- 26 жел. 2019 00:00
- 277
Төрт қарға
Шу өзенінің бас жағын мекендейтін ұлы жүзден шыққан орта шаруасы бар бір адам мұқтажсыз өмір сүріпті. Ақкөңіл, қолы ашық болғандықтан ауылдастары оны «Жомарт» атап кетіпті. Бірақ баласы болмай, соған қатты ренжиді екен. Жасы елуге аяқ басқан соң мұрагерлерден де үміт үзіп, Құдай салғанды көріп, жата береді. Жұбайы да қарапайым, жолдасының айтқанын екі етпей, тату-тәтті өмір өткізеді.
Қоян жылы келгенде үлкен жұт болып, елдегі мал біткеннің бәрі қырылып, халық ашаршылыққа, босқыншылыққа ұшырайды. Мұндай жағдай Жомартқа да жақсылық әкелмейді. Көктемге салым оның да қысып ұстап отырған бірді-екілі тұяғы шөбі болмағандықтан опат болып кетеді. Ол бала орнына жас малды: бұзау, қозы, бота, құлындарды бағып-қағып күтеді екен. Енді мал орнында оның қыстауында әрнемені шұқып, қарқылдаған төрт қарға қалады. Қарғалар шалдың жалғыз екенін сезгендей, бір орыннан екінші орынға секіріп жүріп, бір уақытта онсыз да қайыр сұрауға, болмаса өлуге бел байлаған жалғыз шалдың қасына келеді. Тіпті, олар да жалғызсырады ма, кім білсін, шалдың артынан ілесіп қалмай қояды. Шал бір нәрсесін ұмытқан кісідей сәл ойланып тұрып, жүгіріп үйіне барып, домбырасын алып шығады. Көктем лебін әкелген самал желдің ызыңына қосылып тұрып домбыраның шегіне қол соғады.
Шал ескі бір күйді ойнап кетті. Домбыра халық басына түскен ауыр қайғыны сезгендей боздай жөнеледі. Күйде көңілсіз әуен тақырыбы өтіп жатыр, бірде аттың желісін бейнелейтін саз да естіліп қояды. Сонан кейін басын төмен салып, бір кез өзін-өзі ұмытқандай шал күйді өте бір нәзік сезіммен шерте жөнеледі. Үздік-создық дыбыстары барған сайын баяулап, әлсіреп барып күй аяқталады.
Жан-жағына байқап қарайды. Төңіректе ешкім көрінбейді. Тек жаңағы төрт қарға ғана дөңгеленген көздерімен қарап қалыпты. Барлық жерде өлген мал, жандардың қалдықтары көрінеді. Жомарт домбырасын қайта қолға алып қарғалардың қарқылдаған үніне еліктетіп бір күй тартты. Домбыра төрт қарғамен қарғаша сөйлесіп кетті. «Сендерден басқа менің ешкімім жоқ, мені тастап кетпей-ақ қойыңдар, маған ештеңе қалмаса да, сендер үшін жететін азық мол», — дейді.