- 28 там. 2023 00:00
- 247
Шақшақ Жәнібектің Тауасар батырға ат қойғаны
Тауасардың әкесі Есенаман баласына ат қойғызарда арғынның шақшақ руынан шыққан қарт Жәнібекті жорықтан келе жатқан жолынан тосып, сәлем беріп, қуанышты көңіл-күйін айтады.
Міне, сол даңқты Шақшақ Жәнібек қареке-байбура руындағы Есенаман байдың тілегіне бар ықыласын беріп, оның үйіне түседі. Қуанышты ата-ана ағынан ақтарылып, адал ниетімен, ақсарбас қойын сойып қарсы алады. Ақ күндікті ана мен айыр бөрікті ата аяулы көретін аруақты батырлары Шақшақ Жәнібектен:
— Баламызға ат қойып беріп, әруағыңызбен қорғай жүріңіз, — деп тілек етеді.
Ата-ананың қуанышынан жүрегі тебіренген батыр бесікті алып, бесік көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, тебірене бата беріп, бүй дейді:
— Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң, есер бол!
Ел ішінде дауың көп,
Жұрт алдында көсем бол!
Жабылған жауды жапырып,
Шайқасқанда есен бол!
Жекеге шықсаң желденіп,
Жауыңның басын кесер бол!
Сонан соң бетін сипады да, ата мен анаға қарап:
— Бесігін көтергенде, көңілім толды, балаңыздың аты Тауасар болсын! Бірақ біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде, алған бетінен тоқтатпа! — дейді. Шақшақ Жәнібекті пір тұтып сыйынған ата-ана:
— Әумин! — деп бетін сипайды.
Оқуға кеңес береміз: