Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Сәукеле

— Ұстай тұршы мынаны, — ол кестелі сәукелені қолыма ұстатты, — недеген ауыр еді, мойным талып кетті ғой, — ол күлді, — шашымды жөндеп алайыншы.

Сосын шашымен әуре болып, маңдайынан желкесіне дейін қолымен уыстай тарап, қос бұрымының түбін бекемдеп түйіп қойды. Көлік іші енді ғана қоңырсалқын күйге еніп келе жатты, ол екі өңірін желпіп, салқын ауадан рахаттанғандай болды. Иығыма басын қойып әлде бір әуенді ыңылдап айта бастады. Оның иығымды жастанған басынан да жүрегінің қағысын сезінгендей болдым, әлде бұл өз жүрегімнің қағысы болар. Оң қолымды көтеріп, иығынан сыйпап бауырыма қарай ақырын ғана тартып, құшағыма бастым. Ол басын иығымнан сырғытып, кеудеме, одан тіземе қойды.

— Шаршадың ба, ботам? — дедім бәсең үнмен құлағына ерінімді тақап.

— Аздап, каблуктан аяғым ауырып кетті, көйлек те ыңғайсыз жүргенге.

— Бір-ақ күн ғой, шыда, — деп тағы да бәсең сыбырладым.

— Іміһім...

Құлақ түбінен жағымды әтір иісі аңқиды. Еміреніп иіскеп қойдым.

— Не болды-әй, үзіліп өліп барасың ғой жұрттың көзінше, той біткенше шыдай тұр енді, — жігіт жолдас досым қағытқанына мәз боп сығырая күлді.

Гүлім басын көтеріп тіктеліп отырды. Мен сараң ғана күлген болдым. «Осының әзілінің қопалын-ай» дедім ішімнен.

Лимузин кешкі шапақ астында көшелерді артқа тастап баяу жүріп келе жатыр. Досым қыз жолдаспен әлдене деп қалжыңдаса отырып, бокал толы шампанды маған қарай ұсынды:

— Бүгінгі қуанышың, маңдайға жазған бақытың үшін, осы ғажап сәт үшін алып қоялық!

Келесі сәтте кезек-кезек тост айтысып, жеңіл-желпі әңгімеге көштік.

Әңгіменің ішінде отырсам да өзге әлемде жүргендей, өзгеше күйде қалдым. Осының бәрі түс секілді өтіп жатқандай. Таңғы серуеннен бастап көңілім толқумен болды. Қайда барсам да ақыры жоқ бір ойдың құшағына шомдым да жүрдім.

Әредік Гүлімнің жүзін бағам, қуанышты секілді, бақытты секілді. Сол қуаныштың тасасынан әлде бір алаңдау мен шаршаудың ізін де аңдаймын. Не үшін алаңдайды екен? Той қалай өтеді деп пе, әлде жат жұртқа келгеніне ме? «Әйел, жар» деген сөздің салмағынан ба? Әлде менен қорқа ма? Менен неге қорқады?

Бірақ бұл сұрақтың жауабы өзіме түсінікті сезілді. Олай болатыны — осы сұрақты өзім ойлап тауып отырғаннан шығар, ал бұл ойдың ақиқат болуы да ғажап емес...

Алғаш танысқан сәт қалай еді? Бірден ұнамаған секілді? Ондағы Гүлім мен бұл Гүлім екі басқа адам сынды. Кейінгі мінезінің жайлылығы әуелгі енжарлығымды өзге арнаға бұрғандай. Бір-екі ай ғана сырластықтан кейін үйленгім келетінін айттым. Іштей соншама толқып тұрсам да, сырттай байыпты, сабырлы бейнеде жеткіздім. Ол менің көзіме ұзақ қарады, бәлкім шындық іздеді. Тапқан да секілді, әлде өзін таптым деп сендірді. Бір-екі күн ойланған болды, «иә» дейтінін біліп тұрып, мен де сабырсыздана күткен болдым. Ақыры сол сәт жетті, «Тағдырыңа бұйыртқан жан мен екеніне шын сенімдісің бе?», — деді. Бұл сұрақтың болатыны маған аян еді, барынша сенімді, нық дауыспен: «Иә, екеуімізді бейіште солай бекіткен, бұл біздің тағдыр, мен соған сенемін!» — дедім.

Осылай біздің қатынас алға қарай озып, дами түсті. Мен ара-тұра араласып, кездесіп жүрген қыздардың бәрінен бездім, ол бұрынғы ғашығын ұмытқанын айтты. Осының бәрі шын-жалғаны белгісіз күрделі күйде өтіп жатты. Ол менің телефоныма қараудан қорқып жүрді, мен одан «сүйем сені» деген сөзді естуден қаштым, шынайы шықпайтындай көрінді. Ыстық сүйіс пен аймаласу кезінде баяу ғана сыбырмен айттық ол сөздерді. Сол сәтте ғана бір тұтас дене болуға барынша тырыстық. Ал тәннің қызуы қайтқан соң алыстағы әлде кім тәрізді көңіл-күй биледі. Соған қарамастан біз ақыры үйлендік.

Бүгін түске тақағанда мешітке неке қидыруға бардық. Көліктен түсіп мешіт қабырғасына жеткенде санамда «отбасы», «өмірлік жар» деген ұғымдар қайта-қайта жаңғыра берді. Тура сол сәттен бастап үйленудің салмағын сезіне бастағандай болдым. Бұрын ойландырмағандай, тосын келгендей ойлар шырмап алды. Имамның алдында отырған сәтте де осы бір түпсіз ойдан ұзап кете алмадым. Бір жақ бұрышта әлде бір жағымды, тұнық дауысты жас шәкірт құран сүрелерін дауыстай оқыды. Оның даусы акустикасы жоғары, күмбезі кең әрі биік мешіт ішінде келесі бір бұрышта отырған бізге сондай жұмсақ және майда жетіп тұрды. Өңінен алаңдау мен толқу байқалып тұрған Гүлім имамның әр сөзін көкейіне ұялатып отырғандай. Кенет күлкім келді, бірақ өзімді ұстап қалдым. Осыдан кейін жеңілдеп қалғандай сезіндім. Имамның жетекшілігімен кәлима айтып, ант сөдерін айтып, ант суын іштік. Мұның бәрі кезекті ресми жиналыс тәрізді ешбір сезінусіз өте шықты.

Мешіттен шыққан соң досымның қалғып кеткенін айтысып, бір күлісіп алдық. Әсіресе Гүлімнің күлгені мені одан әрмен жадыратты. Бірақ бұның өзі аз ғана сәтке созылғандай болды. Мені қайтадан ауыр ойлар басып алды.

Қаланың көрікті жерлеріне барып суретке түстік. Әр сурет сайын күліп түсу керек болды, бұның бәрі мені құр шаршатты. Ал оның жүзінен осы сәтте ғана ынта байқадым. Барынша әдемі көрінуге тырысып, сәукелесінің үкісі бұлғаңдап, фотографтың әр сәтін құр жібермеді. Осының бәрін не үшін жасайды екенбіз деген ой келді. Жұрт жаппай солай істейтіні үшін бе? Әлде фотоға қарап еске алып отыруға ма? Ал еске алатындай қызықты сәтті тағы сезіне алмай әуре болдым. Осының бәрі мүмкін анау «Оңға, солға, жымисаңызшы...» деп зыр жүгіріп жүрген, аруаққа тері қаптай салғандай-ақ көркі бар, арық фотографқа қана керек секілді. Осыны ойлаған сәтте тағы бір рет жымиып, «көңілді фото» жасауға мүмкіндік бердім...

Көлік тойхананың жанына келіп тоқтады. Иесіне рахмет айтып, ақысын беріп жолға салдым. Гүлім ауыр сәукелені қайта қолына ұстап алыпты, көйлегінің етегін қолымен демеп тойхананың баспалдағынан қыз жолдаспен бірге көтеріліп барады. Осы көрініске біраз үнсіз қарап тұрдым, бұл оның өмірдің өзге бір сатысына көтерілген сәтінің белгісі секілді көрінді. Досым темекі тұтатты:

— Көңіл-күй қалай? Қобалжып тұрсың ба, қақпанға түстім деп, а?

Бұл кезде тойға келіп жатқан біраз достар да жиналып қалыпты:

— Құсың құтты болсын и!

— Той құтты болсын, бауырым!

— Кеп қалдық тойың деп, қуанышың деп, — десіп құттықтап, аман-сәлем жасасып жатты. Сонау көкжиек қанға малғандай қып-қызыл арайға шомып, күн батып барады. Сырғыған уақыт, жылжыған өмір — мен де есейіппін. Тіпті осы бір күнде ғана есейген секілдімін.

Иә, енді өмірдің басқа сатысы басталды. Менен гөрі Гүлімге оның салмағы әлде қайда ауыр екенін іштей сезініп тұрдым.

«Той басталды» десті. Той жырымен бірге Гүлімді жетектей залға кірдім. Содан әрі беташар басталды. Мен екі адым шегіндім де, екі жеңгем келіп оны қолтықтай қатарласа қалды. Басындағы сәукеленің үкісі баяу қозғалды. Адалдық, тазалық белгісіндей әсем сәукеле. Сонымен бірге мен оның иығының сәл қусырылып дір ете қалғанын да байқадым. Менің жүрегімнің түкпірінде де әлде бір нарсе дүр сілкінді. Көзімді тағы сәукелеге салдым, ол әр сәлем салған сайын сәукеленің үкісі жел қозғаған ағаштай бұлғақтады. Бірде тіпті ауыр сәукеле тарс етіп жерге құлап түсердей көрінді. Үкісі бұлғақтаған сайын санамдағы бір ойды ырғай түскендей болды. Осы сәт мен өзімнен: «Оны сүйесің бе?» деп сұрадым. Ал той басталып кетті...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама