Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ұлттық намыс пен рух

халқымызды елдікке, егемендікке бастайтын ұлы күш

1. 47-жатақхананың «жыры»...

Ұлттық рух пен намыс — киелі ұғым. Адам бойындағы мұндай асыл қасиеттер туралы ойлағанда баяғы батыр бабалардан бастап, күні кешегі Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы, одан берідегі Жаңаөзен қаласынан бастау алатын біздің облысымыздағы дүрбелеңдер еріксіз ойға оралады. Қазіргідей Ақтау қаласының 45 жылдығын, облысымыздың 35 жылдығын атап өтеміз деп жатқан мерейлі тұста өткеннің кейбір көріністері мен сабақтарына да ой бойлатып, бүгінімізді де саралай түскеніміз жөн сияқты.

Ақтау туралы ойлағанда, бұл қаланың біразға дейін Шевченко атанып келгенін баршамыз білеміз. Әрине, осынау дархан даланы қазаққа көзсіз батырлықпен алып берген жергілікті ұлттың даңқты баһадүрлері мен алмас қылыштай жарқылдаған азулы шайырлары назардан тыс қалды. Осы өңірде ата-бабалары ғасырлар бойы балық аулап, мал баққан, жасанып жарақ асынып, сән-салтанатты ғұмыр кешкен жергілікті халықтың ұрпақтары көз алдында ата-баба зираттары жермен-жексен болып қана қоймай, қаланы келімсектердің билегені және оның атауының да өзгеріп кеткеніне қатты қынжылумен болды.

Алайда, 360 әулиелі, Бекет ұраңды ел тыныш жата алмады. Табиғатына сай тарпаң мінезді өлкенің Адай болысы, Адай уезі, Адай революциялық комитеті атануы да жәйдан-жәй емес-ті. 1970-1973 жылдардағы ақ патша озбырлығына қарсы Иса-Досан көтерілісі, 1930-жылдардағы Адай көтерілісінің бұрқ ете түсуі де бұғалыққа көнбейтін тентектік пен тектіліктің көріністері еді.

Өн бойына бар байлықты бүккен абыз Маңғыстаудың өз алдына шаңырақ көтеріп, туын тіктеуіне халқымыздың данышпан ойлы ғұлама азаматы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев зор еңбек сіңірді. 1973 жылы бой көтерген облысқа бірінші басшы болып келген Тұтқабай Әшімбаев ертеректе Алатау-Шу аймағында қалып қойған Адайдың бір жұрты Мұңалдың Алақұнаны (Ұлы жүз — Үйсіндегі Құраманың құрамында) екендігін ақсақалдар алдында мойындапты деген де әңгіме бар. Облыстың дербес шаңырақ көтеруімен қатар ұлт мәдениетін көтеру, өндірістік кәсіпорындарға жергілікті ұлт жұмысшыларын тарту секілді мәселелер жиі қозғалып жатты. Бұл мәселе облысқа Саламат Мұқашев басшылық жасаған жылдарда да төтесінен қойылып келгені жасырын емес. Алайда, ірі зауыттарға жергілікті ұлт өкілдері бірен-сарандап қана сыналап кіргені болмаса, негізінен бұрыннан қалыптасып қалған жүйе, Орталықтың өктемдігі, құпия атаулыдан қазақтарды аулақ ұстау көзқарасы міні құрамай күні кешеге дейін сақталып тұрды. Облыстың құрылуына байланысты қазақтардың қалаға келіп, шаруашылықтың сан-саласында еңбек ете бастауы қарқынды сипат алғанымен қаланы ұстап тұрған алпауыт зауыттарға маңайлай алмады.

