Тоқты қошқар, бұзау бұқа, лақ теке
Бір қорада тоқты қошқар, бұзау бұқа, лақ теке – үшеуі дос екен. Бір күні күн шыға бөрте лақ орнынан атып тұрады да керіліп-созылып, пысқырынып, ұйқысын ашады. Сонан соң секіріп барып, күйсеп жатқан көк қасқа марқаны сүзгілеп тұрғызады. Екеуі қасқа бұзауға келеді. Лақ теке екі жолдасына былай дейді:
— Жүріңдер, серуендеп қайталық. Анау көрінген сары адырға барайық. Онда мөлдір бұлақ бар. Сүйікті асымыз, өлең шөпке тоямыз. Тоқты қошқар балғын балаусасын теріп жесін. Менің тұяғым қышыды, тастан-тасқа секірейін, тілім қышыды, қынасын теріп жейін, жүріңдер!
Лақ теке бастайды да үшеуі жүріп кетеді. Келе жатып, жолдан бір қап бидай тауып алады.
— Мұны қайтеміз? – дейді тоқты қошқар.
— Аузы үлкен ғой, бұзау бұқа бір асасын, тоқты қошқар екі асасын, менің аузым кішкентай, мен үш асайын. Сөйтіп, азық қылайық, – деп, лақ теке мүйізімен іліп алып, бұзау бұқаның арқасына салып қояды. Сонан соң лақ бастап, үшеуі тағы да жүріп береді. Ауылдан ұзап кетеді. Бұларды айдалада бір көкжал қасқыр көріп қалады да қуалай жөнеледі. Үшеуі қашып отырып, бір жартастың қуысына барып тығылады. Сонан соң лақ теке жолдастарына:
— Қасқыр үңгірге кіре бергенде, мен мүйізіммен тұмсығын қабырғаға қыса қояйын. Тоқты қошқар, сол кезде сен бар пәрменіңмен қос өкпесін соғып-соғып жібер, – дейді.
Аузы ырсиған, тілі салақтаған, сілекейі шұбырған, көзі жайнап, ырсылдаған қасқыр үңгірге басын сұға бергенде, лақ теке мүйізімен қасқырды тұмсығынан қыса қалады да:
—Ал, тоқты қошқар, пәрменіңмен соқ! – дейді.
Тоқты қошқар шегіншектеп барып, қасқырды қос өкпесінен қабырғаға жапсыра түйіп-түйіп жібереді. Қасқыр қан құсып, зар жылап, үңгірден атып шығады.
— Ууа, у-у-аа, бір керемет ұстасы бар екен, темірден қысқашы бар екен, қысқашымен қысып тұрып, балғасымен соғып еді, өліп қала жаздадым, – деп, тұмсығын көкке көтеріп ұлиды.
Тоқты қошқар, бұзау бұқа, лақ теке үшеуі жалма-жан үңгірден шығады да әрі қашады. Әлгі қасқырдың ұлыған даусын естіп, басқа қасқырлар да жиналады. Үшеуін қуа жөнеледі. Олар бір бәйтеректің түбіне жетіп қалған екен. Лақ теке әуелі мүйізімен іліп алып, бұзау бұқаны лақтырады. Ол барып, бәйтеректің төменгі бір бұтағына ілінеді. Одан кейін тоқты қошқарды лақтырады. Ол барып, жоғарырақ бір бұтаққа ілінеді. Өзі ышқына қарғып, ең жоғарғы бұтаққа шығып алады.
Соңдарынан жеткен көп қасқыр енді бәйтеректі қоршап тұра қалысады. Бойлары жетпейтін болған соң, бір қасқырдың үстіне бір қасқыр мініп, сатылап шыға бастайды. Ең үстіңгі қасқырдың аузы бұзау бұқаға тақап қалады. Ең астында тұрған әлгі соққы жеген қасқыр екен. Соны көрген лақ теке:
—Ал, бұзау бұқа, астыңғы қасқырды мықтап соқ! – деп, айқайлап жібереді. Мұны естіп, астыңғы қасқыр тұра қашқанда, үстіңгі қасқырлар қирай құлайды да бет-бетімен қаша жөнеледі.
Тоқты қошқар, бұзау бұқа, лақ теке – үшеуі қасқырдан аман-есен құтылып, жайраңдап келе жатады. Жолдан бір өлген түлкі тауып алады.
— Мұны қайтеміз? – дейді тоқты қошқар.
— Керек болар, – дейді де лақ теке мүйізімен іліп алып, бұзау бұқаға арта салады.
Үшеуі келе жатса, бір үйден домбыра тартып, ән салған дауыс естіледі. Лақ теке:
— Жүріңдер, кірейік, – дейді. Бұзау бұқа:
— Қой, кірмейік, – дейді.
Ақыры болмай, лақ теке бастап, үшеуі үйге кіреді. Өлген түлкінің терісін босағаға тастай салады. Үйде аю, қасқыр, түлкі думан құрып отыр екен. Қасқыр домбыра тартып, түлкі өлең айтып, аю құлақ салып отырады. Бұларды көре салып, түлкі қуанып кетеді. Домбыраны қасқырдың қолынан жұлып алып, өлеңдете сарнай жөнеледі:
— Шіңгір, шіңгір, шіңгірлек,
Аю – біздің апамыз,
Қасқыр– біздің қабан би,
Түлкі – біздің түмен би.
Шіңгір, шіңгір, шіңгірлек,
Бұзау біздің неміз?
Тоқты біздің неміз?
Лақ біздің неміз?
Шіңгір, шіңгір, шіңгірлек,
Бұзау бұқа бір күндік,
Тоқты қошқар бір түндік,
Лақ теке бір түстік...
Мұны естіген соң лақ теке:
— Әкел бері! – деп, домбыраны түлкіден жұлып алады да:
— Тіңгір, тіңгір, тіңгірлек,
Аю бике терісін,
Астыға сап жүн қылдық,
Қасқыр бидің терісін,
Илеп-илеп тон қылдық,
Түлкі біздің тұмақтық! – деп, тақылдап қоя береді.
Сол кезде түлкінің көзі босағада жатқан өлген түлкінің терісін шалып қалады да «ә...бұлар түлкіні қырып келеді екен ғой» деп ойлап, үйден шыға қашады. Оны көріп қасқыр мен аю да зытады.
Сөйтіп, тоқты қошқар, бұзау бұқа, лақ теке – үшеуі аман-есен қораға қайтып оралыпты.