Соңғы сілеусін
Қысқы күн қызыл құлақтана тұлданып тұр. Аспан аппақ, жер тоқпақ дейтін мазасыз мезгіл... Сақылдаған сары аяз алап-жалап барады. Тымақ, күпі киіп, оқшырайған Сүлеймен ақсақал торы атын тебіне түсіп, ара-тұра текіректетіп желіп алады. Түсі суық сұр бұлт аспан астын тұтасымен астарлаған. Әне, анау ойпатта бұйығып жатқан көп үй — Тасбастау фермасы. Ит өлген жер, қысқасы.
Әне-міне дегенше боран басталып берсін. Сүкең көзіне түсе берген тымағын қамшы ұшымен әлсін-әлі көтеріп, жол сорабына шұқшия үңіледі. Тақтақ жол үстімен кіл аққұйрық, қайқы бас боз жыландар сырғып өтіп жатыр. Жаяу борасын... Күн көрінбейді. Сұрқай әлем бұлың-бұлың қараңғылық астында қалып барады. Аты шулы Жеті оба, әне, жол жағалап, кәрі шалдың сирек тісіндей жапырайып жатыр. Міне, өткен жылы Мәскеуден келген археологтар қазған ең үлкен оба... Атам заманда қурап қалған қаңқалар, қобди-қобди алпыншақ-салпыншақ асыл заттар, дорба-дорба алтын шығыпты астынан. Жеті оба ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы бөртеде өліп кеткен ру, тайпа көсемі, атақты батырлар көмілген мола екен.
"Көміліпті" дегенде Сүкең еріксіз тітіркеніп, қымтанып отырды, атын шу-шулап, тебіне түсті.
Ойхой, шіркін, жалпағынан жатқан сары дала қысқа күнде қырық құбылады ғой. Манағы жылым жаяу борасын аяқ астынан ат құлағы көрінбейтін ақ мұрт, ақ майданға айналды. Бозамық далада әлдекімдер ішін тартып ұли ма, қыңсылай ма, әлденелер қараң-құраң сыпылдап, жолды кесіп, жүгіріп өте ме... Жын ба, шайтан ба, аруақ па, оны бір құдайдың өзі біледі.
Қас қарайып үлгеріпті. Мынау не, бәтір-ау? Жол жиегінен молалар ербиеді. Ит жылы естіген қайдағы бір үрейлі хикаялар Сүкеңнің есіне түсті. Не деуші еді сол алып қашты әңгімелер? Түн ортасына таман көрдегі ақ кебін аруақтар өре түрегеліп, бет-бетіне шулап, жиылыс жасайды, жо-жоқ, о да емес, бұ да емес, моланың құлағына шығып алып, өткен-кеткенді бақырайып андып отырады...
Кім қыңсылайды, қасқыр ма, кім ұлиды, боран ба, япыр-ау?
Сүкең әбден абдырап, атын шаужайлап, жол ортасына қарай бұра береді. Келер мезетте шеткі моланың шошақ құлағынан бір аппақ сұлба лып етіп атылсын! Шобыр шал "Алла!" деді шалқалап, торы атты борбайға, басқа-көзге қамшылап, тарс та тұрс тапырақтатып шаба жөнелді. Басында ой жоқ, тек ес-тұссыз үрей бар. Аңдаусызда ат бауырынан ауып түспегеніне тәуба, тер мен күн иісі аңқыған егеудей жалды құшып, жатып алды. Аң ба, аруақ па, ит білсін, ағараңдаған құбыжық брезент сулығының сыртын дырылдата сойып келіп, ат бауырын соғып, созыла солаңдап жатып алды. Торы ат осқырына үркіп, кекілін жел тарап, танауы пырылдап, торт аяғын бауырына ала тақымын жазды дейсің.
Еркек деген аты бар, Сүкең өз-өзіне келіп, жүрек тоқтатты. Қарақұстай қалбақтап шауып келе жатып, ат сауырына көз тастап еді... тісі ақсиған, тырнақтары арбайған аң секілді. Жап-жасыл көздері өлермендікпен шамдай жайнап маздайды. Сулықтың темірге бергісіз брезентінен алмас тырнағын ала алмаған ба, жаман тулақтайын салақтайды. Сөйтіп аруақ дегені аң болды. Кілт еңкейіп, сол жақ үзенгісін шешіп алып, тісі ырсиған неменің дәл қара тұмсығынан: "Өлер жерің осы!" деп, салып-салып жіберді.