Ол кездегі қаланың бір орталығы - қалалық саябақта кешке жастардың би дискотекасы болатын. Бұл жерде, шыны керек, сол маңайда орналасқан, үш бөліктен тұратын 47-жатақханада өмір сүретін сырттан келген орыс тілділердің, Қап тауынан келгендердің саны көбірек болатын. Әсіресе, кешкі 5-терде қазіргі «Железкаға» жұмысшы пойыздары (электричка) келіп тоқтаған кезде, одан түскен қалың нөпір арасында ілуде біреуі болмаса, кілең өзге ұлттықтар сол 47-ге қарай бет түзейтін. Бұл жатақхананың маңында, шыны керек, төбелес те болмай тұрмайтын. Бір мысал келтіре кетейін. Осы жатақханада жергілікті политехникалық институт филиалында оқып, АТЗ-да (азот-тук зауыты) жұмыс жасайтын шайырлық Асқар есімді ағамыз да тұратын. Өзімнен сол Шайырда екі класс жоғары оқыған Асекеңе мен анда-санда барып хабар алып, екеуміздің аздап бой жазатынымыз бар-ды. Бір күні осы жатақхана алдында тағы бір таныс қазақ жігітін ұшыратып қалып, Асқарды сұрағанымда, ол мәз болып, аузын жимай Асекеңді мақтасын бір келіп!

— Асекең нағыз ер екен! — дейді ол. — Әкелерін танытты, — деді сосын.

— Әй, не болды, жүр оған барайық, — деймін.

— Тыңдап ал, — дейді әлгі дос. Түскі ас кезінде асханада қатты төбелес болды. Ұзақ-сонар кезекте тұрған Асекең таулық жігіттердің бірінен соң бірі кезексіз алға озып, ыржаңдап, желігіп тұрғанын байқады. Біраз шыдап тұрғаннан кейін, тосыннан келген тағы біреуіне артқа барып кезекке тұрғаны жөн екендігін ескертті. Анау айтқанды тыңдаудың орнына өзеуреп өзіне тап берді. Сол кезде Асқар оны иектің астынан бір соққанда мұрттай ұшты. Содан бес-алты таулық жігіт Асекеңе тап берді. Асекең екі үшеуін қолыңдағы подносымен, бір-екеуін жұдырығымен ұрып талқанын шығарды...

Былай қарағанда, бұл бір тентектік төбелес сияқты. Бірақ, бұл ұлттық намыс еді. Өйткені, сәл бос, қорқақ болсаң, әлі жеткен басыңа шығайын деп тұр ғой. Әрине, бүгінде оның барлығы әсірелеу сияқты болып көрінуі де мүмкін. Алайда, ақиқатты айтып, одан ащы сабақ алғаннан ұтылмасақ керек. Өйткені, бүгінгі жаһандану заманының өзі «бөрі мінезді» талап етіп тұр...

2. Шовинистік көзқарастың жеңілісі

Ал сол өзге ұлт өкілдерінің ұлы шовинистік көзқарастарының санадан сөгілуіне себепші болған қазақ халқының қаһарман перзенті Сайын Нәдірұлы Шапағатов артық туған асыл азамат еді. Бүгінгідей өзгенің еңсесі түсіп, өзіміздің еңсеміз биіктеуінде осынау озық ойлы, нағыз батырдың еңбегі ұланғайыр. Бұл қалаға соңғы он бес жылда келгендер мұндағы революциялық төңкерістерден хабарсыз болуы кәдік. С.Шапағатовтың және ол құрып басшылық жасаған «Парасат» қоғамының бүтіндей аймаққа, оның ішінде қазақтар мен қалың бұқараға ықпалынан сескенгендер оған талай жерде опасыздық жасаудан тайынбады. Мол білім-білікпен, спортпен, терең таным-түсінік, өмірлік мол тәжірибемен қаруланған, мұнайдың қара қазанында қайнап, саяси ұйымдардың талқысында шыңдалған қоғамдық-саяси қайраткер Сайын Нәдірұлы ескі жүйенің құрсауының сөгіліп, шовинизмнің тамырына балта шабылуына, жергілікті ұлттың айдарынан жел есуіне бірден-бір себепші азамат еді. Ол осынау тар жол, тайғақ кешуде өзінің саяси қарым-қабілетін шебер пайдаланып, қазақтардың ұлттық сана-сезімінің өсуіне, ал өзге ұлттардың абайлап сөйлеп, ақырын жүруіне түрткі болды. Сәкең сол кездегі алпауыт зауыттардың басшыларымен көзбе-көз сөйлесе отырып мәселе қойып, қазақ кадрларының іргелі өндірістерге көптеп тартылуына, өлкеде әлеуметтік әділеттіліктің салтанат құруына жол ашты. Сол кездегі қала басшысы Н.Баевпен принципті тұрғыда сөйлесе отырып, мұнда таза қазақ мектептері, аралас мектептер, қазақ бала бақшалары, ұлттық өнер мектебінің, жабылып қалған қазақ газетінің қайта ашылуына мұрындық болып еді. Қошқар ата, Алты құлаш әулиеге алғашқы сенбіліктерді ұйымдастыруға ұйтқы болған да осы азамат.

Өлкемізге алғаш ат басын тіреген Ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сайын Нәдірұлының елдік істерімен танысып, мұндай қоғамдық қозғалыстардың қазақ мемлекеттігінің қалыптасуында, тәуелсіздік тұғырының тіктелуінде рөлі жоғары екендігін ашық айтқан болатын.

Бүгінгі ұрпақ сонау 90-жылдардағы Жаңаөзенде болған қанды қырғындар мен Ақтау, Жетібайдағы көшеге келтірілген танкілер мен бронетранспортерлер туралы көз алдарына ештеңе елестете де алмайтыны белгілі. Алайда, мұның барлығы ақиқат еді. Қалада коменданттық сағат жарияланды. Осынау ұлттық өрлеудің нәтижесінде біз жеңіске жеттік. Қазақ өз жерінде еркін жүретін болды және рухы да, сесі де күшейді.

3. Абай сарайында

Облыс орталығындағы ең бір тамаша ғимарат — Абай атындағы мәдениет сарайы болып қала беретіні даусыз. Осы киелі шаңырақта 1988-1990-жылдарда екі жылдай жұмыс жасағаным әрі үлкен өмір мектебі, әрі өз халқымның рухының өсуіне сәл де болса өзіндік үлесімді қосуға мейлінше талпынған жылдарым болды. Бұған дейін мұнда қазақ рухы кірмеген-ді. Алматыдан іссапармен келіп, Ақтау мейманханасында жатып, тек танысу үшін кіріп-шығуға келген белгілі жазушы С.Елубаевтың ұлтымыздың ұлы ақынының есімін иеленген киелі шаңырақта қазақ өнерінің исі де шықпағанына қынжылып, түңіліп кететін тұстары осы. Осынау жұмысқа кіргесін ең бірінші қазақ тілінде ән, би, поэзия, басқа да танымдық үйірмелер ашып, өлкедегі белгілі өнерпаздардың шығармашылық кештерін өткізуді бастадық. Мұнда сол кезде С.Шәкірат, І.Шыртанов, Г.Сейітжанова, Ж.Сейітов, А.Көмеков, тағы басқаларының шығармашылық кештері өтті. С.Шәкірат пен балалайкашы В.Максютиннің бірлескен концертінде екі аспаптың үндесуінде әлемдік шедеврлер де, қазақ, орыс саздары да көптеп орындалды. Бұл өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынастарды дамытуға ғана емес, домбыраның қадір-қасиетін өзгелерге танытуға үлкен игі ықпалын тигізді. Абай атындағы мәдениет сарайының сол кездегі директоры В.И.Оньянов бір-бірімізбен жақсы тіл табысқанымыздан кейін қазақтың өнеріне барынша қамқорлық жасай бастады. Абайдағы барлық өнер ұжымдары дерлік өздерінің репертуарына қазақ әндерін қосуға мәжбүр болды. Негізінде олардың бәрі де мәдениетті адамдар еді, қазақ музыкасын енгізуден әсте қашқан жоқ. Әңгіме сол олармен тіл табысып, сөйлесе білуде еді. Алла Васильевна Свитневаның драма үйірмесінде де қазақ жазушысының драмалық шығармасы сахналанып, оның бас кейіпкері ролінде қазақ жігіті ойнады. Сарайдың ішкі кіре берісіне ұлы ақынымыздың қола бюсті қойылып, астына бір шумақ өлең қазақ тілінде жазылды. Осыны көрген ПГМК партия комитеті төрағасының орынбасары Егізбай Сатыбалдиев ағамыздың бізге өз ризашылығын білдіргені есімізде.

Абайда бұған дейін жұмыс жасап келген «Рауан» ән – аспап ансамблінің жетекшісі Бауыржан Махмудов, домбырашыларды үйрететін ақмолалық ару Әлия Шарафетдинова, терме орындауға баулитын Күнсәуле Өмірзақова да енді бұрынғыдай әрбіреуі жалғыз шаппай, бастары бірігетін, ұлттық мәселелерге ұйлығатын болды.

