tengrinews.kz
- 23 ақп. 2026 14:31
- 25
Түркістан облысындағы колледж студенттері ерлер жатақханасын тазалауға мәжбүрленді
Түркістан облысындағы колледж студенттері ерлер жатақханасын тазалауға мәжбүрленгені туралы даулы жағдай әлеуметтік желіде тарады. Видеода студент қыздар жатақхана әкімшілігі тарапынан қысым көргендерін айтып шағымданады.
Студенттердің айтуынша, оларды ерлер бөлмелерін, соның ішінде еден жуып, дәретханаларды тазалауға мәжбүрлеген. Қыздар бұл талапты орындамаған жағдайда, оларды жатақханадан шығарып жібереміз деп қорқытқан.
Жарияланған видеода студенттер мен жатақхана қызметкерлері арасындағы сөз таласы көрінеді. Қыздар ерлер бөлмелерін тазалауға міндетті еместіктерін айтып, талапты орындаудан бас тартқан.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркістан облысы білім басқармасының жауабы
Түркістан облысы білім басқармасы бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, оқиғаның бақылауға алынғанын, арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жүргізілгенін хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, колледждің 1072 студентінің 80-і жатақханада тұрады. 23-25 ақпан аралығында өтетін облыстық спартакиадаға байланысты іс-шараға қатысушыларды орналастыру үшін бос бөлмелерді ретке келтіру қажеттілігі туындаған. Ер студенттер болмағандықтан, бұл өтініш қыздарға айтылған.
Нәтижесінде, басқарманың атап өтуінше, студенттер арасында түсініспеушілік болған.
Алдағы шаралар
«Қазіргі уақытта студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Білім басқармасы студенттердің құқықтарын, заңды мүдделерін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Бұдан былай мұндай жағдайлардың алдын алу және ішкі бақылауды күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданды», - делінген басқарманың мәлімдемесінде.
Тексеріс қорытындысы бойынша кінәлі тұлғаларға құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданады.
Бұған дейін 2025 жылы Қазақстанда шамамен 336,4 мың қала сыртынан келген студент болғаны, олардың басым бөлігі Алматы, Астана және Шымкент қалаларында шоғырланғаны айтылған еді. Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі жатақханада орын тапшылығы 8 мың студентке жетуі мүмкін екенін болжаған.