...Тасбастау фермасын орай да борай боран соғып тұр. Сүкең, Сүлеймен ақсақалдың немерелері — Айбек пен Алуа кішкене қолдарымен жағын тіреп, қазандық астындағы отқа үнсіз телміреді. Пеш көмейі бір дию тас бүркеніп, ұйқыны соғып жатқандай гүр-гүр, қор-қор етеді. Екеуі күнделікті тәртіпке салса, әлдеқашан жатып қалуы тиіс еді. Ал, қазір кірпіктері жабылып кетіп, жабылып кетіп, бастары қалтақтап, зордың күшімен әрең отыр. Кейде көздерін ашып алады да, неге екені белгісіз, тәтті күлімсіреп қояды. Олар мана күндіз совхоз орталығына кеткен аталарын тосып отыр. Аталары түні бойы сұлыға тойып, үсті-басынан буы бұрқыраған торы аттың ауыздығын салып тұрып, қос немересіне: "Әжелеріңнің тілін алыңдар! Сөйтіңдер, базарлық әкелемін, көп-көп қант-кәмпит әкелемін!" деген. Қант-кәмпит дегенде екеуі бір-біріне қарап күліп жіберді, тұрған жерлеріңде секіріп, қол шапалақтасын, іле шәлкем-шалыс келіп төбелесіп қалсын. Неге төбелесті, оны екеуі де келесі минутта ұмытып кетті. Күн ұзын әжелерінің "тілін алды", құдықтан қолдасып су әкелді, ақ, қара, шұбар тауықтарға жем шашты, жемге дүр етіп қона қалған суық торғайларды үркітті, қасқа бұзаудың әукесін қасыды. Шаруа бітті, енді тек қант-кәмпит жеу керек. Сол себептен де қоржын-қоржын кәмпит әкелетін атаны екі көздері төрт болып тосып отыр.
Сыртта ит өршелене абалап үрді. Қақпаның тат тоспасы шиқылдады, ат осқырынып-пысқырынды.
Қос тентек орындарынан атып тұрды.
— Алақай, ата келді, ата!
Апыр-топыр сыртқа ұмтылды. Есік шалқасынан ашылып, үсті-басы, сақал-мұрты аппақ Сүкең өкшесі тоқ-тоқ етіп, ақ будың ішінен бері малтығып шыға берді. Немерелері "Ата! Ата!"-лап етегіне оралды. Сүкең, қызық болғанда, оған мойын бұрмады, өзінде өң-түс қалмаған, боп-боз...
Пеш алдында жүрелеп, шымшуырмен оттың көзін көсеп ашып отырған әжелері:
— О несі, бәтіреке! Үсті-басыңды қақ андағы, балаларды шошытпай!— деді тіксініңкіреп.
Сүкең кекештеніп:
— Сілеусінді-і түсір-ріп алыңдар-р!— деді де босаға түбіне жүрелеп отыра кетті.
Апы кіріп, күпі шыққан халайық заматтан соң тырнақтары тарбайған, тік құлақ, ақ сұр аңды тақ ортаға сұлатып салды. Осы үйдің сақ құлағы Жолдыаяқ әлгі аңға тісін ырситып, тап-тап береді. Сүкең екі бүктеген қамшысымен сілеусіннің тісін, көзін ашып көрді.
— Әбден қартайған, алжыған екен... Алжығандығы ғой, таудан етекке түсіп кеткені. Мына көлбеп жатқан Маңырақ тауын мекендейтін әйгілі жезтырнағың осы. Түлкі, қарсаққа жете алмай, тышқан-мышқан аулап күн керіпті. Ақыры, одан да қалған. Әбден ашығып, ашыныпты. Ең соңында құла дүздегі моланың құлағына шығып алып, иегінің астынан кім қыбырлап өтсе, соған секірген екен де. Қойшылар: "Сілеусін көрмегенімізге он шақты жыл" деп жүр еді, сөйткен соңғы сілеусінің осы болды.