Сөйтіп жүргенде, Ә.Шарафетдинова екеуміздің қолға алуымызбен Ақтауда, Абай сарайында тұңғыш рет«Тамаша» қойылымы өтті. Оны сахнаға шығару үшін күнде жұмыстан кейін түнгі 22-23-терге дейін Абайда дайындалып жүрдік. Рольдерді ойнаушылар - сол кезде Алматы эстрада студиясының театр саласын жаңа бітіріп келген Марат Көккөзов (қазір республикалық «Тамаша» сайыпқыраны), Есен Қауынбаев, Фарида Атакеева тәрізді жастар болды. «Тамашаның» сценарийлеріне сол кездегі өткір тіл, ұлт мәселелері тақырып етіп алынатын.

Абайда жүргенде бітірген тағы бір шаруамыз - ПГМК-ның 30 жылдығын өткізуге байланысты болатын. Бұл, егер ұмытпасам, 1989 жылдың қыркүйек айында өтті. Бір ғажабы, осы тойда қазіргі Ынтымақ алаңында киіз үйлер тігіліп, ПГМК -лықтар қазақтың салт-дәстүрлерімен алғаш танысып, бой үйрете бастады. Абай мәдениет сарайы директорының бірінші орынбасары Жанна Абалақова татар келіншегі еді, ол «Алтыбақан», «Алтынқабақ» сияқты қазақы дәстүрлердің көрініс бергеніне таңдана қуанып жүрді. Бұл мерекенің осылай аталып өтуіне бұған дейін алғаш осы жерде өткізілген Наурыз мейрамының ықпалы тиген еді. Соған сәйкес бұл мерейтой барысында да қазандар көтеріліп, домбыраның, басқа да ұлттардың әуендерінің шалқыған тұсы болды.

4. Поэзия кешінде

Ақтау қаласының 30 жылдығы аталып өтілейін деп жатқан тұста газеттерге хабарландыру шығып, 8-шағын аудандағы «Сәуле» мәдениет үйінде Поэзия мерекесі өтетіндігі, ару қала туралы жазылған шығармаларға конкурс жарияланатыны хабарланыпты. Алдында ғана Абай сарайында екі жыл қызмет жасап, қаланың мәдени-рухани, елдің әлеуметтік мәселелеріне барынша белсене атсалысуға бой үйретіп қалғандықтан бұл шарадан қағыс қалғым келмеді. Сөйтіп, шабытты шақтарымның бірінде «Ақтау — арман қаласы» атты ұзақтау толғауым дүниеге келді.Ол былай басталатын еді:

Киелі далам, Маңғыстауым менің,

маң басқан нарлар,

маңғаз мұнаралар,

асау айдын мен

аңызақ шөлдің,

кәрі таулар мен шағыл құмдардың,

наркескен мінез

марғасқа ерлер мен

түзде жортқан

тағы аңдардың ордасы,

Бақыт пен байлық,

атақ пен абырой,

даңқ-мерейден

тасынып-тасып

толып бір жатқан арнасы.

Ақтаудай сенің

азамат төлің

арқасын кеңге салып бір,

жиырмаға толған жас арулардың

болғандай бұла құрдасы.

Ақтауың сенің

ақ мәрмәр кейіп,

Ақшулан толқын

жартасты сүйіп

толқиды,

Жағажайларда

шағалалардың шаңқылыменен,

аққу-қаздардың қаңқылыменен

қиялың жүзіп,

ойыңыз алыс шалқиды.

Ақтауға келсең

арманның қалқып

сүңгуір сынды

заулаған жүйткіп

қайығыменен,

Сырласқың келер

сымбатты, сұлу,

сылқымсып күлер

бұралған сиқыр қайыңыменен...

Бір қызығы, мен осы өлеңді «Сәуленің» фойесінде жайылған дастархан басынан тұрып барып, микрофонмен оқығанымда, осы жерді толтырып отырған кілең орыс тілді ақындар сөздерін түсінбесе де, ұйып тыңдап, желпіне қол шапалақтағаны бар. Бақсам, біздің қалада орыс тілінде өлең жазатындар көп екен. Бір-екеуі тілдей ғана кітапшаларын қолтаңбаларымен ұсынды (үйімде әлі сақтаулы). Өлеңін де, әнін де орыс тілінде өзі жазатын бард қазақ жігіті гитарамен өз шығармаларын орындады. Тағы бір қызығы, осы жерде өлең оқыған жалғыз қазақ болсам да, қазылар маған екінші орын берді...Ал сол жерде мен бармай қалсам, ол жерде қазақ рухы көтерілмес еді. Ол кезде бұл қалада біздің ұлттан ақындар да саусақпен санарлықтай бірен-саран ғана-тұғын.

5. Қазіргі Ақтауға қарап...

Бүгінгі Ақтаудың бейнесіне көзімді салып ой бойлатсам, дым білмегендей томпиып тұр. Ойдан-қырдан ағылып жатқан көші-қон, оралмандар...Әрине, ағайынның, қандастың жаттығы жоқ. Келе берсін, өсе берсін, өне берсін. Алайда, осылардың барлығын елді, жерді, тұрғылықты халықты сыйлауға, әдепті, мәдениетті болуға, «есіктен кіріп төрге ұмтыла бермеуге», кісімсіп босқа ауызды бекер кермеуге деген сияқты қалай үйретуге, баулуға болады? Тегінде пенде баласы көп нәрсені өзінен бастағаны, сабырға жүгінгені, аңдап сөйлеп, абайлап басқаны ләзім ғой. Мықтылық өз халқыңа, өз еліңе ақ адал қызмет жасауда.

Елге құрмет — тілге құрметтен басталады. Ал біздің қала көшелерінде орыс, ағылшын тіліндегі жарнамалар, қате немесе орашолақ жазылған жарнамалардан көз сүрінеді.

Немесе, ұлттық табанды идеологияның жоқтығынан жастардың кез келген нәрсеге елігуі басым. Айталық, орыс тіліндегі газеттің тілшісі өз мақаласында «В нашей же стране День святого Валентина набирает все болший размах» деп асқан мақтанышпен хабарласа, «Наш город» басылымы «Наступили последние числа октября, и город снова отмечал полюбившийся национальный праздник. Ой, оговорилась, Хеллоун или День Всех Святых пришел к нам из-за рубежа, но быстро, прижился и теперь отмечается как родной, наряду с другими народными праздниками...», деп соғады. Масқара ғой. Біз жоғарыда осыдан жиырма жыл бұрын орыс тілділерді қазақ дәстүріне тартқанымыз, қалай қазақ рухын көтергенімізді айтсақ, ал енді егемендік жағдайында мынадай ойына не келсе соны жазып, көздеген мақсаттарын ашық жүзеге асыруына жол беріп қойып отырғанымыз қалай?! Кеше үйіме бір орыс қызы күтпеген жерден телефон соқты. «Қайырымдылыққа қалай қарайсыз?» деп сұрады орыс тілінде. «Бәрі де отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты» дедім мен. «Ал сіз кім боласыз?» деген сауалыма, «Бұл Йегова» ұйымынан еді. Библиядан біраз жолдарды оқып берсем қалай қарайсыз?» деп айдың күнінің аманында діни уағыз жүргізіп тұр. Және айтады: «елдің бәріне, қолыма түскен телефондардың бәріне телефон соғып, «Библиямен» таныстырғым келеді» дейді ештеңе жасырмай. Телефонын сұрадым: 43-86-02 екен. Ендеше, тиісті органдар бұл мәселемен шындап айналысқаны жөн болар. Әлгіндей Валентин, Хеллоун, Иегово деген пәлелерді ұрпақ санасына сіңірмей, әу бастан аластағанымыз жөн болатын сияқты. Оның есесіне ұлттық өнер, салт-дәстүрлерді кеңінен насихаттауға тереңнен бағдарлама жасап, мән бергеніміз мақұл. Өйткені, жекелеген кештер мен концерттік қойылымдар қанша өткенімен де ол қаланың ұлттық болмысы мен мәдени өресіне, яғни біздің ұлттық рухымызға негіз бола алмайды ғой. Ендеше, не істеу керек? Ойласу керек, ағайын!

12.03.2008 жыл.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама