Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сау болу - сәнді

Адамға көп айтылатын тілектердің ішінде «денсаулығың зор болсын» дегенді жиі естиміз. Кейбіреулер осы сөздің түп төркініне үңіле бермейді екен. Адамның басты байлығы – оның денсаулығы, жан саулығы, тән саулығы. Денсаулық болмаса, дүниенің де, байлықтың да, ойын-сауықтың да қажеті жоқ. Сондықтан берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, денсаулықты күтіп, оны бір қалыпта ұстап тұрудың амалын қарастыру керек.

Қазіргі таңда спортпен, физикалық жұмыстармен айналысып, өз денсаулығына, дене бітіміне қарайтын жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл бір үрдіске айналып бара жатқандай. Ақпарат таратуда алдыңғы орында тұрған әлеуметтік желілерде дұрыс тамақтану, салмақ тастап, арықтау сынды түрлі тақырыптарда жазатын блогерлерді көптеп көруге болады. Бұл әрине көңіл қуантады. Ондай адамдарға еліктеп, өз өмірін дұрыстап жатқандарды да көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Осылай-осылай салауатты өмір салты сәнге айналып, спортпен шұғылданушылар қатары артады дегенге сенімім мол.

«Салауатты өмір салты» деген тек физикалық қимыл-қозғалыспен айналысып, өзін-өзі шаршату дегенді білдірмейді. Ол жәй ғана жаяу жүріп серуендеп, дұрыс тамақтанудан басталады десем болады. «Салауатты өмір салты» деген сөз тіркесін әркім өзінше түсінеді. Мен бұл тақырыпта сөз қозғап, жазғаным тек үшінші жақта «керек, керек» дегенмен шектелмей өз ойымды білдіруді жөн көрдім.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»  деген сөз бар халқымызда.  Денсаулықтың қадірін басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса білеміз ғой. Дегенмен, мен денсаулығым сыр бере бастағанда, түрлі кінәраттардың пайда болу себептерін іздеуді жөн көрдім. Заманауи медицина адам ағзасын жеке-жеке органдарга бөліп қарастырады. Бас ауырғанға бір дәрі, іш ауырғанға басқа дәрі жазып береді ақ халаттылар. Осылайша, бір жерімізді «жөндейміз» деп, басқа жерімізді құртып жатамыз. Оның нәтижесінде иммундық жүйе төмендейді. Бұлай болмайтынын түсініп, емделудің басқа жолдарын қарастырдым. Әдебиеттерді парақтап, ғаламторды шарладым. Сонда мен жай ғана сау болудың қарапайым қағидаттарын орындамайтыныма көзім жетті. Мен ғана емес, көп адамдардың қателігі бұл. Осы кезде «Ол қандай қағида?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Мен өз тәжірибеммен бөлісіп, жауап беріп көрейін.

Ең алдымен, күнде таңертең бір уақытта тұрып, жылы су ішуді дағдыға айналдырған жөн. Ия, көп адам сумен дос емес. Маған да су ішуді әдетке айналдыру қиын болды. Біресе ұмытып кетем, біресе ол су басқа мақсатта қолданылып кететін. Адамға ұстанып жүрген өмір салтын бірден түбегейлі өзгертуге де болмайды. «Мәскеу бірден салынған жоқ» деген сөз бар ғой. Сондықтан, мен шай, кофе, басқа сусындардан бөлек бір-екі стақаннан бастап, 1,5-2 литрге дейін су ішуді де үйрендім. Бұндай нәтижеге бір айда келдім. Ал, қазір керісінше, су ішпесем ағзам кеуіп қалған сияқты күй кешемін. Бұл дағдының нәтижесінде терімнің жұмсарып, тазарғанын, бас, бүйрек дерті мазалауын қойғанын байқадым.

Спортқа жақын болмағандықтан физикалық жаттығуларды жасау маған алынбайтын асудай болып көрінді. Екінші қағиданы өзімнің әдеттерімнің қатарына қосу үшін мен жаяу жүруден бастадым. Негізі күніне 10-15 шақырым жаяу жүру күш салып жаттығу жасаумен тең болады. Әсіресе, мен сияқты күні бойы бір орында отырып жұмыс істейтін адамдарға жаяу жүруге кеңес берер едім. Бір жағынан денсаулығыңызды ұзартасыз, бір жағынан автобусқа немесе таксиге беретін ақшаңызды үнемдейсіз. Сондай-ақ, лифтті баспалдаққа алмастырдым. Содан кейін біртіндеп, таңертең және кешке дене жаттығуларын жасауға көштім. Кеңседе жұмыс арасында тұрып, жүріп, бір-екі оңай жаттығуларды жасаймын. Есесіне, өзімді сергек әрі белсенді сезінемін. Бұл ағзадағы қан айналымын жақсарады. Өйткені, адам күні бойы бір қалыпта қозғалмастан отыра берсе ағзадағы қан қоюланып, оның айналу процессі баяулайды. Ал бұның соңы жиі бас айналып, қан қысымының төмендеуіне алып келеді.

