Тұлғаны тәрбиелеу мен әлеуметтендірудің жүйелі қадамдары
Сахова Акжаркин Тажихановна
«Өрлеу» БАҰО АҚФ ҚР ББЖ ҚБАРИ
Білім беру үдерісін педагогикалық-психологиялық
қолдау кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
Нақты білім беру жүйесі тұлғаны дамыту мен әлеуметтендірудің үдерісінің маңызды кезеңі, айта кетсек, өміршең қағидалар мен негізгі құндылықтардың саналы қалыптасу кезеңі екені баршамызға мәлім. Сонымен қатар ол оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті, өзгермелі өмірге бейімделу шарты, жеке бас қабілеттерін дамытудың тетігі, әлеуметтік-мәдени дамуының өлшемі, әлеуметтік дағдыларын дамытудың негізі, қатысымдық, ақпараттық проблемалардың шешімін табу құзыреттіліктерінің бірлігі, білім, білік дағдыларының құзыреттілікке ұласу жолы болып табылатын функционалды сауаттылықтың сипатты белгілерін дамытуға ықпал ету маңызды рөл атқарады.
Тұлғаны қалыптастыру жолында орта білім беру жүйесінде орны зор, себебі негізгі құндылықтар мен өмірлік қағидалар осы уақытта қалыптасады. Мектеп жасында балалар өзінің мәдени-ұлттық, этникалық қажеттіліктерін жүзеге асырып, оның бойында гуманистік, жалпы адамзаттық қасиеттердің қалыптасуына қолайлы жағдай және орта жасалады.
Бүгінгі таңда мұғалімнің алдында тұрған міндеті – әлеуметтік-белсенді тұлға қалыптастыруға ықпал ететін, жағымды білім беру және тәрбиелеу ортасын құруда әлемдік мәдениет пен жалпыадамзаттық құндылықтарды, этностар мен халықтың мәдени дәстүрін білу және өзіндік тәжірибесін қолдану.
Заманауи мектеп мұғалімдеріне оқу тәрбие үдерісін ұйымдастыруда келесі міндеттерді шешу көмектеседі:
- оқушылар бойында ұлтжандылықты, азаматтылықты және намысқорлық қасиеттерді және отаншылдық сананы қалыптастыру, Отанға деген мақтанышқа тәрбиелеу.
- тұлғаның жалпыазаматтық құндылығын, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етуі, рухани-адамгершілік дәстүрді сақтау және қайта жаңғырту;
- жалпыадамзаттық қасиеттердің негізінде жан жақты мәдениетті, өзгермелі өмір жағдайларына бейім тұлғаны қалыптастыру.
- оқушылардың білім алу уәждері мен танымдық қызығушылықтарын қалыптастыра отырып ойлау мүмкіндіктерін дамыту;
- өмірге, адамдарға құрметке тәрбиелеу;
- өзін өзі жетілдіру бағдарламаларының көмегімен мінез құлқын тәрбиелеу;
- салауатты өмір салты туралы көзқарысын қалыптастыру, мәдени-спорттық іс шараларға қатысуға тарту.
Жеке тұлғаны тәрбиелеуде жоғарыда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мектептегі оқушылардың академиялық пәндері, қосымша білім беру, бос уақытты ұйымдастыру және әлеуметтік өмірдің тәрбиелік әлеуеті арқылы іске асырылады. Сонымен қатар тұлғаның негізгі сапалары отаншылдық, төзімділік, сенімділік, жауапкершілік, креативтілік, тапқырлық, көшбасшылық, яғни функционалдық сауатты тәртіп қалыптасады. Түпкі мақсатбілім алушылардың өзін өзі жетілдіру мен дамытуға жетелейтін, кез келген жағдайда коммуникативтік-қызметтік әрекеттерді үш тілде көрсетуге мүмкіндік беретін бірнеше тілді меңгеру, өзінің салт дәстүрі мен тарихын білетін, әлеуметтік және саяси өзін өзі анықтауға қолдау көрсететін көпмәдениетті тұлғаны дамыту.
Бүгінгі таңда оқу және тәрбие бағытында НЗМ тәжірибесі республиканың мектептеріне таратылуда. Осы ретте Зияткерлік мектептердегі тәрбие жүйесін келтіруді жөн көріп отырмыз. Ондағы іс шаралар шығармашылық және аса өнегелі, бәсекелі ортада табысты әрекет етуге қабілетті, мәдениеті жоғары және азаматтық жауапкершілік жүктеген, өз Отанына берілген жеке тұлға қалыптастыруға бағытталған.
Тәрбие жүйесі пәндік оқу бағдарламаларының, қосымша білім беру бағдарламаларының, демалыс қызметінің мазмұнын мынадай бағыттар арқылы интеграциялау жолымен іске асырылуда: патриоттық тәрбие, интеллектуалды даму, адамгершілік тәрбие, физикалық және психологиялық даму, алуан мәдениетті даму, көшбасшылық қасиетті дамыту, көркем-эстетикалық даму. Оқушылардың сабақта және сабақтан тыс қызметте интеграциялануы әлеуметтік-гуманитарлық цикл пәндеріндегі «Алаштану», «Абайтану» ұлттық құрамдас бөлік, түйінді пәнаралық тақырыптар, «Өнер» және «Дене тәрбиесі» пәндерін және қосымша білім беру бағдарламаларын оқытудағы көзқарастардың байланысы арқылы жүзеге асырылады. Білім беру қызметінің осы интеграциясының нәтижесінде тәрбиелеу жұмысы нысандар мен әдістер кешені арқылы ұйымдастырылады, соның ішінде әлеуметтік жобалар мен практикалар, Қазақстан бойынша өлкетану экспедициялары, мүдделер бойынша сабақтар (спорттық, көркем, технологиялық және интеллектуалды), таңдамалы курстар, оқушылардың өзін-өзі басқаруы мен қоғамдастықтар («Шаңырақ» және басқалары), драмалық және театр көрсетілімдері, интеллектуалды және іскер ойындар, желілік іс-шаралар және т.б.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушылар қауымдастығы «Шаңырақ» жобасы негізінде ұйымдастырылады. Қауымдастықтың мақсаты – бірыңғай топтар құру арқылы оқушыларды ауызбірлікке, біртұтастыққа бейімдеу, жоғары сынып пен төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастыру болып табылады. «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығына жас аралығындағы және оқыту тілі әртүрлі екі сынып біріктіріледі (Мысалы, 12 және 9, 11 және 8, 10 және 7). Әр «Шаңырақтың» өз аты, белгілері, ұраны бар. «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы арасында әртүрлі жарыстар мен сайыстар (спорттық, зияткерлік, мәдени) өтеді, қатысқаны мен жеңістері үшін оқушылардың әр қауымдастығы ұпай сандарын жинақтап жыл соңында жеңіске жеткен топқа «Өркен» кубогы тапсырылады және «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясына жолдама беріледі. Жан жақты дамыған тұлға қалыптастырудағы аталған қауымдастықтың артықшылықтары әр жастағы оқушылардың өзара ынтымақтастығы артады, жоғары сынып оқушыларының төменгі сынып оқушыларына қамқорлық танытуы өзара әріптестік мәдениетін қалыптастырады, көшбасшылық қабілеттерін дамытады, сабаққа дайындық барысында және сабақтан тыс уақытты ұйымдастыруда бір-біріне көмек көрсетеді, біртұтас команда, корпоративті рух қалыптастыру болып табылады. Осының негізінде тәуелсіз оқушы, азаматтық ұстанымы белсенді, өз елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға дайын сенімді жеке тұлғаны қалыптастыруға қолдау көрсететіні анық.
Сонымен қатар бүгінгі таңда соңғы бір ғасыр бойына айтылып келген білім, білік, дағды құзыреттілікпен жалғасып жатыр. Осы тұстағы жан жақты тұлға құзыреттілігін қарастыруға болады. Онда қызығушылықпен білім алу, педагогтарға сенім арту, қиын жағдайда эмоционалдық тұрақтылықты сақтай білуі, танымдық тұрғыдан өзінің әрекетіне жауапкершілікпен қарауы, себебін анықтай алуы, өзіндік уәжді көрсетуі, өзін өзі реттеуі, қызығушылығы мен қажеттіліктерін айта алуы, ақпарат көздерін таба алуы, бірлесе жұмыс істеуі, жағдаяттан шыға білуі, өзін өзі бақылауы, өзін өзі бағалауы т.б. маңызды рөл атқарады. Әрине жоғарыда көрсетілген сипаттамалар жүйелі құрылған жоспар мен ұзақ мерзімді еңбектің нәтижесінде ғана жүзеге асатыны сөзсіз. Ескеретін жайт, тұлғаны тәрбиелеу мен әлеуметендіруде нақты оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырған, материалдардың мазмұны мен оқытудың қағидалары анықталған, алдын ала жоспарланған және кері байланыс жүргізілген жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыру жағдайында көптілді тұлғаны қалай қалыптастыруға, тәрбиелеуге болады? деген сұрақ аясында келесі қадамдарды ұсынуға болады:
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары:
- тәрбие жоспарына түбегейлі өзгерістер енгізу;.
- тәрбие ісі орынбасарының құжаттарына енетін топтамалардың мазмұндық жаңартылуы және даму жоспарының СМАРТ мақсатқа сәйкестігі;
- мектептегі тәрбие үдерісін ұзақ мерзімді (ҰМЖ), орта мерзімді (ОМЖ), қысқа мерзімді (ҚМЖ) жоспарлау;
- сыныптан тыс іс-шараны талдау және өздік талдаудың жаңа тәсілдері мен өзара және өзін-өзі бағалауды енгізу;
- мектепте оқушылық өзін-өзі басқару арқылы көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеу;
- нақты оқу жылына арналған тәрбие жұмысының циклограммасы нақты және күтілетін нәтижені анықталуы тиіс;
- оқыту мен тәрбиелеудің тұлғаға бағытталған технологиясын пайдалана отырып диагностикалауда 5-11 сыныптарда тәрбие үдерісінің нәтижелілігін бағалауға мүмкіндік эмпирикалық зерттеулерді(сауалнама, байқау, бақылау, тестілеу, социометрия және т.б.) тиімді пайдалану;
- мектептерде элективті курстардың санын көбейту. Олардың тақырыбы, мазмұны және т.б.бір жүйеге кетірілген болуы тиіс.
- мектептің іс шараларын тілдер пән бірлестігімен бірлесе жоспарлау және т.б.
- тәрбие сағаттарының жоспарын(қысқа мерзімді) сынып жетекшілерімен бірлесе дайындау;
- мектеп мұғалімдеріне, ата-аналарға коучинг сабақтар ұйымдастыру.
Сынып жетекшісі:
- сыныпта танымдық іс әрекеттерді ұйымдастыруда, әлеуметтік қарым қатынасты қалыптастыруда тұлғаның дамуына ықпал ететін оқу-тәрбие жұмыстарны жүйелі жүргізуі қажет.
- тұлғаның өзін өзі дамытуына ықпал ету, оның әлеуетін іске асыруда сынып сағаттары және сыныптан тыс шаралардың мақсаттылық, мазмұндылық, ұйымдастырушылық-қызметтік, бағалау-талдаушылық құрауыштарын басшылыққа алу;
- басқару тұжырымдамасына сәйкес үш деңгейлі функциясы: педагогикалық және әлеуметтік-гуманитарлық, әлеуметтік-психологиялық, басқаруды(диагностиклақы, мақсат қою, жоспарлау, бақылау, түзету қызметтері) қайта қарап жеке тұлғаға бағыттай отырып жоспарлауы тиіс.
- сынып оқушыларының психологиялық-педагогикалық мінездемесі, өткен оқу жылындағы тәрбие жұмысының талдауы, ағымдағы оқу жылындағы тәрбие жұмысының тақырыбы, мақсаты және міндеттері, сыныптағы тәрбиелік шаралардың жоспары, оқушылармен атқаратын жеке жұмыстардың жоспары, ата-аналармен атқаратын жұмыстардың жоспарынжан жақты тұлғаны дамытуға бағдарлау және оны мониторингілеу. Оның мазмұны мектептің даму жоспарында көрсетілген басым бағыттар мен күтілетін нәтижелерге сәйкес келуі тиіс.
- тұлғаны дамытуға бағытталып жүргізілген іс шаралардың, эмпирикалық зерттеу нәтижелерін диагностикалау;
- сынып оқушыларының тәрбиелік деңгейінің диагностикалық картасын, жас ерекшеліктеріне сай оқушылардың тәрбиелік деңгейін анықтауға арналған өлшемдерді анықтау, оқушылардың тәрбиелік картасын жүйелі жүргізу;
- сынып жетекшісінің тоқсандық тәрбие жұмысының жоспары бойынша сынып сағаттары, іс шаралар, сыныпта жүргізілетін әңгімелер және жалпы мектептік және аудандық іс шаралар мазмұнын жаңарту;
- сынып жетекшісі тұлғаға бағытталған амалдың негізгі негізгі қағидалары болып табылатын өзін өзі жігерлендіру, жеке даралық, субьектілік, таңдау, шығармашылық пен табыс, сенім мен қолдау қағидаларын басшылыққа алуы тиіс.
- жоғары сынып оқушыларының құндылықтар бағдары мен болжамын анықтауда зияткерлік деңгейі, дүниетанымы, адамгершілігі, азаматтық ұстанымы, мінезін секілді критерийлер қамтылған сауалнамаларды алу.
Сонымен қатар тәрбиенің тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен белсенді өмір сүру дағдыларын қалыптастыру, шәкірттің ар-ожданына нұқсан келтірмеу, жеке қарым қатынастағы құпиялылықты сақтау, үлгілі және қолданбалы тәрбие(моральдық кодекс, ар-ождан кодексі, мінез құлық және тәртіп ережелері, ұлттық әдет ғұрып және салт-дәстүр ережелері т.б.) ережелерін басшылыққа алу, тұлғаның дамуы мен кемелденуінде кешенді үйлесімділік(адамилық, табиғилық, жаратылыстық, әлеуметтік-психологиялық, мәдени-эстетикалық, қоғамдық-этиалық) қалыптастыру қағидаларын басты назарға алу.
Тәрбие үдерісін ұйымдастырудағы оқушылармен жүргізілетін төмендегідей жұмыстарды жүйелі жоспарлауды қажет етеді:
- Мектептің тәрбие орталығын құру.
- Мектептің оқу-тәрбие мазмұнын оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағыттай құру және сыныптан тыс жүргізілетін қолданбалы курстар, әр бағыттағы үйірме жұмыстары, зерттеу топтарын құру.
- Ел-жер, ауыл аймақ тарихын, тұлғалар тарихын зерттейтін топтар, табиғат құбылыстарын болжау орталықтары, ауыз әдебиеті мен батырлық жырлары, дастандар т.б. құндылықтарды зерделейтін, насихаттайтын әр пәнге қатысты үйірме жұмыстарын ұйымдастыру.
- Қазақтың қолданбалы қол өнері үйірмелерін құру, іскерлік сыныптарын, топтарын ашу (кәсіпке қатысты – ұлттық ою өрнек, кесте, зергерлік өнім, тоқыма, ұлттық тағам түрлері, оның құрамын білу, әрі дайындау технологиясы т.б.; өнерге қатысты – айтыс, жыршылар, термешілер, әуесқой музыканттар мектебін ашу, үйірме жұмыстары; драма үйірмелері – ауыз әдебиеті үлгілерін сахналау; поэзия мен көркемсөз өнеріне баулитын, әрі актерлік қабілетін дамытатын, көркем оқуға жаттықтыратын үйірмелер; спортқа қатысты – «ұлттық ойындар», «тоғызқұмалақ», «асық» және т.б.)
- Кітапхана жұмысын жандандыру. Кітапхана баланың кітапқа деген қызығушылығын оята алатын іс шараларды өткізумен қатар, сыныптан тыс қосымша білім берудің негізгі ошағы болуы шарт. Кітапханада тәрбие саласының барлық бағыттары бойынша қызықты іс шаралар: әдеби оқулар, қойылымдар, кештер, конференциялар, еңбекке баулу шаралары атқарылуы тиіс.
- Оқушылардың өзін өзі басқару жұмысын жетілдіру.
- Оқушыны еңбекке баулу – пән сабақтарын еңбекпен ұштастыру, негізгі мектеп ережелері арқылы өзіне өзі қызмет жасау, қоғамдық пайдалы еңбекті ұйымдастыру.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Тәрбие тұжырымдамасының негізі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген № 227, 22 сәуір 2015 жыл.
- Барлық білім беру ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейту жөніндегі үлгілік кешенді жоспарды бекіту туралы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 873 Қаулысы.
- Жалпы орта білім беру жүйесіндегі көптілді білім беруді дамытудың әдіснамалық қамтамасыздығы. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, әдістемелік нұсқаулық, 4 б. 2015 ж.