Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Шыршаның жыры

(Мультфильм үшін)

Мен өліп тірілген шыршамын. Кішкентаймын.

Тауда туыппын. Қалай туғанымды, қалай жаратылғанымды мен білмеймін. Мүмкін, мені бір игі жан шыбықтан шаншыған шығар. Мүмкін, Алып Атаның жаңғағынан жаратылған шығармын.

Алып Ата дегенім — дәу шырша. Оның үлкендігі сонша, бұтақтары мен қылқандарынан аспан көрінбейді. Мен соның іргесінде өстім ғой.

Алып Атаның түр-түсі көгілдір, тіпті ұшар басы бурыл тартып кетеді. Көп жасағанынан болар.

Оның айналасында өскен жалғыз мен емес. Мен сияқты балапан шыршақайлар көп болатын. Есімде қалғаны: біз өскен алаңқайлардың астында өзен гүрілдеп жатады. Оның өзен екенін мен қайдан білейін. Алып Атадан сұрадым:

— Алып Ата, анау бір тынбай сарқырап жатқан не? — деп.

Өйткені Алып Ата бәрін көріп тұрады ғой. Өйткені ол Аспанның өзін тіреп тұрады ғой.

Алып Ата:

— Ол өзен деген болады, Шыршақай, — деді.

— Алып Ата, өзен деген не? Ол бізді жұтып жіберетін сияқты. Қорқамын. Гүрілдейді.

— Қорықпа, Шыршақай. Өзен деген су болады. Аспаннан жаңбыр жауғанда сенің инедей қылқандарыңа моншақтай жылтыраған тамшылар ілініп қалады. Әне, анау төменде жатқан қаланы көрдің бе? Рас, түтіннен анық көрінбейді. Сол қалада адамдар тұрады. Олар су болмаса өліп қалады. Мына өзен соларды асырайды.

— А-а, — дедім ойланып.

Жаңбыр жауғанда қылқандарыма ілініп қалатын інжу-маржан тамшылар есіме түсті. Менен басқа шыршақайлардың үстіне де інжу-маржан ілініп қалады.

Күн шыңдардан асып шыға келгенде, сол тамшылар жақұттай жарқырайды.

Шіркін, сонда Тәңіртау тұтас ән салады. Ол ән інжу-маржан тамшылардың қоңыраулатқан жыры сияқты. Жаңбыр тез басылады. Күн тез ашылады. Әлгінде жаңбыр нөсерлетіп, төгіп-төгіп өткенде тына қалған кішкентай әнші құстар қайтадан құйқылжытып, мың құбылтып Тәңіртау ішін әуенге бөлейді.

Қызыл-сары, жасыл-көк көбелектер бірін-бірі қуалап асыр салады. Бал араларының бағы жанады. Еңлік гүліне қонып алып, шырынын сорып, құнжындағанын көрсең...

Ал, еңлік гүлінің шырынынан шыққан бал өлгенді тірілтеді, ауруды жазады, кәріні жасартады, — дейді Алып Ата. Алып Ата айтса, рас болғаны. Өйткені бұл Тәңіртауда одан көп жасаған шырша жоқ.

Тауда не жиі — жаңбыр жиі. Күн жадырап тұрып, кенет қара бұлт үйіріле қалады. Лезде найзағай жарқ-жұрқ етіп, күн күркірегенде Тәңіртаудың өзі дір-дір етіп, теңселіп кеткендей болады. Біз, кішкентай шыршақайлар тау құлап, бізді басып қалады екен деп қорқамыз.

Алып Ата:

— Қорықпаңдар, шыршақайлар. Кәзір бәрі басылады, — деп қояды.

Нөсер кезінде лағын ерткен Елік бике елең-елең етіп, Алып Атаның түбіне келіп тығылады. Өйткені Алып Атаның түбі жып-жылы ғой. Киіздей қалың қылқандарынан тамшы өтпейді. Айналасы текемет төсеп тастағандай жұп-жұмсақ. Жүз жыл бойы түлеген қылқандардан жаралған мұндай төсек патшаларда да жоқ қой!

Аққу мамықты төсекте жатқан патшалардан мына балалы Елік бике мың есе бақыттырақ. Жаңбыр толастағанда Елік бикенің лағы маған жақындап келіп, қылқандарымды иіскелейді. Қылқандарымның инедей ұшы тұмсығын қытықтайтын болуы керек, кегжең етіп басын тартып алып, мөп-мөлдір жәудір көздерін маған төңкеріп:

— Неге қытықтайсың, мен сенімен ойнағым келеді, — дейді. Сөйтіп, алдыңғы аяқтарын аспанға көтеріп, би билей бастайды. Маған:

— Кел, бірге билейік, — деп қиыла сыбырлайды. Мен билегім-ақ келеді, бірақ орнымнан қозғала алмаймын.

Сонда Алып Ата аспандап тұрып:

— Әй, балақай, әурелеме Шыршақайды. Шыршалар билеуге жаралмаған. Шыршалар жүре алмайды. Құдай солай жаратқан. Біз бір орында туамыз, сол жерде өле-өлгенше тұрамыз. Шыршалар қаңғыбас емес, — дейді. — Шыршалар жүре алса, бәрі жан-жаққа қаңғып кетіп, мына тау жалаңаш қалар еді.

Сонда лақтың енесі:

— Оның рас, Алып Ата. Шыршалар өз мекенінен ешқайда кетпейді. Өйткені сендердің жауларың жоқ. Ешкім тимейді. Дүниеде қорғансыз жаратылған мына біз, еліктерміз ғой, — дейді: — Айнала бәрі жау: қасқыр да, барыс та, әне анау қалықтап жүрген бүркіт те. Бәрінен де адам жаман. Жаныңа жақындамай-ақ өлтіре салады. Алыста тұрып-ақ түтін түкірсе болды — өлеміз де қаламыз. Сондықтан бізге аяқ керек. Бізді аяғымыз асырайды.

Енесі лағын жанына шақырып алады. Мен қимаймын. Еліктің лағы жанымда тұра берсе екен. Әңгіме айтса екен деймін. Өйткені ол көп біледі ғой. Бұл тауда ол көрмеген жер жоқ. Бәрін біледі. Ілесіп кеткім келеді, бірақ жүре алмаймын.

Ене елік Алып Атаға қарап:

— Рақмет, Алып Ата, жаурағанда панасың, адасқанда ақыл айтар данасың. Шыршақайларың аман болсын. Жаңбыр басылды. Күн ысыды. Киікоты мен көкемаралдың шығы ұшты. Мен мына лағымды отқа апарып, тойдырайын, — дейді. — Бұл байғұстың әкесі де жоқ. Қайда сандалып жүргенін білмеймін. Адамдардың түтін түкірігінен, теңбіл барыстың азуынан аман болсын, жүрген шығар. Қыстың қара суығында, текебұрқақта бір-ақ жолығамыз. Аз күн қызық дәурен сүреміз. Сол біздің көрген күніміз. Қош, рақмет.

Алып Ата:

— Сау бол, Елік бике, — дейді. — Бірақ сен жаңа шыршалардың жауы жоқ деп қатты қателестің. Шыршалардан гөрі сендер, еліктер, әлдеқайда бақыттысыңдар. Желмен жарысасыңдар, тастан тасқа секіресіңдер, сәтін салса, жауларыңнан құтылып кетесіңдер. Ал, бізде аяқ жоқ. Ешқайда қаша алмаймыз. Адамдар әсіресе шыршақайларға өш. «Жаңа жыл» деген бірдеңелері бар. Қақаған қыстың қақ ортасы. Ол неғылған Жаңа жыл? Не көктемнің басы емес, дүн-дүние жаңаратын. «Жаңа жыл» дейді де шыршақайларды балтамен шауып қырып салады. Алысарға дәрмен жоқ.

— Шыршақайларыңды Құдай жаулардың балтасынан сақтасын, Алып Ата, — дейді Елік бике кетіп бара жатып.

— Рақмет, Елік бике, келіп тұр. Жоғарыдағы Ұлардың халі қандай екен? Төмендегі Кекіліктің жағдайы жақсы ма? Соны біле кел, — деп қалады Алып Ата.

Алып Ата еліктерді жақсы көреді.

— Момын жаратылған жануар, — деп аяйды. — Арқар мен Таутекенің тым құрыса мүйізі бар. Анау-мынау қасқырға алдырмайды. Ал, Елік бике байғұста о да жоқ қой. Мүйізі әлсіз. Әлсізді аяу керек.

Ал, мен ойлаймын: біз де әлсізбіз ғой. Бізді кім аяйды? Бізге қарағанда, біздің аталас ағайынымыз Арша бек бақуат. Арша әр түрлі: жайылып жататыны болады. Біз сияқты үшкірленіп, аспанға шаншыла өсетіндері де болады. «Жаңа жыл» деген жаудың Аршада шаруасы жоқ. Біз ғой желдің өтінде, жаудың бетінде тұрған. Осыны ойласам зәрем ұшады. Алып Ата жаңа Елік бикеге бар шындықты түгел айтқан жоқ. Шыны сол: адамдар шыршақайларды ғана балталамайды. Алып Ата сияқты ірі шыршаларды да шабады. Рас, шыршақайлар сияқты жаппай емес, ірілердің ең биігін, ең сұлуын таңдайды. Оны «Патша шыршасы» деп атайтын көрінеді. Оны мен қайдан білейін, Алып Ата айтады ғой:

— Мені де әлдеқашан кесіп әкететін еді, Құдай жарылқағанда, мен сұлу емеспін, әрі десе кәрімін. Қарқарадай төбе қылқандарым ағарып, өрт шалғандай ала-құла сарғайып кеткен, — деп.

Мен сонда армандаймын: жарқабақтағы бақа-терек сияқты қисық-қыңыр болып өссем екен деп. Сұлулығың өзіңе сор. Сұлулық — Құдайдың сыйы дейді. Бірақ сиынары жоқ сұлулық қорғансыз. Қорғансыздың күні құрысын.

Адамдар айтқандай, «бесіктен белім шықпай» жатып уайымшыл болдым. Өйткені қыр астында қыс тұр. Одан кейін «Жаңа жыл»дегені келеді...

Теректер мен үйеңкілердің, қайыңдардың жапырақтары сарғая бастады. Мұндай мезгілді адамдар «күз» дейді екен. Ал, «қыс» дегені түскенде теректер, үйеңкілер, қара ағаштар жапырақтарынан тып-типыл айырылып, қаңқа боп қалады. Тек біз ғой қысы-жазы жап-жасыл боп тұратын. Біз неге теректер сияқты болмадық екен. Сонда қыршынымыздан қиылмас едік.

Сол күні қар жапалақтап жауды. Күллі дүние ақторғын жамылып, бұл әлемде ешқандай жаманшылық болмайтындай, бәрі де аруланып, күнәдан пәк тазарып, кір басқан жер бетіне періштелер келіп қонғандай, керемет жұмақ орнағандай еді.

Періштелер келсе, әзірейілдер жоламайтын шығар. Алып Ата солай дейді. Өйтпесе періште кім, әзірейіл кім, мен қайдан білейін.

Алып Ата да адасады екен. Айтқанының бәрі алтын емес. Дүниеде көп жасаса да, оның да білмейтіні көп. Періштелер дегеніміз, ақ жамылған қарақшылар екен. Ақыры балтасын алып жетті.

Алып Атанын айналасындағы бүлдіршін шыршаларды балталап, қылқандай қырқып тып-типыл етті.

Сонда Алып Ата:

— А, Құдай! Жас жеткіншекті алғанша, мына кәрі қақбас мені неге алмайсың?! — деп күңіренді. — Айналам тақырланып, жападан-жалғыз қубас болып қалдым ғой. Енді ертегімді, жырымды, сырымды кімге айтамын, — деп зарлады.

Қарақшылар оның зарын елең қылған жоқ. Бізді дәу машинаға тиеп алып, қап-қара түтін басып тұратын «қала» дегеніне қарай ағыза жөнелді.

Балта шапқан діңімнен жылай жылжып сол ақты. Сырқырап ауырғанда жанымды қоярға жер таппаймын.

Адамдардың топастығы: шыршада жан жоқ деп ойлайды. Жан болмаса мен осынша күйзелем бе? Сол адамдардың өздерін балталап, аяқтарын жілігінен шауып тастаса қайтер еді? Бірақ олар да дүние-дүние болып жаратылғалы бірін-бірі балталап-ақ келеді ғой. Өздерін өздері. Оларды бір шырша балталаған жоқ. Өздерін өздері. Өздерін өздері аямаған, шыршаны аяп неғылсын.

Алып Ата айтушы еді:

—Жан-жануар, түрлі мақұлықат, өсімдік біткен екіге бөлінеді, — деп. — Бір парасы жыртқыштар, бір парасы момындар. Сонда Аллатағала ақылды етіп жаратқан адамдар да жыртқыштар тобына жатқаны ғой.

Дүниеде мейірімділерден мейірімсіздер көп болса, ол дүние қайғы-қасіреттен көз ашпайды.

Мені бір биік үйге алып келді. Адамдар қызық: үйлерін неғұрлым биіктете беруге тырысады. Тәңіртаумен таластырғысы келе ме екен. Бірақ Тәңіртаумен теңесу қайда-а-а.

Адамдар өтірікші болады екен. Мені иығына салып көтеріп келе жатқан Қабасақал өзіне кездескен кісіге:

— Базардан сатып алдым, — деді.

Мен:

— Сенбеңіз, мені балталап шауып алды, — деп едім, ешкім елең қылған жоқ. Сірә, шыршақайлардың тілін бұлар түсінбейтін болуы керек.

Кәусар ауа жұтып өскен мен байғұс мына қаланын ауасынан жүрегім айнып, құсқым келді. Адамдар бізде жүрек жоқ деп ойлайды. Білмейді ғой.

Қабасақал мені үйіне кіргізіп, креш ағашқа діңімді сұғып қойды. Балта шапқан жарам бұрынғыдан бетер сырқырап ауырғанда, жанымды қоярға жер таппай жыладым. Бірақ шыршаның жылағанын адамдар сезбейді.

Қабасақалдың балалары бар екен. Мені айнала қоршап: «елочка, елочка» деп қуана айқайлайды. Бұтақтарыма неше түрлі жылтырақ бірдеңелерді іліп тастады. «Елочка в лесу жила» дей ме, бірдеңелерді айтып ән салады. Қол ұстасып мені айнала береді, айнала береді.

Үйлері ыстық екен, тұншығып, ыстықтан терлеп, әрең шыдаймын.

— Аяғым ауырды, — деп жылаймын.

Бірақ ешкім менің жылағанымды естімейді. Құлақтары бітеу ме, білмеймін. Әйтпесе, біз шыршалар бір-бірімізбен сыбырлап сөйлескенде бәрін анық есітеміз ғой. Тым-тым, нәзік, өте сазды, үлбірек сезімді үнді естуді Құдай адамдарға бұйыртпаған.

Балақайлар мені айналып, айналып, түннің ортасына дейін шүлдірлесті де, ақыры бастары айналды ма — бәрі тырайып, тырайып жатып қалды.

Адамдардың балақайлары қызық болады екен: жатып ұйықтайды екен. Ал, біз болсақ, тікемізден тік тұрып-ақ ұйықтай береміз ғой.

Осылайша, шамада бір аптадай уақыт өтті. Енді маған ешқайсысы назар салмайтын болды. Балақайлар да айналмайды. Мені мүлде ұмытып кеткен сияқты. Мен өкпелеп қалдым. Адамдар айнығыш болады екен-ау, дедім. Тез жанығып, тез суып қалады екен. Жақсы көрсең — ақырына дейін жақсы көр.