Үшінші дағды мен сияқты «тәттіқұмарларға» ауыр болады. Ұннан жасалған, қант, түрлі бояғыш қоспалар қосылған тағамдар салмақ қосып, дене сымбатымызды бұзып қана қоймай, бауыр, бүйрек жұмысына зақымын тигізеді, сонымен қатар, паразиттердің көбеюіне алып келеді екен. Ия, бұл туралы ғалымдар қаншама уақыт айтумен келеді. Дегенмен, өзім осы теорияны тексеріп көруді ұйғардым. Қазір ашытқы қосылған тағамдарды, тәтті бәліш, тоқаштарды күнделікті рационнан алып тастадым. Есесіне, бауырымның жұмысы жақсарып, ас қорыту жүйем ретке келді. Оның үстіне, дене сымбатым да бір қалыпты.

Адам ағзасы күнделікті ақуыз, көмірсу, май нормасын қажет етеді. Төртіншіден, кейбір өнімдерді шектегенмен, оларды пайдалы тағамдармен алмастырдым. Мысалы, күнделікті ас мәзіріне көкөніс, жеміс-жидектерді көптеп қосқан жөн. Олар тек дәмді емес, әрі пайдалы. Оған қоса, дәнді дақылдардан түрлі тамақ дайындауды үйренім алдым. 

Бұлай тізе берсем өте көп. Ең басты ереже бұл ойлау бағдарламамызды өзгерту. «Бұның денсаулыққа қандай қатысы бар?» деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда мамандардың «барлық мәселе адамның басында» деген сөзін естуге болады. Бұл шынымен солай, мен жоғарыда тізген қағидаларды біреу өзіне пайдалы кеңес ретінде қабылдауы мүмкін, ал біреу оны «барьер», яғни қиындық ретінде көреді. Бұл менің өз басымнан өткен. Бір-екі күндік мейрам үшін өзімді қинап түрлі диеталарға отырып, кейін одан шаршап қайтадан тәттілерді жеп, сол үшін өзімді жазғырған сәттер болды. Неге? Өйткені, мен бұндай шектеуге мүлдем дайын болмадым. Тамаққа тәуелді болдым. Оның бәрін уақытша екенін білдім. Мен өзімнің ойлау бағдарламама солай енгіздім.  Сол себепті мереке біткеннен кейін аш қасқырдай қайтадан бәрін жейтінмін. Ал қазір қалай? Су ішсем, терім таза әрі жұмсақ болатын білемін. Ұйықтар алдында айран ішсем, асқазан, ас қорыту жүйесінің жұмысын жүргізуге көмектесетінімді білемін.

Ең маңыздысы миымызды қажетсіз ақпараттан тазартып, позитивті ойлап үйрену керек. Осылайша, адамның көңіл-күйі де көтеріңкі болады, жалпы жағдайы да оңалады, денсаулығы да жақсарады.  Осындай қарапайым ережелерді ұстанып, өз өмірімізді мәнді де сәнді етуге болады. Адам пайдалы дүниелерден гөрі зиянды әдеттерге тез үйренеді. Соңында содан опық жейді. Шылым шегім, алкогольдік сусындарды ішіп ағзамызды улап, өмірімізді қысқартқанша, пайдалы нәрселермен айналысып, денсаулықты сақтауды дұрыс деп санаймын.

Қазақтың ақыны Ахмет Байтұрсыновтың «Ең әуелі бәрінен бұрын тазалықтың қадірін біл. Тән саулығының тамыры – тазалықта, жан саулығының тамыры – саулықта» деген сөзі бар. Денсаулығы мықты адамның әр күні дұрыс әрі сәтті басталып, айы оңынан туады. Үйі де таза, үй ішіндегі энергиясы да таза. Сондықтан, мен денсаулығымның қадірін білім, салауатты өмір салтын ұстануды жөн көремін. Осылайша әрдайым сәнде боламын. Өйткені сау болуға әлі ешкім тыйым салған  жоқ. Басқа адамдарға да осыны күнделікті өмір сүру дағдысына айналдыруға кеңес беремін.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама