Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Сыр сүлейлері шығармаларында ұлттық дүниетанымның  көрініс табуы

Қазақ халқының тарихында зерттеуді қажет ететін ғылыми мәселелердің ауқымы өте көп. Қашанда қазақ жерінде дарын мен даналар, данагөй қариялар өте көп  болған. Сыр сүлейлері  сол дарын иелерінің ажырамас бір бөлігі болып қала бермек.

Сыр сүлейлерінің өмірі, тарихи кезеңдердің ең бір шиленіскен уақыты патшалық Ресейдің отарлау саясатының өршіп тұрған кезеңіне тура келді.  Кеңестер өкіметінің қылышынан қан төгіліп жатқан заманмен жалғасты. Сондай жағдайда да ақын-жырауларымыздың рухтары биік болып, салдары суға кеткен жоқ. Олар өз шығармашылықтарымен қатар, қазақ ұлтының да жойылып кетпеуі үшін күресті. Өз өлеңдері мен толғаулары, дастандарында отанға деген сүйіспеншіліктің биік үлгісін жасағанын білеміз. Мысалы, Т.Ізтілеуұлының «Қамын ойла халқыңның» өлеңіндегі:

Қайратты туған ер болсаң,

Қамын ойла халқыңның!

Жетім менен жесірге

Өзі бол жүзі жарқынның.  [1.39-б.]

- деп келетін шумақта күш-қайраттың барлығын халқың, отаның, елің мен жерің үшін жаса деген ұранды өлеңдерімен береді. Бұл жердегі «Өзі бол жүзі жарқынның» дегені қазақта «Жүзі жылыдан түңілме», «Иманжүзді екен» деген тіркестерге балап келіп:

Жатырмын айтып жақсы үгіт,

Тазасындай алтынның.

Өле қойсам, айтыңдар,

Жұрт жиналған жер болса

«Сөзі, - деп,- Тұрекең марқұмның!»  [1.40-б.]

деп исламдағы иманның бесінші, алтыншы шарттарын меңзеп қойып, өлеңнің соңын жеңіл қалжыңмен аяқтаған болып өзінің шебер импровизаторлық қасиетін де байқатады. Осы мазмұндас өлеңдерінің қатарына: «Қайрама халыққа тісіңді», «Адамдық іс», «Адам» шығармаларын да жатқызуға болады.

         Әрбір ақынның, сүлейдің халық тарихындағы қалатын еңбегінің өлшемі – оның азаматтық, отаншылдық көзқарасының тиянақтылығы. Халқын шын жан-тәнімен сүйген ақындардың есімдері туындыларымен бірге мәңгілік өмір сүретіні, олардың ұлттық мақтанышқа айналатыны да осындай азаматтық көзқарас шынайылығымен айқындалады.

Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбеттің де өлең жолдарынан осындай отанға, елге деген сүйіспеншілігін байқаймыз. «Қарасаң, жаман адам бұл жұртта жоқ»  өлеңіндегі:

Істеген озбырлығын қылар мақтан.

Ер болсаң елің үшін қызмет қыл,

Адам аз озбырлықтан пайда тапқан.

Жар достың жарамайды көңілін жыққан.

Азғырған ләпіс шайтан тіліне еріп,

Ойламай әркім қастық тұзын татқан. [2.41-б.]

Ерімбет Көлдейбекұлының жоғарыда келтірілгеннен де бөлек көптеген діни танымдық-философиялық шығармалары мен арнау толғаулары, қисса дастандары әлі күнге халық ауызында айтылып келеді.

         Ерімбет Көлдейбекұлының нақыл өлеңінің арқауындағы ең басты мәселе – адамның жақсы және жаман қасиеттерін салыстыра жырлау. Дәстүрлі өрнектердің нақыл өлеңдеріндегі қолданысында ақын қоршаған ортадағы, табиғаттағы тіршілік иелерінің – бәрінің де мінез-құлық ерекшеліктеріне орай баламалап жырлауды қолданады. Мысалы, «Әр жерде-ақ үлгілі сөз айтсам-дағы» нақыл өлеңіндегі салыстырмалы баламалардың философиялық, тәлім-тәрбиелік ғибраты мол:

                            Жарқанат, жарда жатар басын бағып,

                            Бас қаққан алар жақсы ат жұртқа жағып.

                            Сараңның қанша ішкенмен қарны тоймас,

                            Оттатпайды мал сорлысын шайтан қағып.

                            Әр жерде-ақ үлгілі сөз айтам-дағы,

Ақымақтың құлағынан кетеді ағып! [3, 52-б.]

Өлеңнің идеялық астарында адамдардың алуан мінездері ишарат, мегзеу тілмен бейнелене отырып, адамдардың өздеріне таныс табиғат, тұрмыс суреттері мінез психологиясының сырларын ашу үшін тиімділікпен қолданылады. Бұл – Ерімбет ақындығына тән суреткерлік қырлардың бір көрінісі ғана.

         Өз заманында үлкен насихатшыл-мінәжатшыл өлеңдердің қас шебері болғанын шайырдың замандастары ақынның шебер әрі бұрқасындатып көсіле жырлайтынының тағы бір көрінісін Сыр сүлейлерінің бірі, әрі бірегейі Т.Ізтілеуұлының еңбектерінен де байқаймыз.

Қарасақал Ерімбет –

Құтқармас құсты бедеудей.

Шабысына шаң ермес,

Ат шаптырған бүлкілі! [3.38-б.]

Қаншама рет жазба айтыстарында өзінің қарсыласы болған адамды дәл мынадай теңеулермен ұштастыру екінің бірінде бола бермейтін жағдай. Бұл жердегі Тұрмағанбеттің көрегендігі және Ерімбет шайырдың асқан шеберлігіне берген кәсіпқой ақынның әділ бағасы деп айтуымызға болады.

Сыр өңіріндегі шайырларымыздың барлығына ортақ  қасиеттері бар. Ол ақындықты, жыраулықты,  жыршылықпен қатар ұштастырып алып жүреді.  

Шораяқтың Омары да негізінен сол Сыр сүлейлерінің ортасында ақындық жолға түсіп, солар өткен сөз өнері мектебінен өтті. Ол ақындық өнерімен ел көзіне ерте түседі. «Жүрмісің сау-саламат Омар жезде, жасыңнан дүр атанып түстің көзге?» деп, кейінгі айтыстарда балдызы Нұрмақан ақынның өлеңге қосуы оны толық растайды.

Омар ақынның артына қалдырған шығармаларының тақырыптық ауқымы өте кең. Оның ғибрат айту бағытындағы өлеңдер, көңіл-күй лирикасы, дастан, жұмбақ, терме, толғау, мысал, айтыс деп бірнеше жанрға бөлуге болады.

Мысалы, Ш.Омарұлының «Қойшы мен ұры» мысал өлеңінде ендігі жаңа өмірде де пәлендей баттана қоймаған көңіл-күйін білдіреді:

Халықты қараулар бар жүрген қанап,

Құрал ғып жоқтан барды құрастырып,

Алады қолдан заңды өзі қалап.

Ерекше ел ішінде етек алып,

Сүзектей бір-біріне жатыр тарап. [4,25-б.]

Ақынның «Қара шекпен» атты мысал дастанында да үлкен астар жатыр. Сол кезеңдегі жаңа құрылысқа ақын өзінше барлап қарайды, келешекке деген сенімсіздік көңіл-күйі анық байқалады:

Сөйлеуге табылмайды сөздің ізі,

Шықпайды кембағалдың шын қырмызы.

Бұл күнде мәдениет жолын біліп,

Қазақтың дана болды ұл мен қызы. [4,47-б.]

Бұл өлең жолдарындағы «мәдениет жолы», «дана ұл мен қыз» деген тіркестерге ақынның жаңа бағытты қаламағандығының белгісі, әкеге баланың ақыл айта бастаған өрескел мінез-құлықтың өріс ала бастағанын ұнатпағаны. Бұндай өлеңдер Ш.Омарында өте көп кездеседі. Біз соның бір парасына ғана тоқталдық.

Аталған Сыр сүлейлерінің барлығы терең  мазмұнды, тұжырымы жоғары философиялық идеяларымен, өлең сөздерінің мазмұны өте ұғымды болып келетін шығармаларымен танымал болған.

Өңіріміздің белгілі қаламгері Әбжан Айсауытовтың  айтуынша «қазіргі  айтылып, ептеп болса да шығармалары жарық көріп жатқан Сыр сүлейлері  жазғандарының түп нұсқасы жоғалды, құрыды. Қолымызда бары жыраулардың  жадында сақтап қалғаны, оны қағаз бетіне түсірген Ә.Қайнарбаев, Қ.Қуанбаев,  Қ.Нұрмаханов сынды жанашырлардың көшірмесі. Әрине әркім айтқандықтан,  не көшіргендіктен түп нұсқаның жұлмалануы, өзгеруі заңды болмақ. Кеңестік  дәуірдің соңғы кезеңінде Сыр сүлейлерінің есімдері анықталып, бірсыпыра  мұралары жинақталды» [5.4-5б.]. Ә.Айсауытовтың атап көрсеткен кеңестік саясат тарапынан болған  қысымдардың және бірін М.Қаржауов өзінің «Ана тілі» газетіне берген мақаласында былай деп келтіреді «Омар – тек Сыр бойы емес, сол кездегі қазақ ақындарын әркез бағдарлап, жақсы білген шайыр. Оның өзінен төрт-бес жас кіші Тұрмағанбетке айтқан нақыл сөзіндегі:

Ахмет Байтұрсынов, Мағжандарша,

Жорналға сөз беруге енді белсен.

Сөзіңді оларменен салыстырып,

Тарихын тәрбиелі ақын көрсең, -

- деген жолдары кезінде «Шайыр» жинағындағы өлең текстінен алынып тасталған» [5, 7-б.] – деп сол кездегі шығыстық сарынға еліктеп көптеген туындыларды дүниеге әкелген қазақ ақындарының еңбектеріне қасақана жасалған қиянаттарды көріп қынжылғанын байқаймыз. Омар Шораяқтың бізге белгілі он бір дастаны, жетпістен астам өлең-жырлары бар. Бұлардың ішінде «Бес ғасыр жырлайды», «Айтыс», «Шайыр» таңдамалы шығармаларында бар болғаны 20 шақты өлең, екі–дастаны жарық көрген. Аз да болса Омар  еңбектерінде діни, имани мәселелерді ашып ислами терминдерді жиі қолданып отырды. Оның ойлы жырларының ішіндегі «Ұстазым» атты өлеңін алып қарасақ, Есенжол деген шайырдың артынан еріп үлгі алуды меңзейді.

Мәлікүл –Мәуіт періште –

Пенденің келсе оңынан,

Гүрзі алып келсе қолына –

Мүңкір-Нәңкүр солынан;

Армансыз болып өтер ем,

Есенжолдай шайырдың-

Үлгі алып, ерсем соңынан!  [5,63-б. ]

Адамның о дүниелік болғаннан кейінгі күйі суреттеледі және иманды, әділ, шыншыл адамдардың соңынан жүруді Алланы мақұл көретінін, дініміздің заңдылығымен жоғары мақұлданатынын меңзеп айтса керек. Осылай мәнді де маңызды өмір сүргенде адам өлім келсе де өкініп қалмайтынын жеткізеді.

Сыр сүлейлерінің ортақ бір темірқазығы ислам еді. Тек сол қазыққа байланған жіптері, яғни ұстаздары ғана басқа еді.

Қорыта айтқанда, Сыр сүлейлері шығармаларында ұлттық дүниетанымның көрініс табуы заңды құбылыс. Кез-келген ақын өз өмір сүрген ортасы, әдет-ғұрпы, салт-санасынан алшақ кете алмайды. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарды дәріптеу  де – сүлейлердің басты парызы. Сүлейлер салған сара жолды әрі қарай жалғастыру – келешек жастардың  парызы деп санаймын.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Ізтілеуұлы Т.  Шығармалары.  І том.  Алматы. 2007ж.

2.     Қарасақал Ерімбет. Ұлағат сөзім ұрпаққа. Астана 2009ж.

3.     Ізтілеуұлы Т.Шығармалары. 1-том. Астана. Фолиант. 2009ж.

4.     Шораяқтың О. Сөйле тілім жосылып. Алматы . Рауан. 1995ж.

5.     Кенжеғұлұлы Н.Шығармалары. 1-том. Астана. 2008ж.

Авторы: Қазбай Парасат – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  магистранті

Жетекшісі: Жанатаев Данат Жанатайұлы - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама