Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шаһимардан патша

         Бұрынғы өткен заманда бір молда болыпты. Дүниеде онан асқан молда жоқ екен. Бір күні қатынына айтыпты: «Мен өлемін. Мен өлгеннен кейін бір бала табасың. Қазір мен саған тұмар жазып беремін. Егер ол бала ұл болса, тұмарымды оң жағына тағасың, қыз болса, сол жағына. Ол бала менен асқан молда болады», – дейді.

         Бір күні шал ауырып, бір ай жатып өледі. Арада ай өтіп, жыл өтіп, бір бала табады. Ол баласы ұл екен. Тұмарды оң жағына асады. Жеті жасқа келгенде, молдаға апарып береді. Ол бала молдада он төрт жасқа келгенше оқиды. Әліп деген әріпті білмейді. Молда мұны шешесіне қайтып әкеп береді. Шешесі таңданады: «Ойбай, шалдың менен асқан молда болады деген баласы осы ма?» – деп, апарып етікшіге береді. Етікшіде төрт ай істеп, біз шаншуды білмейді. Енді тұрмыс қиындайды. Үйінде ас жоқ. Бала қаңғып қалды. Әлі нан табуға жарамайды. Мұны базарға ертіп апарып, бір есек алып, отын әкеліп, базарға сатып жүретін балаларға қосып қояды.

         Балалармен бірге отын сатып, күнін көріп жүреді. Бір күні отынға бара жатса, жолда жел шығып, жауын жауады. Әрқайсысы бір-бір тамның астына кіріп жатады. Баланың қолында бір кішкене кездігі бар екен. Сол кездікпен жерді шұқылап отырса, жерден бір сұп-сұлу тас шығады. Ол тасты апарып, жолдастарына көрсетеді. Жолдастары «бұл асыл тас екен, осы жерде бір нәрсе бар шығар» деп қарады. Қазса, әлгі жерден бір үлкен диірмен тасы шығады. Ол тасты көтеріп, астын қараса, сап-сары бір нәрсе екен. Балалардың біреуі айтады: «Бұл жерді тапқан сен, егер бұл іске жарарлық нәрсе бола қалса, көбін сен аласың, сен жеп көр», – дейді. Бала қолын салып, бір жалап қараса, тәтті нәрсе екен. Бала жеп-жеп тойып алып, «бал екен» дейді. Енді бұлар отынды тастап, екі шелек алып, базарға бал апарып сатып жүреді. Бір күні бал азаяды. Оның ішіне түсіп алу керек. Енді біреуі айтады: «Мұны тапқан да сен, біліп көрген де сен. Енді мұның көбін сен аласың. Сен ішіне түс», – дейді.

         Бала амалының жоқтығынан ішіне түседі. Балды сатып таусылғаннан кейін, бала беліне арқан байлап «тарт» дейді. Жолдастары тартып ортасына келгенде, арқанды кесіп жібереді. Бала қайтадан құдықтың ішіне түсіп кетеді. Құдықта бұған жейтін тамақ жоқ. Әлгі кездікпен құдықтың айналасында қалған балды жеп жата береді. Бір күні құдықтың бір шетінен екі көзінен от жанып тұрған, бір мысық сияқты нәрсе түсіп келе жатады. Бала оны ұрып құлатып, басын кесіп алады. Сол мысық келген жерді кездікпен қаза береді. Бір уақытта қараса, бір жап-жарық дүниеге шығып қалады. Сонымен жүріп отырып бір үйге келеді. Ол үйге кірсе, ішінде алтын төсек, көп жеміс тұр. Бала төсекке жата кетеді. Алтынның буымен бала ұйықтап қалады. Бір уақытта сырттан дүбірлеген дауыс шығады. Бала көзін ашып қараса, көп айдаһар екен. Біреуі – «мен жеймін», тағы біреуі – «мен жеймін» — деп жатыр екен. Бала ұйықтаған болып жатады. Бір уақытта есіктен ысқырған дауыс шығады. Барлық айдаһар есікке қарап тәжім қылады. Біреуі қалмастан сыртқа шығып кетеді. Бала: «Енді мені осы жейді екен», – деп, қорқып жүрегі шығып кетеді. Ол бір кішкене сары бас жылан екен. Сол жердегі айдаһарлардың патшасы екен. Оның аты Шаһимардан екен. Баланың қасына жетіп келеді. Бала: «Енді мені жейді ғой», – деп қорқып кетеді. Шаһимардан айтады: «Е, бала, сен менен қорықпа, айт, қайдан келдің?» – дейді. Бала: «Жарайды», – дейді. Сол жерде екеуі айырылмас дос болады. Енді жылан айдаһарларға шай қайнаттырып, жемістермен шай ішіп отырып сұрайды: «Мұнда ешқандай жан келе алмаушы еді. Сен қалайша келдің?» – дейді. Бала көрген-білгенін бәрін айтады. Тағы да қолындағы мысықтың басын көрсетеді. Жылан: «Уу, сен менің бар қазынамды құртқан екенсің», – дейді. Бала онан сайын қорқып кетеді. Жылан: «Ой, бала, сен онан қорықпа! Бұл дүниеде ондай-ондай неше жүз қазынам бар». Сонымен әлгі екеуі жүреді. Арада ай өтіп, жыл өтіп, бала үйін сағынады. Бала жыланға: «Енді мен кетем, шешемді сағындым», – дейді. Жылан: «Егер сен кетсең, мен бәрібір өлемін, сен барған соң, біреуге айтасың, кетпе», – дейді. Бала: «Жоқ, мен кетпесем, бұл жерде тұра алмаймын. Шешемді жаман сағындым», – дейді. Бала болмаған соң, жылан, амалы жоқ, балаға айтады: «Сен шыққаннан кейін біреу сұраса, өліп бара жатсаң да айтпа! Және де моншаға барма», – дейді. Бала «жарайды» деп кетеді. Жылан балаға бір қап береді. «Осы қапты көтергеніңше алтын ал», – дейді. Бала қапқа толтырып алтын алады. Сонымен екеуі құшақтасып қоштасып, баланы бір жерден шығарып салады. Бала келе жатса, әлгі жолдастары бес-алты атты арбаға жегіп, тамаша қылып жүр екен. Олардан атарбаны тартып алып, алтынды арбаға салып, үйіне алып келеді. Шешесі аштан өлейін деп жатыр екен. Сонымен бала бай болып, үйден далаға шықпай жата береді. Бір күні үйінде шай таусылады. Бала базарға шайға шықса, баланы уәзірлер ұстап алады, «жүр моншаға» деп. Олардың моншаға жүр деген себебі мынау екен. Сол қаланың патшасы ауырып қалған екен. Балшыларын жинап алып, кітап ашқызып қараса, саған Шаһимардан деген айдаһардың патшасы бар. Соны ұстап алып келіп, сорпасын ішсеңіз жазыласыз, әйтпесе өлесіз деген екен. «Оны кім табады» дегенде, бір шал айтыпты: «Осы еліңіздегі жұрттың бірін қоймай, моншаға түсіріңіз, сонан соң табылады», – деген екен. Соның үшін моншаға түсіріп жүр екен. Бала: «Қой, менің ауруым бар, моншаға түссем, ұстап қалады. Мен моншаға түспеймін», – дейді. Уәзірлер сүйретіп апарып моншаға түсіреді. Баланың еті көк ала боп көгеріп кетеді. Уәзірлер молдаға барып айтады: «Осындай бір баланың үсті-басы көгеріп кетті». Молда: «Сол баланы осында алып келіңдер!» – деп бұйырады. Уәзірлер баланы алып келеді. Молда балаға: «Балам, сен қайдан көрдің, айт», – дейді. Бала: «Ата, мен еш нәрсе көргенім жоқ». Молда:«Айт деген соң, үндемей айт, қазір сені дарға асып өлтіремін», – дейді. Бала айтпайды. Баланың мойнына қыл шылбырды салып тартады. Бала: «Ей, айтайын», – дейді. Жібереді. Бала: «Мен сендерге қашан айтамын дедім», – дейді. Молда тағы қысады. Бала тағы сол сөзін айтып тұрады. Сөйтіп, молданы бір-екі рет алдағаннан кейін, молда мұны шынымен өлтірмек болады. Бала енді өлтіретінін біліп, апарып бал алған жерін көрсетеді. Молда құдықтың басында отырып, оқып-оқып бір дем салғанда, жылан жылт етіп шыға келеді. Бала жыланмен амандасады. Жылан айтады: «Міне, мен саған кетпе демеп пе едім», – дейді. Сол жерде бала мен жылан жылайды. Сонан соң молда жыланды аламын десе, жылан: «Егер сен алсаң, әзір шағамын, мына бала алсын», – дейді. Бала: «Алмаймын», – деп жылайды. Уәзірлер: «Өлтіремін, ал», – деген соң, қорыққанынан алады да қойнына салып алып жүре береді. Патшаның үйіне апарып береді. Молда жыланды сояйын десе, жылан: «Егер сен мені сойсаң, әзір шағамын, мына бала сойсын», – дейді. Бала: «Соймаймын», – дейді. Уәзірлер: «Сой, жауыз, әзір басыңды аламын», – дейді. Бала қорыққанынан сояды. Әбден сойып болған соң, молда апарып қазанға салып, от жағайын деп жатса, жылан: «Егер сен от жақсаң, әзір шағамын, бала от жақсын, сен кет», – дейді. Молда баланы шақырып алып: «Балам, енді сен мынаған от жағып жіберіп, басқы сорпасын өзің іш, ортаңғы сорпасын патшаға бер, ең аяққы сорпаны маған бер, етін патша мен екеуімізге бөліп бер», – дейді. Бала: «Жарайды», – деп, от жаға береді. Жылан қайнап жатып айтады: «Бала, енді мен саған жоқпын, сен мен піскеннен кейін, басқы сорпаны молдаға бер, ортаңғы сорпаны патшаға бер, ең аяққы сорпаны өзің іш. Етімді патша мен өзің бөліп же», – дейді. Бала басқы сорпаны молдаға береді. Молда сол бойымен басын тасқа ұрып, жынды болып кетеді. Ортаншы сорпаны патшаға береді. Патша жазылып кетеді. Ең аяққы сорпасын өзі ішеді. Етін патшамен бөліп жейді. Сонымен бала дүниеде бар жан-жануардың тілін біліп, сондай асқан молда болып, мұрат-мақсатына жеткен екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама