- 09 жел. 2019 00:00
- 230
Төремұрат — Нарынбай
Төремұрат айналаға қарауыл қойып, көптеген мал сойдырып «Қызданайды екінші рет алғанымның тойы» деп, үлкен той жасайды. Тойдың көптеген бәйгелерін тағы Құрманғазы алады. Кешке ойын басталғанда баяғы киік атыста, алтынқабақта жеңіліп жүрген батырлардың жігіттері қорлығы өткен Құрманғазыдан өш алмақ болып, Шөкен деген қызды азғырып, оған бір-екі ауыз өлең үйретіп, Құрманғазыға қарсы айттырады. Ойында ешнәрсе жоқ күйшіге қылымсып Шөкен қыз келіп: «Жиен аға, айтысайық!» — дейді. Құрманғазы қарсы алмауға арланып, «болсын» деуі-ақ мұң екен, кезек те сұрамай, Шөкен бастап кетеді:
Байлардан қазық қалады қонған жерде,
Түлкінің еті қалады сойған жерде.
Ішкен ас, сый-құрметті олжа көріп,
Жүресің төбет иттей тойған жерде.
Сен жүрген бір «боз қаңғыр» біздің елде,
Шет жерде әлін білмей әлек болған,
Сөзім шығын болады-ау сендей кемге», — деп өлеңдетеді.
Құрманғазы бұл әңгіменің түбінің қайдан шыққанын сезеді. Қыздың өз қара басынан мұндай ауыр сөз шығатынының ешбір реті жоғын біледі. «Жетім бала — кекшіл» дегендей, қыздың сөзі өңменінен өткендей болады. Домбыраға қосылып, қалайда жауап беру керектігін ойлап, шырқап кетеді:
«Шыға алмай жаман жүреді туған жерде,
Қайда да ер жүреді сыйған жерде.
Сайрандап сары даланы кетсем кезіп,
Өнерпаз атым шықты сіздің елде.
Теңедің кемітем деп мені итке,
Адасқанның өзіне алды жөн де.
Азғырған біреулердің тіліне еріп,
Құрбыжан тілім тисе, артық көрме.
Қонақ көрген көргенді елдің қызы,
Ауылыңа келген жұртқа «тиістің» неге?» — дей бергенде Нарынбай сезіп қалып, айдап салып отырған жігіттерді алдына шақырып алып, қамшының астына алады. Ойынның қызығы бүлінеді. Төремұрат, Нарынбай, Қызданай үшеуі Құрманғазыны үш жағынан жұбатып, ақыл айтқанымен, күйшінің көңіліне бір түйін түсіп, ойынды қалай қыздырамын дегенімен, бұл кеште Құрманғазы сырттай ғана жарқылдап, іші түтін болады. Нарынбайдың ашуынан зәресі ұшып кеткен Шөкен қыз қаша жөнеліп, енді ойынның қарасын да көре алмайды. Ойын тараған соң, Құрманғазы жатқан үйіне келіп, көрер таңды көзімен атқызады. Ертеңінде батырлардың алдында тағы бір күй тартып, оның атын «Төремұрат — Нарынбай» атайды. Қоштасып, батырлар берген арғымақ атты жетекке алып, Бөкейге қарай жол тартады.