Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Түйебайдың бас ұстауы

Түйебайды ел-жұрт шешен-шешен дейді екен. Сол шешенді қу жігіттер бір сүріндірмек оймен Түйебайды қой сойып, қонаққа шақырыпты. Бірақ Түйебайды бірер сағат кешігіп келетіндей етіп хабарлапты. Асты алдарьша алып, Түйебайға беретін басты өздері тазалап мүжіп, қалған қу басты кішкене табақшаға салып, Түйебайға әзірлеп қойыпты. Осы мезгілде Түйебай да кіріп келіп, сәлемдесіп, төрге орналасады.

— «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» деген осы да, — деп мақалдай сөйлеп, қу басты Түйебай шешеннің алдына қоя салыпты да, өздері үн-түнсіз қалыпты. Сонда Түйебай шешен саспастан басқа қарап отырыпты да:

— Япыр-ай, мына бастың ұстайын десем құлағы жоқ, көріп-көрісейін десем көзі жоқ, сөйлесіп мән-жайды сұрайын десем тілі жоқ, ең болмаса кімнің домалантып ұстағанын иіспенен білетін мұрны да жоқ екен. Менің аталарым да тегін адамдар емес екен. Түсімде әкем марқұм: «қарағым, өзіңе бір дерт жармасқалы тұр екен. Кешікпей, дерт ұялмай тұрғанда қубаспен аластап, көшіріп тастасаң, еншалла, айығып кетерсің» — деп аян беріп еді. Күлде жатқан қу баспен көшіртуге ыңғайсызданып жүр едім, бәрекелді, қу бастың алдымнан өзі шыққанын қарай гөр, — деп қу басты қолына алып: «Қу бәлекет әрмен кет, тиген жерінде болсын әрекет» — деп басынан үш рет айналдырып, есікке қарай лақтырып жібергенде, осы жайды ұйымдастырып отырған бір-екі қулардың басына тиіп, жаралап кеткен екен. Отырған жұрт ду күлкіге батыпты. Ал қулар болса үн-түнсіз қалған екен.

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама