Шын бақыттың айнасы
Жаңа ғана аяғымды басып, тілім жаңа шыққан кезде, өзіме құрбы балаларды бауырымнан жақсы көріп, ойнаушы едім. Ойнап жүріп қарным ашқаның, күннің, батқанын білмей қалушы едім. Сол, тіпті, сүйікті ойын әм жанымдай көретін жас құрбыларыма махаббатым, үйге келгендегі ата-анам сақтап қойып берген тәтті тамақ пен әлпештеп еркелеткен, аһ, сол өлшеусіз қызық бағым! Қайдасың? Қайда кеттің?.. Ол кезде өзімізден жасы үлкендерден қорқыңқыpaп, именетұғынымыздың, аулақ жүргіміз келетұғынымыздың себебі не еді? Тіпті, білмеуші едім. Енді шын білдім. Нанбасаңыз төменгі жазылған өмірімнің сырынан байқайыз.
...Біраз уақыттан соң қарасам, бізден жасы үлкеніректер асыр салып, асық ойнап ұтысып жатыр. Ай жарықта «ақ сүйек» ойнап, жарысып, күрес салып алысып жатыр. Оны көрген соң, бұрынғы жер шұқып «құдық» деп, тас үйіп «қора» деген ойынымнан мынау тіпті қызың көрініп, мен де соларға араласып кеткенім ғой. Мінеки! Менің «6agga» қарай басқан алғашқы адымым... Әрине, мұнан ойын да шықты, ұрыс та шықты. «Әкеме айтам» деп, кей нашардың балаларын қорқыту да шықты...
Әке, ағам кім еді? Ел билеген бай! Олардан кім қорықпайды?! Тағы біраздан соң әп-әдемі киінген, домбыра тартып, ән салып, неше түрлі ойын ойнаған «бозбалалар» көзіме елестеді. «Ойпырай! Шын 6ag мынау екен ғой!», не қылсам да солардай болмаққа тырыстым да, соларға араластым. Кейбіреулерінен анағүрлым астым да. Әрине, «бозбала» күндегі неше түрлі құмарлық пен істеген істерді айтып тауыса алмаймын.
Бірақ онан да әрі көрінген «бак» оған да тұрақтатпады. Себебі: біраздан соң, жиылысқа келіп, болыстар әмір жүргізіп, билер билік құрып, шешендер тілін безеп жатқанын дегендей, әлденеше түрлі «адамшылық» атты бір «бак» кез болды. Мұндай нәрсе адамды қызықтырмай тұра ма? Енді қамшылап, қалың жауға кіргендей-ақ өзімді-өзім қайраттандырып кірдім де кеттім.
Оның да неше түрлі ақыл-әдісін біліп алсам да, мына жақтағы «дәулет» деген бір тіпті керегіндей «бақ» шыға келді. Ол болмаса ешқайсысының өңі де кірмейтұғын болды, жолы да болмайтұғын болды. Ой, тәңірі-ай! Адам қылғанды адам қылмайтұғын несі бар деп, белсене қимылдап, оның да мәнісін таптым.
Бағана жас балалықтан асық ойнауға аяқ басқан кезімде кез болған бір іс бар-ды. Оны айтпай кеткенім: көңілім сүймей, зорлықпен болған іс еді. Және ата-анама жанымдай көріп қылған махаббатым алғаш бұзыла бастауына себеп болған да сол еді. Ол не десеңіз — оқу. «Балам асық ойнама, сабақ оқы», — деген екі ауыз сөз сүйгенімнен айырып, өз сүймегеніме зорлаған сықылданып еді. Яғни менің «бақ» іздеймін деп, шын махаббаттан айрылуға бет қойғанымның басы.
Енді жоғарғы сөзіме қайтайын. Сүйтіп тамам «бақты» тауып алдым да, өзімнен төмендегілерді «бақпен» көзге ұрып, көзін ағартып, алдыңғыларға, аяғынан алсам да жетпек болдым. Жеттім де. Мұнан басқа талай «бақтарым» айтылмай да қалды. Себебі: сіздерді зарықтырмай, ақырғы «бағымды» айтпақпын. Сүйтіп «бактан» «баққа» қонып жүргенімде, бір күні, құрғырдың қайдан келгенін білмеймін, «өткен өміріңді ойлашы» деген бір ой сап ете түсті. Амалсыз ойладым, сондағы ойым мынау: Мен жастықтан балалыққа қызықтым, одан бозбалалықты «бак» деп білдім. Онан әрі адамшылық атты «баққа» қызметкер болдым. Ақырында малға құл болдым. Себебі, жасаған сайын алдыңғы бұзылып, артқы «бак» түзу сықылданды.
Енді ойласам, өлмегім хақ. Жә, сол бақтарымның ең жарамдысын ұстап қана өлгеннен басқа не бар деп ойладым. Байқасам, жас бала күнімдегі бағымнан артығы жоқ. Себебі: онда қайғы да жоқ ар-иманнан тайғызатын ісі де жоқ. Бірақ оған қол жете алатын емес, бақ» емес, себебі онда қайғы да көп, катер де көп, ар-иманнан безу де көп.
Адамшылық деген алдамшы ат қойылған антұрған, айтпай-ақ қойылсын. Атына заты тіпті келмейді. «Мал — байлық» деген керек те болса, боқтың арасынан былғанбай алу, ар-иман кетірмей сақтау мүмкін емес. Жә, еріксіз жаңадан бір «бак» іздеу керек болды. Не қыларымды білмей, құр сандалып, көзімді жұмып жүрдім де кеттім. Не заманда маңдайым бір нәрсеге сақ ете түсті. Қарасам, бір үлкен айна. Бетін қара пердемен жауып қойыпты. Басындағы тақтайға «Шын бак айнасы» деп жазылыпты. «Құдай тағала шын тілесе береді екен ғой», — деп, қуанғаннан пердесін қайырып тастап қарасам, белі бүкірейген, көзі қызарған, аузы опырайған, бет терісі қатпар-қатпар қасы түксиген, сақалы құдай бір шал тұр!.. Алды-артын ойламай: «Сіз кім?» деп едім, әлгі шал (әрі мені мазақ қылғандай) аузын жыбырлатып сөйлегендей болды. Анықтап қарасам, езімнің айнадағы көлеңкем. «А! ЕН! Алдамшы бақтар, өкінішпен өткен өмірім!» — деппін де етбетімнен құлаппын... Бір заманда көзімді ашсам, ақ киімді, түсі сұп-сұр бір адам басымды сүйеп отыр екен. Менің есім кіргенін біліп: «Ақсақал, айнаға тағы бір қара! Бірақ өз көлеңкеңе де, одан арғыларға да алан, болмай, ең арғы балаларын әлпештеп отырған ерлі-қатынды кісі мен екі балаға қара!» — деді. Айнаға қарасам, өз көлеңкемнен ары байлар, адамшылықтар, бозбалалар, асық ойнаған балалар бірінен-бірі әрі, ең әріде азар көрінген ерлі-қатынды адам екі баласын әлпештеп сүйіп, балалары да мойындарынан құшақтап, ата-анасын аймалап түр. Сонда әлгі ақ киімді сүр кісі айтты: «Ақсақал, «шын бак» сол айнаның ең түбіндегі ата-анадағы шын махаббат пен балалардағы шын таза жүрек еді. Сол махаббат әм таза жүрек сізге де біткен еді. Соны қалдырмай, бұзбай ала жүріп, барша адам баласын өз балаң, өз бауырындай көріп, махаббат, ғадалат қылсаң, шын бақыт сол еді. Оны іздеп жүріп көрген бейнет, тартқан қайғы, аңшының қанша бейнетпен іздеген ақын алғанда қуанышқа айналғаны сықылды, сәудегердің пайда іздегендегі бейнеті көп пайда тапқанда қызыққа айналғаны сықылды болушы еді.
Сіз ол махаббат пен ақ жүректі жолдағы жалған атақтарға айырбастап кеткенсіз. Бұдан былайғы түрлі өміріңізде осыны қатты ескерерсіз. Өкініштен пайда жоқ енді иманыңызды айтыңыз!» — дегенде, талып қалыппын.