Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Шал мен жұмыскер
Шал қайтты малайымен пішен шауып,
Бәлені сезе ме адам тұрған бағып.
Орманмен кешкітұрым келе жатты,
Баратын елге тура бір жол тауып.
Тап берді қарсы алдынан аю шығып,
Болмады айла етерге о ғып, бұғып.
Үстіне Шалдың аю қонып қалды,
Сорлыны ә дегенше жерге жығып.
Жұмарлап, басып-жаншып аю шалды,
Жемекке енді бастап ыңғайланды.
«Бауырым, Пәленшежан, айыршы-ай», - деп,
Малайға Шал жалынып, қолқа салды.
Малайы темір айыр, балтаны алып,
Аюды жықты, басын, ішін жарып.
Қан-қан боп үсті-басы, өлейін деп,
Қорқырап аю жатты ыңыранып.
Шал тұрып енді орнынан есен-аман,
Жақындап жұмыскерге келді таман:
«Әумесер, ақылың жоқ, ит-доңыз!» - деп,
Байғұсты балағаттап, сөкті жаман.
«Ұрсасың неге, Шалым, маған, - деді, -
Сөккендей не істедім саған? - деді. -
Жазғаным, менің сені аю - жаудан
Айырып алғаным ба аман?!» - деді.
Шал айтты: «Көрмеймісің не еткеніңді,
Желігіп жындануға жеткенінді,
Бардай-ақ әкең құны, сонша шаншып,
Терісін іске алғысыз еткеніңді?!»

* * *
Сөз жаздым үгіт үшін бозбалаға,
Осындай елде уақиға аз ғана ма?
Қайырың наданға еткен - шашқан мүлкің,
Болады рәсуа құр далаға.
Құдайым, жолдас қылма жамандарға,
Көзі тар, көңілі соқыр надандарға!
Жақсылық етсең де бір, етпесең де,
Жақпайсың кей ақымақ адамдарға.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама