- 25 қаз. 2019 00:00
- 284
Шетелдік мұғалім: Білім – емтиханнан кейін ұмытылып қалатын дүние емес
Елордада өтіп жатқан «Мектеп әлемін өзгертетін - ұстаздар» халықаралық конференциясында әлемдегі барлық педагогтарды толғандыратын мәселелер талқыланды.
Алқалы жиында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған екі мыңнан астам педагог бас қосты. Шетелден келген сарапшылар өздерінің авторлық еңбектерін ұсынып, заманауи білім беру, болашақ ұрпақты оқытуда тиімді тетіктерді пайдалану, педагогика саласының келелі мәселелері тақырыбында жазылған кітаптарын таныстырды.
«Мен еңбек жолымды дарынды балаларға арналған мектепте сабақ беруден бастадым. Жұмыс барысында білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін білім жүйесіне өзгерістер енгізу керек екенін түсіндім. Білім беру – адамдар ойлап тапқан процесс», - дейді Израильдегі Бейт Берл колледжінің аға оқытушысы Йорам Харпаз.
Ол мұғалім сөйлеп, оқушының тыңдап отыруы өткен ғасырларда қалып қойған тәсіл екенін айтты.
«Оқушы алған білімін емтихан кезінде айтып, одан кейін ұмытып қалатын кезеңнен де өтіп кеттік. Бұл тәсілмен оқытқан кезде «Жаман оқушы оқығанын емтихан тапсыруға бір минут қалғанда ұмытып қалады, жақсы оқушы оқығанын емтихан тапсырғаннан кейін бір минут өткен соң ұмытады» деген әзіл болған. Ақыл-ой мен миды әлденемен толтырылуы тиіс бос ыдысқа теңеуге болмайды. Білім берудің мақсаты – сол ыдысты біліммен толтыру дейді. Бұл да – ескі жүйе. Біз оқушыларға білімнің емтиханнан кейін естен шығаратын нәрсе емес, өмірлік тәжірибеде қолданылатын құрал екенін үйретуіміз керек», - дейді Йорам Харпаз.
Шара барысында Кембридж университетінің білім беру инновациялары орталығының директоры Коллин МакЛафлин, Израиль Бейт Берл колледжінің аға оқытушысы Йорам Харпаз, KidZania халықаралық білім беру бағдарламаларының директоры, балалар алдындағы еңбегі үшін Британ империясы орденінің құрметті офицері Гер Граус сияқты белгілі сарапшылар мен ғалымдар баяндама жасады.