- 12 қар. 2019 00:00
- 262
Шұбар киік (І нұсқа)
Ертеде құралайды көзден ататын бір аңшы болыпты. Тәңірінің бұйыртқан несібесін түзден теріп жеп, аң аулап күн көреді екен.
Күндердің бір күнінде сағым шалған сары далада өзегі талып, өкпесі өшіп аң аулап келе жатса, бетегелі белде жайылып жүрген жалғыз шұбар киікті көреді. Иіс шалдырмау үшін ық жағын алып, сайды жалдап, беткейді құлдап, садақ тартым жерге келеді. Баспалап қараса, желіні жер сызған ешкі екен. Аң деген көздің құрты, аңшы сол жерде «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп, садағын кезенеді.
«Түз тағысы табиғатпен тілдес» деген емес пе, бір қатердің төнгенін сезген шұбар киік селт етіп басын көтерсе, садағын кезеп тұрған сұр мергенді көреді. Оқтан жүйрік емес, енді қашып құтылмасын білген шұбар киік көзі мөлдіреп аңшыға қарайды да, жалбарына тіл қатады.
— Ей, Сұрмерген, жаныма сауға сұраймын. Әлі бауыр көтеріп үлгермеген егіз лағым бар еді. Сол панасыз лақтарымды аңсап, жүрегім елжіреп, желінім дертіп келемін. Мені атпа. Тілімді алсаң, «атқан оғың жерге түспесін» деп батамды берер едім. Сонда сен ұшқан құс пен жүгірген аңды құтқармас несібелі аңшы боласың. Өле-өлгенше тарықпай өтесің! Жаныма сауға сұраймын, атпа! — дейді.
Аңшы бұл сөзді тыңдамайды. Күнімен табанынан таусылып, дала кезген аңшы бұл киіктен айырылса, үйіне құр қол баратындай болады да, садағын тартып жібереді. Сонда киелі киік аңшының көз алдына шұбар тасқа айналыпты дейді.
Осыдан кейін Сұрмергеннің жолы болмайтын болыпты.
Бұл оқиғаны естіген домбырашы «Шұбар киік» деп күй тартқан екен.