- 15 шіл. 2022 00:00
- 232
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары күні
31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл қаулы 1997 жылы қабылданған.
Қазақстандағы ашаршылықты үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Алғашқы ашаршылық — 1916-1918 жылдары өткен. Бұл ашаршылыққа Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғысқа араласуы түрткі болды. Ресейдегі тұрақсыздық салдарынан қазақ даласынан мал-мүлік тәркіленді, жазалаушы армияның бассыздығы орын алды. Сонымен қатар, халық арасында ауыр індет пен жұт жайылды.
Бірінші ашаршылық жылдары қанша адам қаза тапқаны жайлы нақты цифрлар жоқ. Ресми ақпарат бойынша 1,5-2 миллион адам көз жұмған, 300 мыңнан 1 миллионға дейінгі адам шекара асуға мәжбүр болған.
Екінші ашаршылық көп күттірмеді. 1921-1922 жылдары қайталанды. Негізгі себептер: Ресейдегі Азаматтық соғыс кесірінен ауыл шаруашылығының құлдырауы, құрғақшылық, жұқпалы ауру.
Ашаршылыққа ұшыраған халыққа көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезов «1 миллион 700 мың адам қайтыс болды» деген дерек көрсеткен.
1929-1933 жылғы ашаршылық нәтижесінде қазақ халқының 40% қырылған. 1 миллион 70 мың адам Қытай, Иран, Ауған елдеріне босып кеткен.
1917 жылы қазақ халқының саны 6.218.300 адамды құраса, 1923 жылы 3.786.310-ға дейін азайған.
Саяси қуғын-сүргін қазақ зиялыларының атылуы, дәйексіз мыңдаған адамның «халық жауы» атануымен есте қалды. Мәселен, 1930 жылы Жүсіпбек Аймауыт, 1931-де Шәкәрім Құдайбердіұлы, 1935-те Міржақып Дулатұлы дүниеден озды.
Ең ауқымды саяси қуғын-сүргін 1937-1938 жылдары орын алды. 103 мың адам қудаланып, «халық жауы» деп айыпталды. Олар Спасск, ҚарЛаг, СтепЛаг, Алжир («халық жауларының» әйелдеріне арналған) секілді лагерлерде азап көрді. 25 мың адам ату жазасына кесілген.