Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 57 минут бұрын)
Сот процесінде қазақ тіліне қатысты дау туындады: Жанабыловтар ісінде куәгерге күдік келтірілді

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенованың қылмыстық ісі бойынша сот отырысында куәгердің жалған көрсеткі бергені туралы күдік туындады. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот залындағы жағдай

Мобилограф Сара Қымбатованың сотта куәлік етуі кезінде, оның тек қазақ тілінде сөйлейтіні белгілі болды. Бұл жағдай мемлекеттік айыптаушы Олжас Қайруллаевтың назарын аударды. Прокурор куәгердің әлеуметтік желідегі парақшаларында қазақ және орыс тілдерінде сөйлесіп, жазбалар жүргізетінін алға тартты.

Осыған байланысты, прокурор куәгерді жалған көрсеткі берді деп айыптап, ҚР Қылмыстық кодексінің 420-бабы «Көрінеу жалған көрсеткі беру» бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру туралы өтінішхат жолдады.

Сара Қымбатова өз жауабында, орыс тіліндегі бейнероликтердің көбірек көрермен жинайтынын, сондықтан аударма қосымшаларын қолданып, мәтінді алдын ала жаттап, видеоларды монтаждайтынын, алайда орысшаны еркін меңгермейтінін түсіндірді.

Қорғаушы тараптың ұстанымы

Блогерлердің қорғаушысы Гауһар Айтжанова прокурордың өтінішхатын қанағаттандыруға қарсы шықты. Ол куәгердің қандай тілде сөйлейтіні істің мән-жайына тікелей қатысты емес және жалған көрсеткі ретінде бағаланбайтынын айтты.

«Қыз әлеуметтік желілерді жүргізу үшін аударма бағдарламаларын пайдаланған. Менің ойымша, куәгерге қысым көрсетіліп отыр», - деді заңгер.

Судья Әділбек Баймаханов өтінішхат бойынша шешім кейінірек қабылданатынын хабарлады.

Істің мән-жайы

Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жұбайлардың ісі бойынша тергеу жалғасуда. Ulysmedia.kz бұл процесті бақылап отыр.

Жаңалықтар

Жарнама