Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Шегіршін

Шегіршін (Лабазник вязолистный, Filipendula ulmaria (L.) Maxim.) — биіктігі 1-2 метрге жететін, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Сабағы тік, жоғарғы жағында жайыла өседі. Жапырақтары қауырсын тәрізді, шеттері ара тісті, 2-4-тен жұпталып қарама-қарсы орналасқан. Жапырақтарының төменгі жағында ақшыл көк (бозғыл) түсті, киіз тәрізді ұйысқан қалың түгі бар. Гүлдері майда, ақ немесе сары түсті, өсімдіктің жоғарғы жағында шоғырлана өекен. Гүл жапырақшасы да, гүл тостағаншасының қалақшалары да бес-бестен. Жемісі көптеген кішкене жаңғақшалардан тұрады.

Шегіршін ылғалды шабындықтарда, орманның шеттерінде, сайларда, өзен жағасында, бұталардың арасында өседі. Дәрі жасау үшін оның жер бетіндегі бөлігін гүлдеген кезінде, ал тамырын ерте көктемде немесе күзде жинайды. Шегіршіннің құрамында гаультерин және спиреин деген глюкозидтер бар. Гаультериннен метильсалицилатты бөліп алуға болады. Сондықтан осы өсімдіктің тамырынан жасалған дәрідер аптекаларда салимент, капсин, бомбенги, бальзам, санитас деген аттармен сатылатын бірсыпыра метильсалицилатты дәрілердің орнына жүреді.

Ғылыми медицинада шегіршінді бұлшық еттер мен буындар ауырғанда денеге жағу үшін кеңінен қолданады. Халық медицинасында бұл өсімдіктің сулы тұнбалары мен май дәрілерін ревматизмді, қуық пен бүйрек ауруларын, геморройды емдеу үшін пайдаланады, асқазан қатты түйіліп ауырғанда да емге қолданылады. Сонымен қатар оның тер шығаратын, өт айдайтың қасиеттерін пайдаланып, денедегі ісіктерді қайтару үшін, сарыпты (подаграны) емдеу үшін пайдаланады. Әйелдердің ақ етеккірі келгенде, денеге шиқан шыққанда және дене сыртындағы іріңді жараларды емдеу үшін де пайдаланады. Жылан шаққанда немесе ит қапқанда денедегі жарақатқа өсімдіктің кептіріп ұнтақталған тамырын себеді.

Дәріні дайындау және қолдану тәсілі

1 шай қасық шөп ұнтағын 1 стакан қайнап тұрған суға салып 20 минут тұндырады да, 1 күн ішінде біртіндегі түгел ішіп тауысады. Денедегі жараларды емдеу үшін өсімдіктің ұнтақталған 1 ас қасығын 1 литр суға салып, жарты сағат қайнатады да, даяр болған дәрімен денедегі әр турлі жарақаттарды жуады. Майдәрі жасау үшін өсімдіктің тамырын ұнтақтап, оның бір ас қасығын сиыр майының бес ас қасығына араластырады да, сырқыраған буындарға, шонданай нервісі қабынғанда белге жағады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама