Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қорқыт туралы аңыз — 1

Қорқыттың ауылы Сырдарияның жағасында болыпты. Асқан күйші, қобызшы Қорқыт бір күн де үйінде отырмай, ылғи ел кезіп, қобызымен күй тартады екен. Күйді құмарланып тартқан сайын Қорқыттың өлім жайлы қайғысы жеңілденіп жоғала беріпті. Бір күні түсінде Тәңірі аян беріп, Қорқытқа айтыпты: «Сен өлімді аузыңа алмасаң, саған ешуақытта өлім жоқ».

Бұдан кейін бірталай заман өтеді. Қорқыт өлімді аузына алмай қобызын тартып, ел аралап жүре беріпті. Күндердің бір күнінде ел аралап жүріп, бір ауылда отырса, байлаулы тұрған өгізі далаға қашып барады екен. Өгізін қуып жүріп: «мұны өлсем де ұстамай қоймаспын» депті.
осы сөзді ашу үстінде айтарын айтса да, қатты өкінеді, шошиды. Түс көргеннен бері, міне, өлімді бірінші рет аузына алып отыр, енді өлім тырнағына ілінгені ме?! Жоқ, бұл жерден кету керек.

Астына желмая мініп, желдіртіп дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Күнбатысқа да, күншығысқа да, Сарыарқаға да, құблаға да барады. Барған жерінің бәрінде де өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Қорқыт та олардан: «Мұны кімге қазып жатырсыңдар?» деп сұраса, «Қорқыт әулиеге» деп жауап береді. Қайда барса да, алдынан Қорқыттың қазулы көрі шығады. Қазулы көрден өзіне құрылған өлім торынан қайтсе құтылмақ? Дүние кезіп жүріп өлім құрығынан құтылмасын білген соң, Қорқыт өзінің туған жері, сүйікті мекені — Сырдарияға қайтып келеді.

Еліне келгесін Қорқыт желмаясын сойып, оның терісімен қобызының сыртын қаптайды. Құрғақ жерде тұрса, бір күні ажал жетіп келер деген қауіппен бір қырмызы масаты кілемді алып, Сырдарияның суына төсеп, сонда қобызын тартып тұра беріпті. Қорқыт дүние кезгендегі арманын да, өлімнен қашқан қайғысын да, өзі көрген жақсылық-жамандық жайларын да қобызында ойнаған ғажап сұлу күйлерімен жеткізіп баяндайды. Қорқыт күйлерін бүкіл дүние, жан иесі түгел ұйып тыңдайды. Аспандағы құс ұшуын, жел есуін тоқтатып, Қорқыт күйін тыңдапты. Сарыарқаның аңдары да Сырдарияның жағасына шұбырып келіп Қорқыт күйін тыңдайды. Сырдария ағысын тоқтатыпты, үстіне төселген Қорқыттың кілемі суға не ағып, не батып кетпей, көп заман су ортасындағы кемедей қалқып тұрып алып, Қорқытқа өлім келтірмейтін арал болыпты.

Қорқыт Сырдарияның көз жасындай суына қарап отырып, қобызын күйлеп, «өлім мені қанша қуса да, мен оны бұл жерге келтірмеспін» деп қобызын үздіксіз тарта беріпті. Қорқыттың күңіренген күйлерін балқып тыңдаған ажал да бұған жақын келе алмапты. Қорқыт осылайша күндіз-түні ұйқы көрмей, қобыз тартып өліммен алысыпты. Көп замандар бойы үздіксіз қобыз тартқан Қорқыт қалжырап, қалғып кетеді. Қорқытты ізіне түсіп аңдыған ажал сол кезде қайрақ жылан күйінде жорғалап кілемге келіп шаққанда, Қорқыт осыдан ауырып өледі. Бірақ Қорқыт өлсе де, оның ұзақ заман тартқан қобызының күйлері тоқталмаған. Қорқыттың моласы Сырдарияның жағасында Қармақшыдан он сегіз шақырым жерде бір белестің үстінде тұр. Қорқыттың қобызын сол молаға бірге қойған екен, ол өзінен-өзі мұңды күй тартып, Қорқыттың өзін тыңдағандай сарнап тұратын болыпты. Қасынан өткен жанға әрдайым «Қорқыт, Қорқыт» деген мұңды үн үзілмейді екен.

Қорқытты тыңдаған барлық ел, барлық әнші, күйші, ә мен күйді, қобызды ойнауды Қорқыттан үйреніп, алғашқы қобызды Қорқыт жасапты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама