- 09 нау. 2020 00:00
- 284
Сыңар етік
Бір сараң бай айшылық жердегі базарға бір топ қойын сатуға айдап келіпті. Әкелгені құрысын, малына базардағы жоқ нарықты сұрап, саудалай келген адамдарды үркітіпті де тұрыпты. Байдан күдер үзген кісілер кеш түсе үйді-үйлеріне тарапты. Бір кезде бай жан-жағына қараса, кең алаңнын ортасында көзге шыққан сүйелдей шошайып бір өзі қалғанын көреді. Енді қалай өтерін білмей сасып тұрғанда, қасына қаланың қуақылау бір кедей жігіті келеді:
— Байеке, мына малдарыңызды сатасыз ба?
Қала жұртын алдамшы деп ойлайтын бай:
— Кет аулақ! Сенің алдауыңа түсетін аңқау, ашық ауыз мен емес, — дейді.
— Жарайды, сатпасаң, өзің біл, — дейді әлгі қу. «Тағы бір кездесерміз» деген ойын ішіне түйіп кетеді ол.
Сараң бай сата алмаған малына кіре етіп айдатып, ауылына қайтады. Бір белден асқанда, жол шетінде «қалжиып» жатқан бір сыңар етікті көреді. Әлгіні алып, ұстап тұрады да:
— Әттеген-ай, мынаның екінші сыңарының болмауын-ай, әйтпесе киіп алар едім, — дейді. Сөйтеді де, сыңар етікті лақтырып тастап, ілгері тартады.
Және бір қырдан асқан соң, бай жол шетінде жатқан әлгіндей тағы да бір етіктің сыңарын көреді. Алып көрсе, жаңағы етіктің сыңары екен. «Қап!» деп өкінген бай қойларын сол араға қалдырады да, дереу кері қайтады. Әлгінде алмай тастап кеткен етікке жетуге асығады. Тасада бұғып жатқан кедейдің күткені де осы болатын. Мынаның бәрін істеп жүрген де сол еді. Сараң байдың қарасы көзден таса болысымен, оның бар малын алдына салып, жөніне тартып отырады. Бай сынар етіктерді жинап, өкпесі өшіп жетсе, тастап кеткен жерінде қойлары жоқ. Ол аузы аңқайып, қолындағы сыңар етікке қарап, жан-жағына бір қарап тұрып қалады.