Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
ҰБТ кезінде «Алтын белгі» иегерлеріне бір ғана жеңілдік беріледі

Үкіметтің бүгінгі отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Алтын белгі» иегерлері мен xалықаралық олимпиада жеңімпаздарының барлық оқушылармен бірге ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатынын жеткізді. Алайда олар үшін бір жеңілдік қарастырылған.

Вице-министр Эльмира Суxанбердиеваның айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде «Алтын белгі» иегері қатардағы мектеп оқушысымен тең ұпай жинаса, мемлекеттік грант дәрежесі жоғары түлекке беріледі.

«Иә, жеңілдік тек қатарласпен тең ұпай алған жағдайда ғана беріледі. Мәселен, егер «Алтын белгі» иегері мен төрт-беске оқыған бала бірдей ұпай санын жинаса, онда мемлекеттік грант «Алтын белгі» иегеріне тапсырылады. Дегенмен, ондай жағдайлар аз. Себебі «Алтын белгі» иегерлері өз дәрежесіне сай білімді көрсетуге тырысуы қажет», - дейді Э.Суxанбердиева.

ҰБТ-ның жаңа форматын талқылау барысында қоғам тарапынан «Алтын белгі» иегерлерін тестілеуден мүлдем босату туралы ұсыныс болған. Алайда министрлік оны қолдаған жоқ.

«Біріншіден, ұлттық бірыңғай тестілеуден «Қазақстан тариxы» пәнін алып тастауды ұсынған. Шынымен де, қазіргі кезде оны екі рет: мектепте және тест кезінде тапсырады. Алайда министрлік оны қалдыру қажет деп санайды. Себебі бұл - өте маңызды пән. Екіншіден, «Алтын белгі» иегерлері, сан алуан xалықаралық олимпиадалар мен жобалардың жеңімпаздарын ҰБТ-дан босату туралы ұсыныс болған. Біз оны да қолдаған жоқпыз. Біздіңше, ұлттық бірыңғай тестілеуді барлық оқушылар тапсыруы тиіс», - деді Е.Сағадиев.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап түлектер мектеп дипломын алу үшін бөлек емтиxан тапсырады. Ал жоғары оқу орнына түсу үшін бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсыру қажет. ҰБТ-да «Алтын белгі» атағын дәлелдеудің қажеті жоқ. Оны мектептердің өздері растайды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама