Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Тәуелсіздік ұландары
«Тәуелсіздік ұландары»

Мақсаты: Оқушылардың қоғамдық әлеуметтік танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту;
«Жас ұлан» ұйымына мектептің озат, белсенді оқушыларын қабылдау.
Міндеті: Оқушылардың әлеуметтік тәжірибелерін байыту және дамыту, әлеуметтік танымдық бастамаларды жүзеге асыру;
Көрнекілігі: Қ. Р. рәміздері, қанатты сөздер, гүл шоғырлары т. б.
Шақырылатын қонақтар: Ауыл әкімі, ардагерлер кеңесінің төрағасы, мектеп директоры, мектеп оқушылары, ата - аналар комитетінің төрағасы.

І – жүргізуші: Қайырлы күн қадірлі қонақтар!
ІІ жүргізуші: Аса құрметті ардагерлер!
І – жүргізуші: Ұлағатты ұстаздар!
ІІ - жүргізуші: Қымбатты Отан сүйер жастар!

І – жүргізуші: бүгінгі №98 орта мектебінде өткізілгелі отырған «Тәуелсіздік ұландары» атты салтанатты жиынға қош келдіңіздер!

ІІ – жүргізуші: Мен қазақпын, ұланымын елімнің,
Мен қазақпын, тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерген,
Ертеңімін Егеменді елімнің

Менің елім – Қазақстан, Отаным!
Жырлар жазып, өзіңді әнге қосамын
Мәңгілікке қымбаттысың туған ел,
Арта берсін, абыройың, атағың!
І – жүргізуші: 2011 жылдың 11 ақпанында өткен «Нұр Отан» ХДП, ХІІІ Съезінде Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарының басын біріктіретін, «Жас Ұлан» бірыңғай жасөспірімдер қозғалысы және «Жас Қыран» балалар ұйымдарының жаңа жүйесін құру керектігін атап өткен болатын.

ІІ – жүргізуші: 2011 жылдың 6 шілдесінде «Елорда күніне» орайластырылып, жастар ұйымдары көшбасшыларынан бастамашыл топ Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы Республикалық Қоғамдық Бірлестігін құрды.
Жасөспірімдермен балалардың бірыңғай «Жас Ұлан» ұйымына қабылдануы ерікті түрде жүргізіледі және оларды Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін ортақ мақсат біріктіреді.
І – жүргізуші: «Жас Ұлан» ұйымы туралы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев өз құттықтау сөзінде: «Жас ұлан» бүкіл Қазақстанға таралып, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге, оқудың және тәртіптің үлгісін көрсетуге, Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға, еліміз үшін қызмет етуге, патриот болуға бәріңізді баулитын болсын! – деп атап көрсетті.

Бірлестік президенті:
- Жас ұлан! Түзеліңдер! Тік тұрыңдар!
- «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымы оқушыларының салтанатты жиынға дайын екендігі жөнінде рапорт тапсырылсын.
№1 «Жас ұлан» ұйымының топ басшысы өз рапортын тапсырсын!
№2 «Жас қыран» ұйымының топ басшысы өз рапортын тапсырсын!

- Бірлестік президенті: Жас Ұлан! Түзеліңдер! Тік тұрыңдар!
Назар аударыңыздар! «Жас ұлан» Республикалық балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігінің ТУЫ кіргізілсін!
Туға қарап сап түзеңдер!
(Ту кіргізіледі)
Бүгін «Жас ұлан» Республикалық қоғамдық бірлестігіне мүшелікке, мектеп жастарының ішінен ең үлгілі, ең әдепті, терең білімді, озық ойлы, шығармашыл жастары таңдалып алынды.

ІІ – жүргізуші: Тәуелсіз ел аясында бейбіт өмірдің, қамқор Отан – ананың құшағында бақытты балалық күндерін кешіп жүрген жас достарымызды «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылдау салтанатына куә болмақпыз.

І – жүргізуші: «Жас ұлан» ұйымына 5 - 10 сынып оқушылары арасында 15 – оқушы, ал «Жас қыран» ұйымына 2 - 4 сынып оқушылары арасында 17 – оқушы қабылдамақпыз.

Бүгінде дейін өз ортасының көшбасшысы бола білген, «Жас ұлан» ұйымының оқушыларын ортаға шақырамыз. Олар түрлі мектепішілік білімділер сайысында жүзден жүйрік жүлдегер атанғандар:

1. Аяғанов Асылбек – мектепішілік сайыстар жеңімпазы 5 - сынып
2. Бижанов Аман – мектепішілік сайыстар жеңімпазы 5 - сынып
3. Раймбаев Нұрбақыт – мектепішілік сайыстар жеңімпазы 5 - сынып
.....
ІІ – жүргізуші: №98 орта мектепте өткізілгелі отырған «Тәуелсіздік ұландары» атты «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігіне ақ жол тілеп, тұсау кесер құттықтау сөз және галстук пен төсбелгі тағу рәсімі – ауыл әкімі Жанарыс Ерниязов және мектеп директоры Ермек Сәтовке беріледі.
( Құттықтау сөздер айтылып галстук пен төсбелгі тағылады.)
Келесі кезекті әсем әнге берелік.

І – жүргізуші: Негізінде, «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігіне «Жас қырандарда» өз үлестерін, өз үнін қоспақ. Олардың өздеріне тән жетістіктері мен алған асулары жетерлік. Ортаға «Жас қырандар» тобын шақырамыз.
1. Мергенбай Дариға – мектепішілік «Айгөлек» байқауының жеңімпазы 2 - сынып
2. Оразғали Айым – мектепішілік спорттық сайыстар жеңімпазы 2 - сынып
3. Тәңірбай Нұрлан – мектепішілік спорттық сайыстар жеңімпазы 2 - сынып
....
«Жас қыран» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігіне ақ жол тілеп, құттықтау сөз және галстук пен төсбелгі тағу рәсімі – Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертас Сәрсенов атамызға және Ата - аналар комитетінің төрағасы Амантай Жүргеновке беріледі.
(Құттықтау сөздер айтылып галстук пен төсбелгі тағылады.)
Келесі кезекті Тәуелсіздік мерекесіне арналған монтажға береміз.
1 - оқушы: Тәуелсіздік елдің алтын діңгегі,
Тәуелсіздік – ел арманы, тілегі.
Тәуелсіздік, тұғырлы бол мәңгілік,
Тәуелсіздік, біз біргеміз үнемі.

2 - оқушы: Тәуелсіздік, құтты болсын мерекең,
Ол қазақтың, ол менің де мерекем.
Тәуелсіздік мәңгі жаса қазақпен,
Сенсің менің қуанышым берекем.

3 - оқушы: Өмір жасың ұзақ болсын, ғұмырың,
Тәуелсіздік, берік болсын тұғырың.
Ашық болсын, Тәуелсіздік аспаны,
Баянды боп ертеңменен бүгінің.

4 - оқушы: Тәуелсіздік, бабалардың ұраны,
Тәуелсіздік, бойға таққан тұмары.
Тәуелсіздік – түнектерде тұншығып,
Ызғар болып жанып қалған шырағы.

5 - оқушы: Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

6 - оқушы: Әз бабам азаттықты аңсап өткен,
Ел үшін талай саңлақ шахид кеткен.
Солардың құдіретті ой - арманы,
Таң боп тәуелсіздік бізге жеткен.

7 - оқушы: Үлгі бізге аталардың ерлігі,
Ұлағатты өнегесі, еңбегі.
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары.
Бүгінгі ұрпақ - болар елдің ертеңі.

8 - оқушы: Егемендік ел болудың белгісі,
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.
«Егемендік» деген сөзден естілер,
Ата жұрттың арысы мен бергісі.
Хормен: Тәуелсіз Қазақстан - ұлы Отаным,
Көк туымды қалайша құлатармын
Тып - тыныш тұрып жатқан жайымыз бар,
Бәріміз баласындай бір атаның,

Еліміз бақ береке, ырыс болсын,
Қызыл тілім қанжардай қылыш болсын.
Халқымның ахуалы дұрыс болсын,
Еліміз әрқашанда тыныш болсын.
Аға тәлімгер: Мінекей біз осындай оқуда озат, еңбекке адал, өнер мен спортта өжет те қайсар, елгезек жарқын жүзді оқушыларымызды баршаға үлгі ете аламыз.
Отаның ер ұланы,
Жер қайысқан қалың қол,
Тәуелсіз ел ұланы
Ант беруге дайын бол!
Салтанатты түрде ант беру рәсімі:
Салтанатты түрде ант беру рәсімі 10 – сынып озат оқушысы Әміреев Абайға беріледі.
- Мен ____________________ Республикалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер қатарына кіре отырып:
Өз Отаным – Қазақстан Республикасының патриоты болуға,
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, дәріптеуге;
Туған елім, жерім, Отанымды мақтаныш етуге;
Ата - анамды қадірлеуге;
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге;
Білімге табандылықпен ұмтылуға;
Салауатты өмір салтын ұстануға;
Табиғатты аялауға;
«Жас ұлан» Ережесін бұлжытпай сақтауға және оны өз достарымнан талап етуге ант етемін.
Біздің жерлестеріміздің даңқты ерлігі өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге салтанатты түрде
АНТ ЕТЕМІН, АНТ ЕТЕМІН, АНТ ЕТЕМІН!

Аға тәлімгер: - Жас ұлан! «Ел мен жер және жас ұрпақ тағдыры үшін күресуге әрқашанда дайын
бол!»
Ұландар: - Әрқашан дайынбыз!

«Жас ұлан» ұйымының Гимні орындалады.
І – жүргізуші: Білімді көкіректе нұр деп түсін,
Жігерім, жалынды отты жыр деп түсін.
Аталған мақсат, талап, ережені,
Орындауға бәрің де міндеттісің!
- Міне біздің мектебіміздің тәрбиелі де тәртіпті, ұшқыр ойлы да алғыр оқушылары бүгінгі салтанатты жиынға «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымына мүшелікке қабылданды. Ендігі құттықтау және қорытындылау сөз кезегі мектебіміздің тәрбие ісінің меңгерушісі Темірхан Ізтілеуовке беріледі.

ІІ – жүргізуші: Әлем сүйген салтымыз бар,
Бейбітшілік ел ұраны
Өмір сүйген халқымыз бар,
Бейбіт елдің біз ұланы – дей отырып, келесі кезекте бір топ оқушыларымыз ортаға шығып құттықтау монтаждарын жолдайды.
1 - оқушы: Тәуелсіз Қазақстан байтақ жерім,
Қуаныш құшағында бүгін елім.
Бабалар аманатын алға тартар,
«Жас ұлан» атандыңдар міне, бүгін.

2 - оқушы: Қадамыңыз құтты болсын, Жас ұлан!
Бақ кетпесін халқымыздың басынан,
Ұлтың үшін адал болсын әрдайым,

Табылыңдар игі істердің қасынан!

3 - оқушы: Жас ұландар – Отан – ана өркені,
Үміт артқан болашағы ертеңі.
Туған елдің даңқын көкке өрлетіп,
Гүлге бөлеп жасартыңдар өлкені.

4 - оқушы: Жас ұлан! Жарқылдаңдар, күліңдер!
Бақытты өмір сүріңдер.
Бар жақсылық, бейбітшілік,
Ұлы Отанды ардақ тұтып жүріңдер!

5 - оқушы: Парызымыз Ұлы Отанға адалдық,
Бойымызда бар өскіндік, балалық.
Барша жанға үлгі - өнеге боламыз,
Біз, Жас ұлан! Адалдықтан жаралдық.

6 - оқушы: Тыныштық – баршамыздың ұранымыз,
Мәңгілікке таусылмайтын жыр әніміз.
Арманның асқарына қанат қаққан,
Бақытты бейбіт елдің ұланымыз.
Хормен: Біз, Жас ұлан! – туған елдің өркені,
Үміт артқан болашағы, ертеңі.
Сол үмітті арқалаған ұландар,
Болашаққа ізбасарын ертеді.
Хор: «Атамекен»

Бірлестік президенті:
- Жас ұлан! Түзеліңдер! Тік тұрыңдар!
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР! «Жас ұлан» Республикалық балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігінің ТУЫ ШЫҒАРЫЛСЫН!
Туға қарап сап түзеңдер!

І – жүргізуші: - Бүгінгі «Тәуелсіздік ұландары»атты салтанатты жиынымызды жабық деп
жариялаймыз!
ІІ – жүргізуші: Келген қонақтарымызға рахмет айта отырып, бақытты күндер аясында кездескенше сау болыңыздар!

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама