ!

Әй, жаман қар, сен-ақ елдің соңында жүреді екенсің.

Балалардың тамағын беріп шыққанымша осы болды.

Өзінен басқада бала жоқтай болуын қарашы!

Басың қазандай болып ұйықтай бергенше, ертерек тұрмайсың ба?

Кеше кешке жаңын жігітің қонаға келе жатқан сияқты еді-ау?..

Бәсе, бәсе, сондай бір пәлең бар ғой!

Келіншек қызарақтап жерге қарады.

Өздерің жас болмағандай, қатындар, мұнша ділмәрсінгендерің не?

Әлі тұғырдан тайып, қартайып тұрғанымыз жоқ.

Артында салмағы жоқ, зілі жоқ қалжыңмен құрбылар жеңіл шарпысып, сақ-сақ күліп, орындарынан тұратын.

Істің басы ілгері болсын! Ал, Шапшаң келін, өз үйің ғой, жеңіл қолыңмен «біссімілда» деп бастап жібер. Жылдам бітсін.

Әр қабырғаға үш-төрт адамнан бөлініп, жас келіншектер басқыш қойып, үйдің жоғары жағын, егде әйелдер төменгі жағын сылай бастайтын. Сылай білмейтіндер, көбіне жаңа түскен келіндер жағы балшық тасып, әперіп тұратын. Сыланған жері кебе бастаса-ақ, сылауы алымды бір-екі келіншек құм езген сұйық балшықпен майлап отыратын.

Ол күні ауылдың бар әйелі бала-шағасымен біздің үйде. Айнала абыр-сабыр, ағыл-тегіл қалжың, әзіл-оспақ, баланың жылаған, күлген дауыстары. Бәрінен апамның қуанышы ерекше. Неше күнгі топырақпен арпалысқан науқанның ең күрделісі де, түйіндісі де, ауыры да осы сылақ. Сол бүгін тәмамдалмақ. Үйдің төрт қабырғасын сылап, майлап алу -топырақ ойғаннан да, тасығаннан да қиын, әрі өңдемейтін шаруа. Сол шаруа көптің қолына тиді, бұйырса, бір-ақ күнде бітіп кетейін деп тұр. Апам риза болғанда айтатын «Елімнен айналдым, жұртымнан айналдым» дейтін сөздерін қазір іштей айтып жүргенін бал-бұл жайнап тұрған жүзінен-ақ аңғарамын.

Біздер, балалар, үйге адам жиналғанына, соның ішінде ауылдың бар баласы келгеніне мәзбіз. Алдын ала апам дүкеннен әкеп қойған тәттіден, жылап шешесіне оралғы болмасын деп, жас балаларға үлестіреміз. Таңдайына тәтті тиген бала әп-сәтте жеп алып, шешесін ұмытып, бізді төңіректей береді. Тәттінің кілті қолында тұрған біздің үйдің балалары олардан жоғары, өктем. Ересектерін арқа тұтып Ерланға әлімжеттік көрсететіндердің өзі бүгін қораның артынан жасқана сығалап:

Кәмпит алып шықшы-ей, — деп жалына қарайды.

Ерлан табиғатынан бауырмал, береген бала, уыстап алып шығып, үлестіріп келіп, кетік тістерін көрсетіп ыржиып тұрар еді. Ауылдың бар баласы біздің үйдің тәттісіне еркінше кіргендеріне, жүдә мәз.

Әй, қатын, өлтірмейін десең, ашыған көжеңнен әкел! Таңдайымыз кеуіп кетті ғой.

Қолдарыңды жуыңдар, сусындап алайық түгел! — Бір-бір тостаған ашыған бидай көжені тамсана отырып ішеді.

Не қосып ашытасың осы, сенің көжеңнің дәмі бөлек?

Айтпаймын, жаман қар. Он жыл қатын болып көже ашыта алмасаң, кімнен көресің? Кейінгі келіндерден ұялсаңшы!

Ағамыз жуас қой. Басқа біреу болса, мұны баяғыда-ақ шығарып жіберер еді.

Ағаңның үй болып отырғаны — кімнің арқасы, а?

Бұл солай шіренеді ғой енді. Ал, тұрайық.

Жартысына келіп қалыппыз-ау!

Жартысына келгенің не?

Ауып кеттік жартысынан.

Келін, сен енді шайыңды қамдай бер. Қалғанымыз да жетерміз.

Қаймаққа иленген бауырсағың сұмдық дәмді болушы еді. Одан да татпағалы көп болды. Ерінбесең, пісіріп жібер.

Қаладағы оқымысты қайныңа сақтаған қыстан қалған сүрің, ұнның ішінде тыққан қазың да бар шығар-ау? Содан кішкене бұрқылдат.

Садаға кет-ау! Қайнымның сыбағасынан! Қайнымның сыбағасын саған асып не көрініпті?! Бұйырса, өзі келгенде дәм татарсың.

Құрдассың ғой, саған дегені бөлек шығар.

Иә-ау, соны айтсаңшы!

Мүттайым екенсіңдер. — Күлген бойы апам ас үйге беттеді.

Көп кешікпей қазандықтан сыздықтап-сыздықтап түтін көтерілді. Қыстыгүні болса, түтін будақ-будақ шығар еді, қазір оты болар-болмас қана жалын атып, шалқып жатыр, көзге де көрінер-көрінбес. Әп-сәтте мұрынға қоңырсыған май иісі келеді. Бауырсақтың иісі. Мұны сезген балалар тіпті де үйден ұзай қоймайтынбыз. Шыдамсыздары ас үйдің есігінен сығалап қарап:

Әлі піскен жоқ екен! — деп, қайтып та келеді.

Апам есік алдына тек тойда ұсталатын үлкен ақ самаурынын шығарып, ағаш салды. Иіс тартып отырған біздерге енді ашқылтым, өзгеше түтін иісі жетті. Бұл да таныс жай. Апам тамызыққа майқарағай қабығын салған ғой. Майқарағай қабығының түтінінде мұрынды қытықтайтын әдемі иіс болушы еді.

Апам бауырсақтың алдыңғы екі-үш қуырымын бір тегенеге үйіп әкеп, барлығымыздың ортамызға қояды. Бауырсақ алдын балаларға үлестіру — апамның әдеті. Бағанадан күтіп отырғанымыз да осы — ыстық бауырсақты уыс-уыстан демде-ақ талап әкеттік. Керегімізді алып болған соң үйге қайтып беттемей, ауыл сыртына қарай ойыстаймыз. Ойнап жүріп, біздің үйді нысанға алып, жалтақ-жалтақ қараймыз. Бірқыдыру уақыттан соң әйелдер бар қабырғаны тегіс сылап болып, қолдарын жуып, үйге кіреді. Сол кезде апыр-топыр шабуылдап, біз де жетеміз.

Сонда әйелдердің бәрі қаймақ қатқан құла шайды сораптай ішіп, ағыл-тегіл терлеп, қызара бөртіп отырар еді. Ортада — буы бұрқыраған палау. Бірақ оған ешқайсысы қасық батырмаған. Шайды сораптауына қарағанда, қатты шөліркеген түрлері бар. Екі-үш шыны құла шайды тартып алып, терлерін сүртіп, бауырсаққа содан кейін үздік-үздік қол созды.

Шағын ауылдың үлкен-кішісі сол күні біздің үйде. Балаларға — бөлек дастарқан. Тамаққа тойып алып, іргеде шешесінің артында ұйықтап жатқандары тағы бар. Естиярларымыз отырып әңгіме тыңдаймыз. Бұл күні айтылар сыр өзгеше. Біреуі басынан өткен күлкілі оқиғаны айтса, біреуі өзін қалай алып қашып келгенін есіне алар еді. Не айтса да, шындарын айтып, ағынан жарылар еді...

Біраз күлісіп қалжыңдасып отырған соң біреуі сызылтып ән бастайтын:

..Аспанда ай болмаса, адасады-ай,

Көңілді көтермесе, кір басады-ай, ахау.

Кеудесі-ай жақсылардың — алтын сандық-ай,

Сандықты кілт болмаса, кім ашады-ай, ахау.

Ашық тұрған есіктің түбінде отырып ап, ұйып тыңдай беруші едім. Көп ән айтылар еді. Қандай ән айтса да, көңілдің ең тұнығынан шығып жатқандай. Жарасымды назды арқалаған сыршыл әні де, сезімді егілтер мұңға толы шерлі ән де, кәусар арманға толы асқақ ән де — бәрісі-бәрісі айтылатын... Қайсыбірінің әлденелерді есіне алып, көңілдері босап, көздерінің жасын төгіп алатындары да болатын. Ондайда бәрі соны жұбататын.

Тағы емес, марал емес тау жайлаған,

Мен бір жан шер жайлаған, мұң ойлаған...

Тағы біреуі көңіл тербейтін мұңлы ән бастайды. Кейбіреуі үнсіз күрсінеді. Шай әлдеқашан ішіліп болған. Дастарқаннан кейін шегініп, орамалдарының алқымын ағытып, желпінісіп отырар еді бәрі де. Сөйтіп, жұмыстан шаршағандай емес, қайта көңілдері тазарып қалғандай сезілетін қай-қайсысының да.

Осылар осылай ұзақ отыратын. Өрістен мал қайтар мезгілде ғана:

Ой-бу, күн кешкіріп қапты ғой, — дейді біреуі терезеден мойнын созып, сыртқа қарап.

Қой, тұралық. Ой-бай, белім.

Бірінен соң бірі үздік-создық орындарынан тұра бастайды.

Босағада отырған мені байқаған апам:

Балатай, бұзау қайда, байқадың ба? Еміп қоймасын, — дегенде ғана есімді жиып, зыта жөнелемін. Бұзау ұмыт болғалы қашан.

Бұзау дегенің де қу. Сиырдың таңертең өрген өрісін байқап қалса, солай қарай жайылады да, кешке қайтқан енесін тосып, еміп қояды. Төбе-төбеге шығып қарағанмен, кер бұзаудың таптыратын түрі жоқ. Бұзау еміп қойған-ау деген қауіптен бе, әлде күн салқындап кеткен бе — бойым қалтырап қоя берді.

Жылынармын деп жүгіріп келемін. Бұзау еміп қоймаса екен деймін. «Апамды бүгін ренжітпесем екен».

Жазды күндегідей емес, күн батысымен-ақ ымырт тез үйірілетін болыпты. Айнала лезде қарауыта бастады. Ешнәрсені дәл ажырату мүмкін емес. Алыстан қарауытып көрінгенге бұзау ма деп жүгіріп барсам, бұта немесе бір түп ши болып шығады. Келесі қарайғанға жүгірем. Екі қара көрінді. «Біздің үйдің көк сиыры-ақ шығар, жанындағы кер бұзау ғой. Қап, еміп қойды-ау!» Алқынып жетсем — қос түп қараған. Қараған болғанына қуандым. «Бұзау ембеген шығар? Мүмкін, егінге, жүгеріге түсіп кетті. Оған түссе, күзетші әлдеқашан қамап қойған шығар».

Артыма бұрылып қараймын. Кейбір үйдің шамы жана бастапты. Қорқайын дедім. Тасадан ертегідегідей жын-шайтандар шығып, бас салатындай, алды-артыма бұрылып қарауға қорқамын. Ауылға қарай зымырап келемін. Есік алдына алқынып келіп, бір-ақ тоқтадым.

Борт-борт күйіс қайтарған сиыр аулада тұр. Бұзауы қасында байлаулы жатыр. Көк сиырдың ақжем болған желіні мен бұзаудың езуіндегі шұбыраған көбігі еміп қойғанын айтпай-ақ танытты. Үйдің есігін қорғана аштым. Әуелі саңылаудан қызғылт сәуле төгіліп, содан соң іштен бетімді жылы леп шалды. Төр алдында шынтақтап көкем жатыр. Апама қарауға дәтім бармады, көкеме қарай тура тартып барып, бауырына тығылдым. Шешем үйге от жағыпты. Қалтыраған денем жылына бастады. Сығалап қараймын — апамның жүзінде реніш, ашу байқалмайды, көңілі жай сияқты.

Бәйбіше, үйің тап-тұйнақтай болып қалыпты ғой. Пәлесің- ау өзің! — деп, әкем құс жастыққа шалқая берді. Мен де жанына қисайдым.

Шешем жауап қатпай-ақ жүзі күлімсіреп, бар болғаны отты көсей берді. Шоқтың сәулесінен бе, апамның сондағы өңі қорқып келген маған кереметтей мейірімді, жылы шырайлы көрініп еді. Қазанның қақпағын ашып, еттің көбігін алды. Үйді жас еттің жағымды иісі жайлады. Мен маужырап жатып, қалғып кетіппін...

...Бұл менің есімде қалған соңғы сылаң еді. Сол жылы бастауыш мектепті бітіріп, келесі күзде орталықтағы интернатқа ауыстым. Одан кейін үй сылаудың қуанышты сәттерін көріп, басымнан өткізген емеспін. Кейіннен ата-анам да орталыққа көшіп, дайын бетон үйге кірді...

* * *

Менің ойымды аяқ дыбысы бөліп жіберді. Аппақ свитер, көк шалбар киген, бір қолында ұстаған көгілдір сулығы бар, бір қолымен төрт жасар қызын жетелеген менің бейтаныс көршім етіп бара жатты. Жүрісі жеңіл, қимылы ойнақы. Қолаң шашын тегістеп қырқып, бос қоя беріпті. Иығынан асып, жауырынына төгілген шашын самал желпіп, жұлқиды. Өзі бейне билеп бара жатқандай. Оның басқадан ерекшеленіп тұратын осы сымбаттылығы кімнің болса да назарын өзіне ерекше аударардай. Оның қарсы үйде тұратынын, жасының жиырма сегізде екенін, күйеуі және төрт жасар Жанна атты қызы барын білем.

Олардың қашан қызметіне кетерін, қай шамада келерін, сейілге қай мезгілде шығарын ас үйдің терезесінен көріп жүремін.

Қызын балабақшадан әкеле жатқан беттері бұл. Соңынан бүйірлі екі торға сықай азық-түлік толтырып алған күйеуі, айналасына назар салмастан алға қараған бойы, салмақты басып бара жатыр. Бұлар үнемі қатар жүруші еді. Ертеңгісін, кешкісін осылай қатар жүрген қалпында кімнің болса да ілтипатын өздеріне аударғандай. Түрлерінде, жүрісінде, өздерін ұсатуында бірін-бірі емеуріннен танитындай түсініскен, ұғысқан жандардың жарастығы бар. Теректің тасасына тығылған қызына:

Жанна-ау, қайдасың? Жылдам жүрші, кино басталып кетеді, — деп дауыстады келіншек.

Сірә, телевизордағы жүріп жатқан көп сериялы киноға асығып барады. Мұрныма түтін иісі келгендей. Апамның өт тамызатын майқарағай қабығының иісіне ұқсас. Ойдан арылып, жан-жағыма жіті қарадым. Көше сыпырушы теректің төгілген жапырағын бір жерге үйіп, от қойыпты. Көзіме апамның топырақ ойып жатқан келбеті тағы елестеді. Бейтаныс көршім ұзап бара жатты. Осы келіншекке неге назар аудара беретінімді енді ұққандаймын. Ол менің анама қатты ұқсаушы еді. Апам да сол жылы жиырма сегізге шыққан еді-ау.

Орнымнан тұрып, мен де үйге аяңдадым. Айналам толған алтын бауыр сары ала жапырақтар...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама