- 25 қар. 2016 00:00
- 257
Тасмағамбетов: Білім жүйесінің барлық желісі қайта жаңаруда
Білім жүйесінің барлық желісі қайта жаңаруда. Бұл туралы бүгін 7-ші Азаматтық форумда сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов айтты.
Вице-премьер бүгінгі таңда Үкімет қолға алып отырған әлеуметтік саланың бірнеше бағытын атап өтті және білім беру жүйесінің ерекше маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі таңда осы салада жаңғыртудың жаңа кезеңі басталуда. Нақтырақ айтқанда, 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін орта білім ұйымдары жүйесінде кезең-кезеңімен оқытудың жаңа мазмұнына көшу жоспарланған. Жаңа оқулықтар, бағдарламалар мен оқыту әдістері механикалық оқытудан функционалдық сауаттылыққа бағытталады, яғни өз білімі мен дағдыларын логикалық қолдануға үйрететін болады», - деді Иманғали Тасмағамбетов.
ҰБТ жүйесін жетілдіру бітіру емтихандары мен ЖОО түсу емтихандарын бөлуді қарастырады. Бұл бітірушілердің терең білімін, білімнің жүйелілігі, толықтығы, талдау, қорыту, жіктеу мүмкіндіктерін анықтайтын дағдыларын тексеруге бағытталады.
Кәсіптік және техникалық білім беру саласында мамандарды даярлаудың дуалды жүйесіне көшу жүзеге асты. Бұл 2017 жылдан бастап тегін жұмысшы мамандықтарын оқыту барысында теория мен практика арасындағы кемшілікті жоюға көмектеседі.
«Жоғары білім беру саласында ЖОО-ның автономдылыққа көшуі және олардың академиялық, қаржылық тәуелсіздігін кеңейту жүргізілуде. Өздеріңіз байқап отырғандай, барлық білім беру желісі жаңғыртылуда. Аталған жаңа өзгерістерді ендіруде талқылау, талдау, нақтылау процесіне сіздерді белсене қатысуға шақырамыз», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.