Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 9 сағат бұрын)
Шаншардың қулары

«Шаншардың қулары» деген атау сөз қазақ еліне ертеден мәлім. Бірақ көп елдің адамдары «Шаншардың қулары» дегендер кімдер, қай елде тұрады, неге қу атанған, ол жағынан хабардар емес.

Кеңірек түсіну үшін бұл сөз қалай туған, ең алдымен осы мәселеге аздап тоқталайын. Үлкен адамдардың айтуына қарағанда Шаншар абыз өз заманында бір тайпа елді өз аузына қаратқан би болыпты. Отаны осы күнгі Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданының төңірегінде болған. Елдің батырлары қолдарына түскен олжаларын төрелігін айту үшін алдымен осы Шаншар абыздың алдына әкеліп салады екен.

Бір жорықта батырлар қалмақтың бір ханының Әйбике, Нұрбике, Қызданбике атанған үш сұлуын қолға түсіріп әкеледі.

Алдына келген үш қыздан абыз:

— Қоятын қандай тілектерің бар? — деп сұрайды.

Үш қыз бір ауыздан:

— Бізді ұлыңызға беріңіз, құлыңызға беріңіз, шалыңызға беріңіз, кімге берсеңіз, оған беріңіз, үшеуімізді бір-ақ адамға беріңіз, — деп тілек тілепті.

Абыз үш қызды бір адамға билеп беруге шешім айта алмай:

— Өздерің келісіп, біреулерің алыңдар, — деп батырларға ұлықсат береді.

Ай мен күндей толқыған бір ханның үш сұлу қызын батырлар да өзара ақылдасқандарымен біріне-бірі қия қоймайды. Қызғаншақтыққа салынып, араларына іріткі түсе бастайды. Ел ішінің бүлінуіне себеп туады. Соны байқаған ауыл ақсақалдары батырларға:

— Үш қыздың жасап отырған саясатына беріліп, сендер ес-ақылдарыңнан босқа айырылмаңдар. Өздері «бай таңдамаймыз» деді ғой, сол сөзді пайдаланып, үшеуін де Шаншар абыздың өзіне ұйғарыңдар. Сөйтіп, өздеріңнің және ел ішінің тыныш болуын ойлаңдар, — деп ақыл береді.

Батырлардың бәрі осы ақылға тоқталады. Шаншар абыз бүкіл ел болып, ұйғарым жасаған соң үш қызға үйленуге келісім беріпті. Шаншар тұқымы, «Шаншардың қулары» осы кезден бастап өсіп-өнеді. Қалмақтың ханының үш қызы — Әйбике, Нұрбике, Қызданбике үш ауыл болады. Осы үш қыздан тараған тұқым қазіргі Егіндібұлақ ауданының негізін құрап отыр. Басым көпшілігі — осы Шаншар абыздың
ұрпақтары...

Көрші ауылдың ұрылары түнде келіп мал ұрлауды ойлап, дайындалып жүргенін сезген шаншардың екі жігіті ұрылардың жолын тосуды ойлап, алдын ала келіп, төбесі ашық молаға жасырынады. Өздерінің тосып отырғанын ұрыларға сездірмеуге тырысады.

Сол кезде аспан түнеріп бұлттап, қайта-қайта найзағай ойнап, жарқ-жұрқ етіп, бұлардың жасырынған бойларын айналасына әйгілеп көрсете бастайды.

Сонда біреуі:

— Мына Құдайдың бүйірі ұрыларға бұрып кетті. Бой тасалауға мүмкіндік бермей, бізге қырсығуын қарашы, — деп ренжіпті.

— Шамың бар ғой. Қалай жағып қарасаң, олай жағып қара, екеу-ақпыз, — депті екіншісі ыза болып, аспанға алара қарап, екі саусағын шошайтып.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама