Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Сүйкімі дүниенің сұлулықта
Сабақтың тақырыбы: Сүйкімі дүниенің сұлулықта
Сабақтың мақсаты: Адам мінез-құлқының, іс-қимылының дүниедегі ең сұлу мәнге ие екендігін дәлелдеу, сол арқылы оқушылардың жан дүниесінің сұлу болуына ықпал жасау. Яғни оқушылар бойындағы эстетикалық тәрбиені қалыптастыру.
Барысы:
Құрметті балалар! Мен бүгінгі сабақты Абайдың мына тамаша өлеңдерінен бастағым келіп тұр.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп соз байын.

Тереңдеп қарайсың,
Телміріп тұрмайсың.
Бейхабар жүргенсіп,
Бек қатты сынайсың.

Кең маңдай, қолаң шаш,
Я бір кез, я бір құлаш.
Ақ тамақ, қызыл жүз,
Қарағым бетіңді аш.

Абай сұлудың сыртқы сұлулығын осылайша жыр әуезіне қосады. Қарасаң шынымен де адам тамсанатындай көз алдыңа ару елестейді.
Адамның қылығы, мінез-құлқы мен іс-қимылының жөні әрі этикалық, әрі эстетикалық мәнге ие. Сондықтан олар бір жағынан, әсемдік не сұрықсыздық ретінде, екінші жағынан, жақсы не жаман деп бағалануы мүмкін. Бұл екеуі яғни сұлулық пен адамгершілік жеке адам санасы мен қоғамдық санада ежелден бері-ақ бір бүтін нәрсе ретінде түсініліп келеді. Сөйтсе де адамның айналадағы дүниеге қатысына табиғи тән эстетикалық сезімінің айқын межеленген өзіндік сипаттары бар.

Сұлулық – адам жанын марқайтатын, көзін қуантатын, тамсантатын, тәнті ететін, сүйіндіретін көрініс, қимыл-әрекет, пішін немесе ой-қиялдың жемісі. Солардың ішіндегі ең кереметі қоғам мен табиғаттың ерекше перзенті – адам, соның сұлулығы.
Адам анадан сырт бейнесі, пішіні сұлу болып туылуы мүмкін, ал ішкі жан сұлулығы өзінің мінез-құлқы, қылығы, ісі. Басқа адамдарға деген байланысы арқылы қалыптасады. Әдетте, біз қыздың немесе жігіттің сұлулығы, көркемдігі жайында айтқанда оның бойының сымбаттылығына, үнінің назды, әуезділігіне, шырайының таза, балғын, қалың шашының толқындай төгілгендігіне қарап баға береміз. Бұл – адамның сыртқы сұлулығы. Ал, адамдағы басты сұлулық – ішкі жан дүниесі, мінезі, қалыптасқан әдептілігі.

Абайдың да айтар ойы осымен ұласады. «Шу дегенде көрінер сұлу артық», - деп сақтандыра келе «Әйел жақсы болмайды көркіменен, мінезіне көз жетпей баға берме» - дейді.
Адамның сыртқы сұлулығы ішкі рухани сұлулығымен сәйкес келсе нағыз сұлулық сол болмақ.
Ал енді осы сұлулық жайында айтылған халық сөзіне мақалына тоқталсақ. (оқушылар кезекпен тұрып мақал айтады).
«Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу», «Сөзі райлының – жүзі шырайлы», «Жаманның сөзі – түйеден түскендей», «Жылтырағанның бәрі – алтын емес», «Адамның жылтыраған сыртына емес, сұлу ішіне қызық».
Көрініс.(оқушылар рөлінде)

Көшеде бір бейтаныс адам келе жатады. Оған қарсы тағы бір адам ұшырасады да: - Айтып жіберіңізші Абылай хан көшесіне қалай баруға болады?
Кісі (тоқтайды, күлімсірейді): - Е, ол жап-жақын. Осы бетіңізбен тура жүріңкіреп барып, оңға бұрылыңыз.
Екінші кісі: Сізге көп рахмет!
-Оу оның не қиындығы бар! (тағы күлімсірейді).
Міне, осы бір сәттен нені байқадыңдар, балалар?
Оқушылар жауабы: Бұл көріністе көптеген мәнді жайттар бар. Сіздің дауысыңызды естіп, қасыңыздан өтіп бара жатқан кісі мойын бұрып, тұра қалды да, сізге сұрақты көзбен жылы ұшырай қарады. Кісінің күлімсіреп жауап бергенінен екінші кісі де жылылық сезіп, ол адамның жақсы екендігіне көз жеткізгендей болды.
Мұғалім: Өте дұрыс. Демек, әлгі адамның бойында жақсы адамға тән ізгі қасиеттердің бар екендігін, адаммен қалай сөйлесу керектігін білетін тәрбиелі жан екенін байқадыңдар.

Эстетикалық көркемдік пен этикалық көркемдік етене байланысып, адамның әдептілік мұратын қуаттап тұр.
Әдептілік осы тұрғыдан адам баласының асыл мұраты ретінде ұлы шығыс поэзиясында қызықты әрі мол жырланады. Мысалы әлемге әйгілі «Ләйлі - Мәжнүн» ғашықтық дастанында екі ғазиз жастың кіршіксіз махаббаты әдептілік пен көркемдіктің біте қайнасқан бірлігі ретінде өте әсерлі бейнеленген. Шындығына келгенде әдепті әсемдіктен бөліп қарауға болмайды. Өкінішке орай бүгінгі таңда осы жағындағы тәрбиенің жеткіліксіздігінен, жалпы отбасы мен мектепте эстетикалық және этикалық тәрбиеге жете мән берілмегендіктен ақсайтынымыз анық. Мәселен адамның киім киюінің өзі үлкен тәрбие екендігін аңғара бермейміз. Кейбір адамдар сұлулық деп әйтеуір сәнді, қымбат киім кигенді түсінетіндей. Кісінің киген киімі шаш қойысы мен тарасы, түр-түсі оның қайталанбас өзіндік келбетін қалыптастырады. Әйтпесе, адам жеке даралық, өзіндік келбетінен айырылып қалады. Кейбір қыздар мен ер балалар осы жағын ескермегендіктен жұрт көзіне ала бөтен оғаш көрініп немесе күлкіге ұшырап жүргендері де жоқ емес.

Әсіре сәншілдік, әсіре боянымпаз – сыланымпаздық сияқты, бойын күтпеу, олпы-солпы киіну, сақал-шашын, тырнағын уақытымен алып, таз ұстамау, аяқ киімінің бауын ұқыптап байлап, майлап, тазартып кимеу сияқты әдеттер де көркемдік тәрбиедегі кемістіктер болап табылады.
Мәселен Әл-Фараби былай деген екен: «Музыкалық әуендер жақсы мінез-құлық машықтарын, адамның қоғамдық мұраттарын қалыптастыруда елеулі роль атқарады.... Музыка мен ән адамда эстетикалық сезімдерді туғызу арқылы кісінің өзін-өзі тәрбиеленуіне, бойдағы нашар қасиеттерден арылуына ықпал етеді» - десе қазақтың халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да, қадірлей біл. Себебі баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала уызына жарымаған көтерем қозыдай болады. Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халықтың жанын түсінбеу деген – тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып, сая да болмайды, жеміс те бермейді.

Міне, балалар ұлылардың сіздерге айтар өсиеті осындай. Яғни музыкалық әуендердің адам бойындағы ізгі қасиеттердің қалыптасуына әсері әріден екен. Ендеше, өз сыныптастарымыздың орындауында Құрманғазы атамыздың «Көңіл ашар» күйін тыңдасақ.
Сабақты қорытындылау.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама