Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Тасбақа неге тас арқалайды?

Ертеде ел берекелі, молшылық заман болыпты. Ағаштар болса жемісін әзер көтеріп тұрады екен. Барлық аң, жан-жануар емін-еркін өмір сүріпті. Бақа ғана бажылдап жүріп, суда да, құрлықта да тыным таппапты. Жерге шыққанда жертөле қазыпты. Ағаштан төгілген жемістерді жертөлесіне тасып, мұрнына су жетпей жүріпті... Суға түссе, інжу-маржан теріп, тұңғиық гүлін үзіп, жылт еткен жақсы нәрселерді жинаумен айналысыпты. Ну орман ішінде аң атаулы емін-еркін күн кешіп, сауық-сайран құрып жүргенде, бақа өз қарбаласынан танбапты.

Қаһарлы қыс келеді. Суыққа тоңып, қарындары ашқан аңдар енді ғана бақаны еске алады. Аяқтарының астында төгіліп жат­қан жемістерді бақа сияқты жинап алмағандарына қатты өкінеді.

— Бақатай, бала-шағамыз ашығып жатыр. Азығыңнан қарай­ласа гөр, — деп бақаның терезесіне телміретіндер көбейді.

— Ақшаларың болса алыңдар, ақша болмаса тайыңдар, — дейді бақа.

Бақаның бұл сөзі ашыққан аңдардың көбіне соққы болып тиді. «Ол көкбеттен күтуге болатын сөз» деп біреуі тілдеп, біреуі қарғады. Әйтсе де, тамаққа тоқтау бар ма, бәрібір оны мұнысын апарып, тамаққа айырбастап алып жүреді.

Бақа байыды, бірақ тегін ешкімге ешнәрсе бермеді. Бұл жағдай кейбір жануарлардың зығырданын қайнатты.

Сөйтіп олар бақаның үйін өртеуді ұйғарысты. Тәтті ұйқыда жатқан бақаның әулетіне қаралы күн туды. Барлық нәрсенің алды-артын ойлайтын бақа алтын толы қапты арқалап, жер асты арқылы әзер қашып шығып, жан сауғалады. Бала-шағасының қатыгездікте өлгенін білді. Соның күйігінен тілінен айрылып, еңсесін басқан қайғыдан адымдап жүре алмайтын халге жетті. Алтындарының салмағы жауырынын жаншыды. Кейіннен тас арқалаған тасбақалар өмірге келді.

Құла түзде, сорда, бетпақ далада, елсіз мекенде тасбақалардың өмір сүретіні сондықтан екен. Ешкімге қиянаты жоқ, бірақ өмірге өкпесі көп.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама