Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Ұзақ командировка

Тауға қараған балконға жаңбырдан бұрын жел жетті. Көшедегі жасыл ағаштар тыпырлап-ақ қалды. Әлгінде ғана жайнап тұрған шашыратқы гүлдер лезде көкшіл көздерін жұмды.

Сонда құлағы қалқиған сары бала:

— Арыстан аға, мен папаммен бірге тауға барғанмын, білемін, — деді.

Соны растағандай дәу басын изеген кезде, жіңішке мойны әлгі басты әрең көтеріп тұрғандай еді.

Сары баланың үлкен қой көздері жасына жетпей ойлы сияқты. Күлсе — ықыластана күледі де, екі езуі қалқан құлақтарына дейін жетеді. Ақсиып ірі-ірі аппақ тістері көрінеді.

— Білемін, білемін, білемін, — деп арық қолдарымен балконның жақтауын шапаттап айқайлап жіберді.

— Нұрлан, не болған саған? — деп шешесі балконға бас сұғып қарады.

Жел үдей түсті. Иілген ағаштың бұтақтары электрдің жалаңаш сымына тиіп кеткен сайын, шатыр-шұтыр, жарқ-жұрқ ете қалып, уыс-уыс ақшыл шоқ шашырайды.

— Енді балконда отырмай-ақ қойыңдар, үйге кірсеңдерші, — деді менің әйелім.

— Рас, — деді Нұрлан маған, — папам мені тауға алып барған. — Сонан соң сәл ойланып тұрып: — Бірақ ол қаша-ан, бұдан жүз жыл бұрын еді, — деді.

— Соқ өтірікті, — дедім мен шыдай алмай. — Өзің бес-ақ жастасың. Қайдан жүз жыл бұрын болсын?

Бала мені мүсіркегендей дәу басын қисайтып біраз тұрды да:

— Ой, Арыстан аға, жүз жыл дегенде — жүз жылдың өзі емес қой, — деді. Бет әлпетінде: «соны да түсінбейсің бе» деген нышан бар.

— Әй, Нұрлан! Ағаның мазасын алма, — деді анадай жерде динам үстінде отырған Жанна.

— Менің мазамды алған жоқ, сен назар салмай отыра бер, — деймін баланың мамасына.

— Жанна, саған не болған, өз бетінше отырған баладан айналып кетпейсің бе, — деп әйелім түсті араға.

* * *

Үйдің ішін үнсіздік жайлады.

Балалармен тіл табысуға орашолақ адам едім, кішкентай мейманды немен алдандырарымды білмей дағдарып отырғанымда, қобдишадағы түрлі темір-терсек, значоктар есіме түсе кетті. Жерден жеті қоян тапқандай, жүгіріп барып қобдишаны қолтықтап қаштым.

— Мінекей, біздерде мынадай бар, мынадай бар, — деп Нұрланның алдына нешебір жалтырауықтарды жайып салдым.

Далада бұрқ-сарқ күн күркіреп жатты. Онда ісіміз жоқ. Бала мәз, соған мен де мәз.

Ойдан-қырдан жиналған әлгі значоктардың бір уысын Нұрланға сыйладым.

— Рақмет, — деді ол ересек адамша. — Мен значок жинап жүрмін. Тіпті менде әлі папам әкеп берген значоктар мен шетелдік шақалар да бар.

Мен көңілденіп, мырзалығым ұстап кетті де, ВДНХ-ның қола медалін қоса бердім. Кішкентай мейманым медальді ары қарап, бері қарап, тіпті титтей алақанына салып, салмақтап көрді де, өзіме қайтып берді.

— Мұны алмаймын, Арыстан аға, — деді. — Мұны сіздің өзіңізге сыйлаған. Маған алуға болмайды.

— Сыйлаған емес, Арыстан ағаны наградтаған, — деп баланың қас-қабағын аңдап отырған мамасы сөзге араласты. Соны айтып, қара көйлегінің тар етегін тартқылап, сирағын жасырмақ боп қысылып отыр.

— Нагдраттаса тегі жақсы, — деді Нұрлан сөзін салмақтап. Шәушиген бетіндегі үлкен аузы томпайып шыға келді. — Менің папамды да наградтар еді, оның да осындай медалі болар еді...

— Нұрлан! — деп мамасы айқайлап жіберді. — Қарыса ма жағың сенің, қарыспай ма! Сөйлеме дедім ғой мен саған. Жүр, киін, қайтамыз.

— Жанна, саған не болған, — деп әйеліміз екеуіміз өре түрегелдік. — Далада жаңбыр құйып тұр!

— Оһо, — деді бала үлкендерше, — жаңбыр деп осыны айт. Мама, мама, қазір папам командировкадан кеп қалса қайтеміз? Ол үйге қайтіп кіреді? Су-су боп қалады ғой.

Мамасы бұл жолы ынты-шынтысымен жауап беріп жатыр:

— Нұрлан, сен жолы ме едің, папаңның өзінің кілті бар ғой, командировкадан біз жоқта кеп қалса, өз кілтімен ашып алады үйді. Әй, бірақ келе қоймас. Келетін уақыты бола қойған жоқ...

Бала күрсінді. Әлгінде ғана өзі қызығып, құныға қараған значоктар жайына қалды.

Кенет алақандай көздерінен от ойнап, ақ сары жүзі бал-бұл жайнап:

— Арыстан аға, менің есіме енді түсті. Сіз білесіз бе, папам мені стадионға алып барғанда тура осындай жаңбыр жауған. Стадионда футбол болды-ау деймін. Ұмытып қалыппын. Жүз жыл өтті ғой... — деді.

Мені тағы сенбес дегендей бетіме қарады:

— Жүз жыл дегенде, шыннан жүз жыл екен деп қалмаңыз. Баяғыда дегенім ғой. Сонда папам менің үстіме газет жапты. Бәрібір үсті-басымыз су-су болды. Со жолы мен ауырдым-ау деймін. Есімде жоқ, жүз жыл өтті ғой.

— Нұрлан, не айттым мен саған, Арыстан ағаның мазасын алма дедім ғой, — мамасы тағы да ашулы көзбен баланы атып өтті.

Әйеліміз екеуміз оны тағы тарпа бас салдық:

— Жанна, нең бар, тыныш, адам құсап әңгіме айтып отырған балада. Мұндай ақылды баладан айналып кету керек қой. Кел, Нұрлан!

Үлкен аузы томпая қалған Нұрланды өзіме тартып, бауырыма қыстым. Бір жақсы жері, бала кекшіл де, шолжаң да емес. Лезде жадырай салып, қойныма қойып кетті.

Баланы бауырыма басарымды бассам да, бір түрлі себепсіз сезімнен қысылып барам. Бала ұп-ұзын арық саусақтарымен иығымды сипалады. Күрсініп қойды. Бір бәленің боларын сезгендей менің де тынысым тарылды. Ап-арық ұзын саусақтар жағымды жағалап, бір күннің ішінде өсіп қалған сақалымды сипалай бастады. Тостағандай тұп-тұнық көздер бетіме кірпік қақпай тесіле қарап қалған. Сидаң саусақтар жылжып жүр. Соқырлар әлденені іздегенде, әлдекімді танығысы келгенде осылай сипалайды. Менің беті алаулап, тұла бойым бір қызып, бір суып, қалшылдатып барады. Егеудей сақалды ары-бері ақырын ысқылап көрді де, бала:

— Қытығың келмей ме, Арыстан аға? — деді.

Жанна бүк түсіп, булығып отыр. Менің әйелім де шыдамады.

— Сіздің шашаңыз қара екен, папамдікі, ұмытпасам, сарғыш еді... Солай ма, мама?

Жауап орнына мамасы енді дауыстап жіберді.

Әйеліміз екеумізде үн жоқ.

Жападан-жалғыз қалған бала ақыры шыдай алмай:

— Мама, кешір, мен сенен сұрайын деген жоқ едім, бірақ папамның шашы қандай еді — ұмытып қалыппын. Жүз жыл өтіп кетті ғой, — деді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама