- 09 нау. 2020 00:00
- 199
Таңдайбайдың тәмпістықтары
Тиынның көзінен өткен бір саудагер болыпты. Оған есесі кетіп жүрген біреулер Таңдайбайдың есесін алып беруге қайрапты. Бір күні Таңдайбай оны арнаулы іздеп келіп, атын байлап қойып, қалашықты жаяу аралап жүрсе, әлгі саудагер басқа бір дүкеннен бір сандық асыл бұйым алып келеді екен. Мұны көрген Таңдайбай да сол дүкеннен бір сандық алып, аузына дәл сондай құлып басып, көтерген беті әлгі саудагердің дүкеніне келсе, саудагер сандығын текшенің үстіне қойып, демалып отыр екен. Таңдайбай сәлем беріп кіріп келіпті де, сандығын саудагердің сандығының қасына қойып:
— Мен біраз қалайы алмақ едім, — деген екен. Саудагер бір қадақ қалайы көрсетіпті.
— Менің алмағым бес қадақ еді, — депті Таңдабай.
— Ондай болса мен алып шығайын, — деп саудагер ішке кіріп кеткен кезде Таңдайбай екі сандықты ауыстыра қойыпты. Ол саудагер әкелген қалайыны ары көріп, бері көріп:
— Алмаймын, қалайыңыз нашар екен, — дегенде, саудагер ыза болып:
— Алмасаң кет өзің, ақымақ қылмай, — деп ауыстырып қойған өз сандығын Таңдайбайға таман итеріпті. Таңдайбай:
— Қаланы бір айналып келіп алсам, сандығым осында тұра тұрса қайтеді, — деген екен.
— Оттамай жоғал тез, әкет сандығыңды, — деп саудагер онан ары итермелепті. Сандықты көтеріп алып, Таңдайбай өз жолына түсіпті. Үйіне келіп ашса, ішіндегісі жүз қойлық нәрсе екен.