
- 05 нау. 2025 22:30
- 35
Сарыағашта 19 жастағы мүгедек жігітті айуандықпен өлтірген күдікті қамауға алынды
Түркістан облысының Сарыағаш қаласында жантүршігерлік қылмыс орын алды. Екінші топтағы мүгедек, 19 жастағы Жасұлан Әбдіманап белгісіз біреулердің қолынан қаза тапты. Оны айдалаға апарып, 14 рет пышақ жарақатын салып өлтірген.
Марқұмның денесі екі күннен кейін ғана табылды. Ауыл тұрғындарының бірі денені байқап, бірден полицияға хабар берген. Тергеу барысында марқұм күдіктілердің бірінің өтінішімен несие рәсімдегені белгілі болды. Күдікті "анам ауырып жатыр" деп, марқұмды алдап, 280 мың теңге несие алдырған.
Қоғамды дүр сілкіндірген тағы бір жайт – күдіктілердің қатарында әскери қызметкер бар екені анықталды. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, жұртшылық әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының мәліметіне сәйкес, бұл оқиға "Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру)" бойынша тіркелді. Күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Жұртшылық тергеудің ашық әрі әділ жүргізілуін талап етуде. Құқық қорғау органдары кінәлілердің анықталып, заң аясында қатаң жазаға тартылатынына сендіріп отыр.