Ұлдың орны
— Сен мені түсінбейсің бе деп қорқамын. — Талжібек әлдеқандай бір тың сөз бастар алдындағы әдетімен ұзын кірпіктерін бір қағып жіберді. Сонан соң өзінен жауап күте үнсіз тұрған Мейрамбектің көзіне тура қарағысы келмегендей қырындап кеткен.
— Нені түсінбеймін. Не айтайын деп тұрсың?! — Жігіт үні назалана, таусыла шықты. Қыз сәл таңданғандай раймен қою кірпіктерін және бір қағып қойып, сұлу қоңыр көздерін бұған қарай төңкере жалт еткізді.
— Менің ата-анамды өкпелеткен кезім жоқ Олардың да бетіме жел болып тимегенін айтып едім ғой. — Өзімен-өзі сөйлескен адам секілді, әлгіндегі қырындаған қалпын өзгертер емес өзі.
— Ал солай-ақ делік. — Жігіт қасақана оның қарсы алдына барып тұрды. — Мұнымен не айтпақсың?!
Талжібек енді жігітінің ашық келген, ақ мәрмәрдай кең маңдайына, сонан соң бүкіл сымбатына нұқсан келтіріп тұрған қысық көздеріне қарады. Осы бір көздер үшін ғана өзінің қаншама уақыт бойы бір шешімге келе алмай жүргені ойына түсті. "Көзде тұрған не бар? Көзі ғана демесең, өзге сымбатында бір мін жоқ. Жаны қандай нәзік?! Қандай дарқан?! Осыдан өзге кімге шығамын?" Бірақ бұл ойы ғана еді. Ол орындалғанға дейін әлі талай түйіндер шешілуге тиіс. Солар есіне түсуі мұң, жібіп келе жатқан көңілі қайтадан қатая берді.
— Айтайын дегенім, оларды сендер де ренжітпеңдер. Егер солардың көңілін таба алмасаңдар, мен де жоқпын, — деді нықтап. Деді де манадан бері аэропорт шарбағына сүйеулі тұрған жол қапшығын лып еткізіп қолына алды. Сонан соң бұл ең ақырғы сөзім дегендей жүруге ыңғайланған күйінде жігіттің көздеріне тағы да тура қарады.
Ата-анамның алдынан өту жайына келсек, туыстарыңды жібере беруіңе рұқсат. Олар сен туралы біледі. — Осыны айтып, жол қапшығын келесі қолына ауыстырды да, сағатына бір үңіліп, самолетке отырғызу алаңына қарай жүре берді.
Дәл осы сәтті күтіп тұрғандай-ақ репродуктордан "Маңғышлақ — Алматы" рейсімен ұшатындарды самолетке отырғызу басталғаны хабарланды. Талжібектің әлгі бір сөздерін саралап, байыбына әлі барып үлгірмеген жігіт манағы орнында қалшиып әлі тұр. Ол өз тізгінін ата-анасының қолына тастап бара жатқанын ұқты. Бірақ неге өйтті? Ата-анаға деген құрмет белгісі ғана ма бұл? Онда неге солардың алдынан өтсеңдер болды демейді?.. "Сен мені түсінбейсің бе деп қорқамын" деуінің сыры неде?!
— Мейрам! — Жігіт селк ете түскен. Дауысқа жалт қарады. Ұшу алаңының ортасына қарай беттеген ашық арбадан өзіне қол бұлғаған Талжібекті көрді. Үстіндегі көгілдір сулығының бір етегі сәл көтеріле бұған күле қарайды. "Жоқ! Бөтен ойы жоқ!"
Жігіт жүрегінің қуана бұлқынып қалғанын сезді.
* * *
Қыздың жұмбақ сөзінің түйінін Мейрамбек көп ұзамай-ақ түсінген. Болашақ қайын жұртына құда түсе барған мұның туыстары ол жақтан үлкен өкпе арқалап келді. "Біз баланы білмейміз. Қызымыздың өзі жаратса болды, жастардың шешіміне қарсы келмейміз. Қолымыздағы барымыз да, нарымыз да осы баламыз. Соны қолымыздан ырғап-жырғап ұзатсақ — біздің арман сол ғана. Ал бұл үшін қаржы керек. Күйеу жігіт жалғыз дегенмен, жанашырсыз емес көрінеді. Көп емес, үш мың сом әкеліп берсін де, дайындықтарына кірісе берсін. Талжібекжан енді екі-үш айда оқуын бітіріп келеді. Сол кезде тойын да жасап беремін", — депті қыз әкесі.
— Қызды сатып беретін баяғының заманы жоқ. Бұл не қылған сауда?!
— Жетім бала мен жесір әйел осыншама ақшаны қайдан ала қояды дейді екен?!
— Өмір бойы жинақтаған тиынына мына бір үйін салдырып, енді ғана сол үйге келін түсіріп, қызық көрем деп отырған Айша бейшараның төбесінен жай түскендей қылды-ау!
— Осы барып алдынан өткен дегеннің өзі бір әуре. Әйтеуір, уәдесі бар қыз болса, алып қашқаннан қызығы жоқ Азар болса, артынан туыстары келіп, ойран салып кетер. Одан ештеңе де қирап қалмайды. Құдалардың бір еркелігін көтеріп аламыз.
Осы тектес туыстарының гу-гу сөздерінен басы қатқан Мейрамбек өз үйінен қашып шыққандай болды. Вокзалға жақын тұратын. Осы маңдағы ең алдымен баратын жері де сол. Іші-сыртын бір сүзіп шықпаса, көңілі көншімейтіндей. Бұл жолы да сөйтті. Сонан соң ғана бір бүйірдегі кішкентай киоскіге соқты. Бір-екі жаңа газет сатып алды. Енді не істесем екен дегендей, жан-жағына қараған. Сонадай жерге келіп тоқтаған үлкен "Икарусқа" көзі түсті. Осы арадан облыс орталығына қатынайтын маршруттық автобус. Көп ойланбай-ақ соған беттеген. "Жұмысқа ертең кешке шығамын. Аслан жұмыстан келсе, ертіп, теңізге барайын".
Аслан Мейрамбектің мектепте бірге оқыған жолдасы. Оның үстіне Асланның келіншегі Гүлнәзия Талжібектің сырлас достарының бірі. Басындағы жағдай туралы олармен де ақылдасқысы келді. Досы ұйқтап жатыр екен.
— Оятпай-ақ қойшы. Өзі де таң ата келді. Жұмыстан әбден шаршап жүр. Бүгін үйде ғой, қайтып келерсің, — деп, Гүлнәзия безек қақты. Мейрамбек оның еңдігі сөзін жүре тыңдап далаға беттеген.
— Қайда кеттің? — деп дауыстады соңынан бұл жүгіре басып астындағы қабатқа жетіп қалғанда.
— Теңізге. Мамандар келді ме? — Келіншектің де үйде сұрап үлгермеген жайды. Білгісі келіп бара жатқан секілді.
— Иә, — деді де Мейрамбек бұдан әрі бөгелместен жөнеле берді. — Қайтарда соғамын, ешқайда кетпеңдер.
...Сол күні кешке қонақтарын шығарып салғаннан кейін Аслан Гүлнәзиямен екеуі үш мың сомның жайын талқылап ұзақ отырды.
— Мен білетін Талжібектің сөзінен қайтуы қиын шығар, оның осы айтқаны айтқан. Енді ақшаны тауып береді немесе Мейрамбек онымен қош айтысады. — Гүлнәзияның келген қорытындысы осы.
— Сен де қайдағыны соғады екенсің, — Аслан келіншегіне алара қараған. — Немене, ол сонда Мейрамбекті ақшаға айырбастай ма?! Сүйгені рас болса, жағдайды түсініп, ата-анасын өзі көндіруі керек. Және мектепте бірге оқыған досың, бұл арада сенің де ықпалың керек қой деп ойлаймын.
Гүлнәзия бірақ ештеңе естімегендей, өз сөзін қайталады:
— Көрерсің, ол сөзінен қайтпайды. Бекерден-бекер ештеңе сөйлей салатын қыз ол емес.
— Иә... ол жағын мен де білемін. Екеумізді таныстырып тұрып: "Сендер бір-бірлеріңе сондай үйлесесіңдер, түбінде үйленіп тынатын шығарсыңдар", — деп еді, айтқаны келді емес пе, — Асланның үнінен күлкі нышаны сезілген. Гүлнәзияның құлағына құрбысының "Екеуінде бір ұқсастық бар" деп, таңдана шыққан үні естіліп кеткен секілденеді. Талжібектің осы бір сөзін үйленгендерінше аузынан шығармағанымен, кейіннен айтып қойған. Ол: "Е, өзің тіпті менен алғашқы күннен-ақ дәмелене бастаған екенсің ғой", — деп әзілдеп күлген. Қазір де сол әңгімені бұра тартып, өңін айналдырып отырғанын біле қойды да, әңгіме барысын өзгерту үшін әрі көңілінде жүрген бір күдігінің бетін ашып, күйеуімен ақылдаспақ ниетпен, құрбысына қатысты бір сырдың ұшығын шығарған.
— Кейбіреулер Талжібектің мұнысын ескіліктің шырмауынан шыға алмағандық деп те жазғыруы мүмкін. Ал оның ата-анасына берген серті бар... — Аслан елең етті.
...Оныншы класты бітіргеннен кейін үлкені Балжібекті алыстағы қалаға оқуға аттандырған. Мақсым қарпы ағайындары құптамай:
— Оқуды сырттай да оқи бермей ме осы күнде. Бәлен жыл бойы далада жүрген қыз сол жақтан біреуді табады да, тайып тұрады. Оны несіне оқуға жіберіп отырсың? — дескен.
Бірақ баласын бетінен қайырғысы келмеген Мәкең:
— Менің қызымның есі бар. Бізді тастап алысқа кете қоймас. Оқуын бітірген соң ең құрығанда қолымда екі жыл жұмыс істеп, асыраймын деп отыр. Сөйтіп қызығын көрсетсе жетпей ме? — деп, кінәмшіл ағайынды тыйып тастаған.
Бірақ Балжібек айтқанында тұрмады. Оқуын бітірмей-ақ тұрмысқа шықты. Семьялы адамның жайы белгілі, ата-анасына демалысының өзінде бірде келсе, бірде келе алмады. Осыны көрген ағайынның:
— Иә, есі бар екен, оқуын бітірген соң күйеуін ерте келіп бірге бағатын шығар сендерді, — деген кекесінін естіген сайын әкесінің үнсіз құнжыңдап, теріс айналып кететінін көрген Талжібектің зығырданы қайнайтын.
— Япыр-ау, осы кісілер неге соншалықты күйінеді!? Өздерінің қызы тұрмысқа шықпай, өздерін асырап отыр ма? Сіздер қой десеңіздерші?! — деп, шешесінен қинала өтінетін.
— Е, айналайын, жұрт не демейді. Өздерің аман болыңдар.
Көзіне жас алып, әрі қарай үндемей қалатын анасын қызы енді қалай сергітуді білмей сасатын.
Сөйтіп жүргенде Талжібек те мектеп бітірді. Жап-жақсы аяқтаған оқуын енді мұның да одан әрі жалғастырғысы келген. Бұл жолы ағайындарының наразылығы тіпті күшейіп кетті. Әсіресе әкесінің інісі Әріпжанның әйелі Қатшаға бұл жай бәрінен де қатты батқан сияқты:
— Бір қызыңды оқытып, мұратына жеткіздің. Саған енді оның бес тиындық та пайдасы жоқ Мынау да ертең сөйтеді. "Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүретінін" білмеуші ме едің?! Сонда мына қу бас болып қалатын екеуіңді мен бағып-қағуым керек екен ғой. Әй! — Енді ол күйеуіне тап берген. — Айтсаңшы мыналарыңа! Қызды оқытам дегенді қойыңдар деп неге айтпайсың, ойбай?!
Сол кезде көптен бері іштен тынып, әрең жүрген Талжібек шыдай алмай кетті. Орнынан ұшып тұрып:
— Бізге неге қайта-қайта ақыл айтып, "жанашыр" бола береді десем, менің әке-шешем бағусыз қалады деп қорқады екенсіз ғой. Қателесесіз! Олар еш уақытта да ешкімнің қолына қарамайды. Олар үшін мазаңызды кетірмеңіз! — деген сөздерді дірілдеген даусымен әрең айтып үлгірді де, әкесінің алдына құлай кетті...
— Әке! Әкетай! Кет деңізші мына кісілерге! Мен еш уақытта да сендерді тастап кетпеймін! Еш уақытта да сендерді ренжітпеймін! Оқуға да бармай-ақ қояйын! — деп, солқ-солқ етті.
— Құдай маған сені неге ұл ғып бермеді екен?! — деп, әкесі де күңіреніп кетіп еді. Қатша мен Әріпжан енді бір-біріне аңыраса қарап, есік жаққа қарай жылыстап бара жатты...
Көп ұзамай Талжібек оқуға аттанған. Жолы болып, апасы оқыған дәрігерлік институттың емдеу факультетіне түсті. Бірақ оның көкірегіне сонау бір күннің мұңды күйі сол қалпында сақталып қалыпты. Әсіресе ағайындарының бұларға не себепті бұлданатынын түсінгені-ақ жанына аяздай бататын үлкен бір дертке айналды. Қараған көз тойғандай екі қызы бар екеніне қарамастан, ата-анасының неліктен ұлды жоқтайтынын да ол енді түсінді. Кейде көңіліне: "Әке-шешем мені қанша әлпештегенімен, мен олар үшін тек қана уақытша алданыш екенмін-ау. Ұлдың орны бөлек екен-ау. Мен ол олқылықты толтыра алармын ба?!" — деген ой орала қалса, жаны қысылып кеткендей қиналады.
Сөйтіп жүрген Талжібек қалай да туыстары алдында Мақсым мен Биғанның мәртебесін көтеруді арман етті. Ол осы бір ойын жүзеге асыруды жылдар бойы жоспарлады десек те артық айтпас едік. Каникул мен мереке күндерін үйінде өткізу ол үшін бұлжымайтын тәртіпке айналған. Келген сайын Маңғыстаудың көп қазақ ауылдарының бірінде тұратын ата-анасын шексіз қуанышқа бөлейтін. Әкесі салған кішкентай ғана жатаған үйлерінің іші-сыртын жөнге келтіріп, үй іші мен ауланы жұтындырып, кемпір мен шалдың киімін ретке келтіріп тыным таппайтын. Онысы айналасындағылардың назарын көп аударады-ақ. Мақсым мен Биған да, осыны көрген көпшілік те жап-жас қыздың ата-анасына деген қалтқысыз пейілін танып, ризалық білдіретін. Бірақ Талжібектің өзі бұған қанағаттанбайтын секілді. "Былайғы жұрт не ойласа да осы Әріпжан мен Қатшаның ішін күйдіретіндей бір нәрсе істесем-ау" деп қиялдайды. Ал ондай іс сол аға-жеңгесінің ұғымы дәрежесіне сәйкесуі керек қой.
— Мен білсем, — деді Гүлнәзия, — ол мұны соларға деген ерегес пен істеп жүр. Сондықтан егер Мейрамбектің ақшадан қысылғандай жағдайы болса, жігіттерді ұйымдастырып, көмектескен дұрыс.
— Ақылыңнан айналайын, сол! — Әншейінде біреуге қарыз беру жайында сөз шыға қалса да зыр қағатын келіншегінің мына пейілін Аслан қуана құптады. Бірақ дерін десе де, лезде әлденеге басылып қалған. — Бірақ..
— Не бірағы бар? Егер Мейрамбектің өзі қалай шешер екен, алдымен соны біліп алайық десең, бұл да жөн емес демеймін. Жаңа ашылып ештеңе айтпады... Дегенмен, Талжібектей қыздан айрылу бәрінен де қиын шығар.
— Енді бәрібір Талжібектің өзі айтпаған сырды оған білдіру мүмкін емес. Егер де жағдай тіпті қиынға айналып бара жатса, тағы да көрерміз. Бұл өзі бір есептен махаббаттың беріктігіне де сын болып тұр ғой.
Гүлнәзия да күйеуінің бұл сөзіне келісетіндігін білдірді.
* * *
Мейрамбектің қаттаулы жатқан қазынасы, шынында да, жоқ еді. Бар тапқан-таянғанына станция басынан жақсылап тұрып үй тұрғызып алған. Бар байлығы да сол. Әкесінен ертерек қалған мұны өсіріп, сақтаған шешесіне де жасаған жақсылығының бірі осы деп есептейтін өзі. Теміржолшы мамандығын алып, армия қатарындағы борышын өтеп келіп, үй салып, аулының белді бір азаматтары қатарына қосылдым деген оның ендігі үлкен шаруасы үйлену десек, оның да төбесі алыс көрінбейтін. Өзі баяғыдан ұнатып, сөйлесіп жүретін Талжібегіне шексіз сенетін. Енді келіп оның мынадай шарт қоюына түсінбей дал. "Менің жай-күйімді білмейтін адам емес. Сонша ақшаны қайдан алады деп ойлайды екен?!" Оңды-солды айтылған көлденең жұрттың көп әңгімесі көкейіне қонбай, өзгедей ештеңе ойлап таба алмай, әбден сергелдеңге түсіп жүргенінде, жұмыстан жаңа оралған анасы бірде қасына шақырып алды.
— Ал, құлыным, не ойың бар? Жасың отызға жақындады. Жаман шешең қартайып келеді. Отырамыз ба енді екеуміз өстіп? — Анасының әңгімесі не жөнінде екенін түсінді, әрине. Түсінсе де:
— Маған салсаң, сенің амандығыңнан артық ештеңе керегі жоқ мама. Жүре берем. Саған да менің көз алдыңда жүргенім жетпей ме? — деді.
— Жоқ құлыным. Жер ортадан асқан кісіге жалғыз ұлға қарап отырған жетпейді екен. — Айша баласын өзіне тартып, басынан құшақтады. Сен тым үлкейіп кеттің. Әр нәрсенің өз орны бар. Сенің әке атанатын, менің әже болатын кезім келді. Үйленуің керек.
Ұлы үндемеген күйі көзін жұмып, алдына жата кетті. Айша оның басынан сипап сәл отырды да, тұрғызып алды.
— Бері қарашы өзің! — Баласы малдасын құрып қарсы алдына отыра қалды. Еркелеген түрі.
— Сен ғой менің баламсың. Ана сөзін қайтаратын күйге жеттің бе, соны айтшы.
— Өзіңіз бір балаға әке болғанға дейін сенің билігің бұл үйге жүрмейді деуші едіңіз ғой.
— Соған әлі де бас ие ме екен менің ұлым?
— Енді жөні бар жерде...
— Жоқ сен тура жауап бер!
— Ал, жарайды. Сіздің сөзіңізге әлі де бас иемін.
— Міне, солай. Енді менің бұйрығымды тыңда. Мынау үйге сенің қанша еңбек сіңіргеніңді менен артық ешкім білмейді. Бірақ адамға үй жолдас емес. Адам жолдас. Дендерің сау болса, әлі талай үй салып аларсыңдар. Ал әзірше мұны сату керек. Өзі тура үш мың тұрады екен. Алушы да бар. Ақшасы да әзір. Кешіктірмей құданың сұрағанын апарып береміз. — Баласының бақшия қалған көздерін аңғармағандай, етегін бір сілкіп, ана орнынан тұрды. Ұлы аузын ашып үлгергенше, есік алдынан көк көйлектің етегі көлбең етіп көрінбей кетті...
* * *
Аслан мен Гүлнәзия он сегіз шақырым жердегі қаладан Мейрамбектің аулына жеткенде кеш түсіп, көз байланып қалған. "Жигулидің үй сыртына қаңтарып қойып, ішке енсе, іздеген жігіттері шешесімен екеуі дастарқан басында шай-суларын ішіп отыр екен. Олар қонақтарға мәз-мәйрам болыса орындарынан тұра-тұра келді. Сәлден соң бәрі үстел басына қайта жайғасқан.
— Келін түсіретін ауылсыздар, бірақ тым-тырыс жатып алдыңыздар. Еш хабар ала алмаған соң, бүгін жұмыстан келе осылай тартып кеттік. — Аслан түнделетіп келген шаруаларының шетін шығарды.
— Иә, айналайын. Сондай бір ниетіміз бар, бірақ.. — үлкен кісі "айтайын ба, әлде өзің айтасың ба?" дегендей баласына қарап сәл кідірді. Ол әлгіндегі жап жарқын қалыптан тез өзгеріп, төмен қарап кеткен.
— Құдалар сөзін Мейрамбектен естігенбіз. Тегі, Сіздерге олардың сұрағының тауып беру қиын соғып отырған шығар...
— "Қиын болғанмен — көнейік. Бәрінен адам қымбат" деп отырмын мына балама. Неше жыл әуреленіп жүріп қалқитқан мынау баспанасын сатып жібердім сол үшін. Енді соның тиын-тебенін апарып, болашақ ата-енеңнің алақанына сал десем, барғысы жоқ
— Дұрыс, Мейрамбек. Апа, Сіз үйдің ақшасын қайырып беріңіз. — Келгеннен бері әңгімеге көп араласпай тымпиып қана отырған. Гүлнәзияның мына сөзі үй иелерін жалт қаратты. — Апа, рас айтамын. Үйді алатын кісі алыс тұра ма? Онда Аслан машинасымен апарып келсін.
— Түкке түсінсем, бұйырмасын. Сен онымен не айтқың келіп отар? — Аслан келіншегіне алая қараған. Бірақ ол мұның сөзіне еш мән бермеген сияқты. Қайтадан сөз бастады.
— Апа, Сіздің біле бермеуіңіз мүмкін. Бірақ Талжібек өте намысқой қыз. Айтшы, Мейрамбек. Солай ғой?
— Солай екенін балаңыз жақсы біледі. Оның қазіргідей заманда ешкімге сатылып та кеткісі келмейді. Бірақ ата-анасын ренжіткісі жоқ — Гүлнәзия өңді үнсіз отырған жігітке көзінің астымен қарап қойып және сұрақ берді.
— Мейрамбек, сен Армиядан келген жылы ол қай курста еді?
— Сол жылы түскен. — Басын көтеріп келіншекке қабақ шыта қарады. "Оны неге сұрадың?" деп тұр көздері.
— Алты жылға аяқ басыпты ғой. Сол уақыттың ішінде қарайласып тұрған боларсың? Студентке көмек көптік етпейді ғой. — Сынай қадалған жанардың уытына шыдай алмағандай, жігіт қайтадан төмен бұғып, кесесін қолына ала берді.
— Онда кімнің қандай жұмысы бар? — деп күңк етті сонан соң.
— Әрине, біздің жұмысымыз жоқ. Тіпті ол турасында ешқашан ойланып та көрмеппіз. Бірақ қазір сұрауымның мәнісі бар. Ол сенен бір де бір сом алған емеспін дейді, сол рас па?
Мейрамбек таңдана басын көтерді.
— Мүмкін емес. Алғашында бас тартқаны рас, маған ақша салуыңды қой деп, қайта-қайта өтініш жасап жүрген. Бірақ.. кейіннен ол туралы әңгіме доғарылған.
— Сен де өз дегеніңнен қайтпай, ай сайын айлығыңнан жіберіп тұрдың ғой, иә, солай ма?
— Барлығы қанша болды деп ойлайсың?
— Білмеймін. Санаған емеспін.
— Ендеше өзіңнің үйлену тойыңа жететіндей жиналыпты-ау.
— Өйткені сенің әрбір сәлемдемеңді ол өзі алмай, кассаға аудара беріпті, түсіндің бе?!
— Сонда?!
— Сонда оның намысқойлығы арқасында саған қажетті қаржы дайын болып тұр.
— Керегі жоқ. Мен ешкімнен алмаймын да, ешкімге бермеймін де!
— Алмайсың да, бермейсің де. Бәрі орнына сенсіз-ақ келіп тұр...
— Сен араласпа деймін!
— Неге?
... Олар сол түні ұзақ дауласты. Бірақ сол даудың бір сөзінен де зіл сезілген жоқ. Ақыры Алматыдан өз атына аударылған ақшаны Талжібектің үйіне апарып беру Гүлнәзияға тапсырылды. Бұл ұлдың орнын жоқтаған әке көңілін жұбатам деп жаны ышқынған перзент үшін берілген "қалыңмалдың" түрі еді. Олар сол күні "Баламның қызығын көрудің жолы осы ғана деп біліппін, бірақ оным ағаттық екенін түсіндім", — деп, Мақсым қарттың одан бас тартатынын білген жоқ.
* * *
Сол жылы шілде аптабы қайтып, тамыздың теңіз желі желпіген тамаша күндерінің бірінде Талжібек пен Мейрамбектің үйлену тойы өтті. Жастардың тілегі бойынша той далада жасалған. Теңіз жағасында қаз-қатар тігілген аппақ шатырлардың, ең ортаңғысында екеуінің ата-анасы бастаған сыйлы қонақтар жайғасқан.
Әншейінде өзіндей көп шалдардан айырмашылығы жоқ Мақсым ақсақалдың жүзі бұл сәтте ерекше нұрлы. Кемпірі Биған мен құдағи Айша ортасында судай тасып отырған оған тойға жиналғандар қызыға да, қызғана да қарайтындай. Талжібектің екінші әкесі ретінде өздеріне жапсарлас орналасқан Әріпжанға енді оның жалтақтайтын түрі көрінбейді.
— Талжібек қайда орналасты? — деген қонақтардың бірінің сұрағына шоқша сақалды сипап қойып, маңғаздана тіл қатты.
— Дәм тартса, бәріміз де енді сол балалардың ыңғайымен облыс орталығына көшсек деп отырмыз. Талжібегім — жолдамамен келген жас маман. Мейрамбегім — маңдай алды теміржолшы. Мен өзім Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан адаммын. Мынау жұлдызым және бар. Ол кеудесіндегі Еңбек Қызыл Ту орденін қастерлей бір сипап өтті. — Төрт-бес бөлмелі бір пәтердің кілтін ұстауға қақыларың бар деді ғой кеше басшылар. Қаланы да көрелік бір. Солай ма, құдағи? Өзің айтшы мына кісілерге.
— Талжібекжанның тілегі ғой. Бәріміз де соған ризамыз, қарағым. — Айша әлгіндегі сұрақ иесіне қарап құдасының сөзін құптай басын изеді.
Мұны естіген Әріпжан мен Қатша төмен қарасты. Мейрамбек пен Талжібектің де, олардың ата-аналарының да бір шаңырақтың астында тұруға келіскендерінен бұрын да хабарланған. Бірақ сеніңкіремей жүрген-ді. Енді олардың иіні түскен мына түрлерін көріп, қонақтардың босаған ыдыстарына тамақ салып жүрген Гүлнәзия "Солай ма екен, бәлемдер?! Талжібек аман жүрсе, әлі талай тұқырарсыңдар", — дегендей, төр жаққа мерейлене көз тастаған.
Осы мезет көрші столдан біреу ән бастады. Ол бақыт туралы ән еді. Қонақтар сілтідей тынған күйі енді соған құлақ түрді. Теңіз үстінде қалықтай түсіп, енді ол біртіндеп көтеріле берді... көтеріле берді...