- 25 сәу. 2020 00:00
- 210
Ұлжанның жеңісі
Аяғы-аяғына тимей зуылдап келе жатқан кішкентай Ұлжан ашулы. Жайшылықта жайдары, көңілді жүретін оның мұнысы қалай? Ызадан булыққан қызды, әгәрәки біреу-міреу тоқтатып, «Не болды балақай?» десе, жылап жіберерліктей халде болатын.
Кінә өзінен. Сабақ соңында қатарлас қазақ сыныбындағы қыздар мұғалімдер бөлмесінің алдында оңашаланып тұр екен. Көрші Тұрсынгүл де солардың арасында.
— Мен бүгін сенімен қайтпаймын, — деді ол. — Өзің кете бер.
— Неге?
— Тәуелсіздік мерекесіне дайындаламыз.
— Ән айтасыңдар ма сонда?
— Иә, ән айтамыз, би билейміз.
— Маған да қатысуға бола ма? — деді Ұлжан.
— Ол жағын білмеймін. Бұл біздің сынып оқушыларының іс-шарасы ғой.
Қос құрбының әңгімелерін естіген Ләзиза есімді қыз қастарына келіп:
— Болмайды, — деді Ұлжанға қарап. — Бұл іс-шарада тек қазақ тіліндегі әндер орындалады. Оқылатын тақпақ, өлеңдер де мемлекеттік тілде. Ал сенің қазақшаң нашар! Ойқы-шойқы! Өзің қазақ бола тұрып, орыс сыныбында оқисың!
Ұлжан ұялғаннан жауап қайтара алмады. Бір жағынан Ләзизаның айтқаны шындық. Тілін тістеп, тез бұрылды да шығар есікке беттеді. Үйге келе сала «өшін» анасынан алды.
— Мама, неге мені орыс сыныбына бергенсіңдер?
— Не болды ботам? Тыныштық па?
— Неге олай еттіңдер?
— Орыс тілінің абырой-беделі биік қой деп, әкең екеуміз ақылдасып, беріп едік. Онда тұрған не бар?
— Мәселе сонда, мама! Мен ертеңнен бастап орыс сыныбында оқымаймын! Қазақ сыныбына ауыстырыңдар!
— Оның реті қалай болар екен?! Нашар сөйлегеніңмен, нан сұрап жейтін қазақшаң бар. Неге соншама бүліндің?! Әлде, біреу ренжітті ме?
— Жоқ, — деді бірбеткей Ұлжан алған бетінен қайтпайтынын аңдатып. — Мен бәрібір қазақ сыныбына ауысамын.
Ұлжан дегенінде тұрды. Әкесін мектепке ертіп әкеліп, директорға жолықтырды. Мектеп басшысы арнайы комиссия құрды. Ұлжанның қазақшасын тексерді. Ақыры ынта-ықыласын ескеріп, оны тура Тұрсынгүл құрбысының сыныбына ауыстырды.
Өзі сол күннен бастап қазақ тілін жанын салып үйрене бастады. Үйдегі ертегі кітаптарын ерінбей-жалықпай оқыды. «Керек кітап» атты өлеңдер жинағынан, ақын Өтепберген Ақыпбекұлының «Тәуелсіздік — Бақ туы» деген өлеңін жаттады.
...Мерекелік кешке мектеп директоры мен мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Тақпақ айту кезегі үшінші сынып оқушысы Ұлжанға келгенде, жүзі бал-бұл жайнаған сүйкімді сары қыз мүдірместен тақылдай жөнелді:
— Тәуелсіздік —
Бақ-Туын
Қолға ұстаған сәт бүгін.
Ақсарбас қой — құрбандық,
Болсын дәйім шат күнім!
Болашаққа серпін нық,
Көкке атады бөркін жұрт.
Тәуелсіздік — ынтымақ,
Тәуелісіздік — еркіндік.
Қыста келген бақыт бұл,
Қыспай берген жақұт, нұр.
Аппақ қардай пейілін
Әлемге,
Елім шашып тұр!..
Бәрі ду қол шапалақтады. Ұлжанның көзі анасына түсіп еді, ол төмен қарап отыр екен. Жүгіріп барып анасын құшақтай алды. Анасы бірден көңілденіп: «Жарайсың, қызым! Сен жеңіске жеттің!» деді құлағына сыбырлап.