Бір күні Қабасақал менің бұтақтарыма ілінген жылтырақ ойыншықтарды: жансыз қояндарды, бұлбұлдарды, әтештерді, тағы басқаларын сылдырлатып, сыпырып алып тастады. Әрқайсысын мақтаға жеке-жеке орап, бір қағаз қорапқа салып қойды. Аяғымдағы кіреш-ағаш кебісімді де шешіп алды.

Сөйтті де, өзімді көтеріп, балкон дегеніне шығарып, биіктен-биіктен төмен қарай тастап кеп жіберді. Жүрегім тас төбеме шығып, қорыққаннан көзімді тарс жұмып алдым. Адамдар ойлайды: бізде жүрек жоқ, көз де жоқ деп. Білмейді.

Ұшып келем, ұшып келем, бір уақытта қалың қарға түсіп, қисайыңқырап барып қадалдым да қалдым. Сөйтсем ол биік үйдің кіре беріс сыртқы есігінің үстіндегі қалқан-қалпақ екен. Биіктен үстімізге бірдеңе түсіп кетпесін деп адамдар кіреберіске қалқан-қалпақ жасап қояды екен.

Тағы да болса қалың қарға түсіп жаным қалды. Тақырға түскенде талқаным шығатын еді.

Есімді жиып алған соң: «Бұған да шүкір» дедім. Ашыған капуста, арақ сасыған ыстық үйден гөрі, мынау ауасы түтін-сасық болса да дала ғой, әйтеуір.

Мені көпке дейін ешкім байқаған жоқ. Өйткені адамдар тұқшиып төмен қарап жүреді. Алтын тауып алатындай жерден көздерін алмайды. Аспан дегенді білмейді. Бастарын көтеріп аспанға бір қарамайды. Адамдар аспанға жиі-жиі қараса мейірімдірек болар еді. Бірақ бұл қалада аспан дейтін аспан да жоқ. Түтін тұмшалап тұрады.

Мені алдымен шымшықтар көрді. Кәдімгі жаушымшықтар. Оларды кейбіреулер: «воробей» дейді екен. «Ұрыны ұр» дегені болса керек. Шымшық байғұс ешкімді тонап та жатқан жоқ. Адамдар қызық: өз ұрыларын ұстап алып ұрса да жарар еді. Түйені түгімен, кемені жүгімен жұтып жатқандар жетеді ғой. Бейшара, қысы-жазы мекенін тастамайтын, өз отанына пәруана берілген момын, әлсіз құсты ұры дейді.

Шымшықтар маған үйір болып алды. Таудағы құстар сияқты бұлар да шыршалар тілін біледі екен. Тек адамдар ғой өздерінің тілдерінен басқаны түсінбейтін.

Шымшықтар шиқ-шиқ етіп:

— Қайдан келдің?

— Қалқан-қалпаққа қай қабаттан түстің? — деп сұрайды.

Мен болған істің бәрін айтып бердім. Олар мені аяп, Қабасақалға ашуланып, өздерінше шу-шу етті.

Менен:

— Не керек, жаурамайсың ба? — деп сұрады.

— Жоқ, жаурамаймын. Тек аяғым сырқырап ауырады. Жарасы жазылмай қойды,—дедім.

— Олар:

— Қар кеткен соң аяғыңды балшықпен емдейміз, — деді.

— Қар кәзір мені тіреп тұр ғой. Еріп кетсе, құлап қалмаймын ба? — деймін.

— Құлатпаймыз!

— Құлатпаймыз! — деп шулады шымшықтар.

— Аяғыңның айналасына топырақ үйеміз.

Кәдімгідей үміттеніп қалдым. Аяғымның қақсап ауырғаны да азаяйын деді.

Ақыры күн жылып, қар ери бастады. Мен бір жағыма қисайып, құлайын деп те қалдым. Астымдағы сұр бетон жалаңаштанып бара жатыр. Қап-қатты.

Әне сонда шымшықтар аяғымның айналасына балшық, топырақ таси бастады. Олар бұрынғыдан да көбейіп кетті. Сірә, басқа аулалардың да шымшықтарын асарға шақырған болуы керек.

Енді шымшықтарға қараторғайлар қосылды. Қараторғайлар шымшықтардан гөрі үлкенірек қой. Қаланың қараторғайлары.

Қарғалар жаныма жоламай, аулақтан бақылап отырады. Ақыры олар да істің мән-жайын түсініп, жүн-жұрқа аралас балшықты тұяқтарына уыстап алып, төбемнен төмен қарай тастайтынды шығарды.

Алыстан-алыстан, Африкадан арып-ашып жеткен наурыз-көктер де қарап қалмады. Олар да шымшық сияқты кішкентай. Ол бір арамдығы жоқ, тілеуқор құс қой.

Тіпті кептерлер де қаптап келді. Мысыр кептерлері де қарап қалмады.

Сөйтіп астыма едәуір төбешік үйілді. Мен енді құламайтын болдым. Балта шапқан жарам да қақсағанын қояйын деді. Тұла бойым исініп, тамырларыма сол жүгіре бастады. Біздің сөліміз — адамдардың қаны сияқты ғой. Сөлі барда ағаш дүниесі оп-оңай өле қоймайды. Сөлі біткенде ағаш қурайды, өледі.

Ақыры астымдағы тас бетон шытынай бастады. Балта шапқан жарамнан тамыр өсіп, бетон жарықшағын кеулеп, тереңдей берген сияқты.

Сөйтіп тоғыз қабат үлкен үйдің қалқан-қалпағының үстінде мен жайраңдап, қайтадан құлпыра бастадым. Шымшықтар мені ұмытқан жоқ. Бұтақтарыма қонып, қылқандарыма тұмсықтарын үйкеп, мені аялап, мәпелегендей болады. Тіпті Мысыр кептері менің бұтағыма ұя сала бастады. Мысыр кептері дүниедегі момын құс. Бұтағына құс ұя салған ағаш — зәһарсыз, мейірлі ағаш.

Мені адамдар да байқай бастады. Сұп-сұр бетонның үстіне өсіп тұрған бұл не керемет деп таңғалып, таңдайларын тақылдатты. Қабасақал сонда мақтанып:

— Бұл менікі ғой. Оһо! Қалай, ә! Келер Жаңа жылда үйге қайтып апарамын, — деп кеңк-кеңк күліп алды.

Бірақ, «бұйырса» деп айтпады. Айтқанда, бәлкім, мені тағы да балталап шауып, үстіме әлем-жәлемін іліп, ит әуреге салар ма еді, кім біледі.

Астымдағы сұр бетон әбден шытынап, о да топыраққа айнала бастағандай еді. Негізіне тартқан шығар. Дүн-дүниенің негізі топырақ қой.

Бірде түні бойы жаңбыр жауды. Жердің бетін сел алып кетті. Таңертең жұмысқа асыққан адамдар қалқан-қалпақтың астына тұра қалып, қолшатырларын ашып, су кешіп, бүрсеңдеп кетіп бара жатты.

— Оһо! — деген дауысты бірден таныдым. Бұл Қабасақал еді. Қалқан-қалпақтың астында шылымын тұтатып біраз тұрып қалды. Шылым тартқанын түтіннің иісінен білдім.

Бір кезде қалқан-қалпақ күтір-күтір ете қалып, гүрс етіп жерге құлап түсті. Мен де құладым. Есім ауып көп жатыппын.

Бір уақытта бульдозер деген келіп, бетон сынықтарын, олармен қоса мені де қоқыс машинаның үстіне лақтырып-лақтырып тастады.

Есім сәл-сәл кіре бастағанда байқасам: адамдар у-шу. Әлдекімдер бақырып жылап жатыр. Сірә, Қабасақалдың әйелі, балалары-ау дедім. Жөнді көре алмадым. Өйткені машинаның қорабында, бетон сынықтардың астында қалдым ғой.

Машина жүріп кеп берді. Қайда бара жатыр — білмеймін. Сірә, қаланың сыртына апарып төгетін шығар. Сонда мен ол жерде тағы да тамыр жая аламын ба, жоқ па — болжаусыз. Бәлкім мен де, Қабасақал да топыраққа айналармыз. Өйткені бәріміздің негізіміз топырақ қой.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама