Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Тәуелсіздік бәрінен қымбат

Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.

Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ.

Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.

Елбасы 1991жылы 16 желтоқсанда саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Сүйтіп Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық.

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруы мен ата-бабаларымыздың талай ұрпақтары арман еткен азаттыққа қол жеткізгенін көрсететін маңызды кезең. Тарих өлшемдері бойынша 30 жыл – бір сәт.  Дегенмен, көптеген халықтар үшін бұл кезең қиындықтар мен жеңістерге, дағдарыстар мен жетістіктерге толы тұтас дәуірді қамтыды.

Мен Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау уақыты деп сипаттар едім. Елбасының басшылығымен мемлекеттік рәміздер бекітілді, тиімді билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валюта енгізілді. Қарулы Күштер құрылды. Еліміздің Негізгі Заңы қабылданды. Шет мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатты. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.

Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Журналистика факультеті, баспа ісі мамандығы Алхан Расул


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама