Ұлттық қазынаға қосылған ұлағатты еңбек...
Педагогика ғылымдарының докторы, Психология ғылымдарының профессоры КҮЛӘШ ОРАЗБЕКОВАНЫҢ «ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЯ» /Қазақ ұлт/ атты І томын, «ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЯ» /Жан сыры/ атты ІІ томын, және “ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЯ» /Адам тану/ атты ІІІ томын оқып шығып, осы дүниелер туралы пікір жазбасыма болмады деуге болады. Пікірді көрнекті қазақ жазушысы, филология ғылымдарының докторы Ақселеу Сейдімбековтың: «Бұл кітапты ұрпақты ұрпақ игілігіне жарату үшін, осы уақытқа дейінгі жіберген олқылықтардың орнын толтырсақ деген ізгі ниет», — деген сөзінен бастауды жөн көрдім. Өйткені, бұл пікір — біздің айтар пікірмен сабақтасатындығын алдын ала айтқанымыз орынды.
Психология /психо... және логос — сөз, ой, сана/ — жануарлар мен адамдардың психологиялық әрекетінің заңдылықтары туралы ғылым десек, психологиялық құбылыстар /түйсік, елес, ой, сезім, тілек, ерік, қабілет, қызығу, мінез, әдет т.б./ сыртқы дүние мен заттар құбылыстарының мыйдағы әртүрлі бейнелері десек, ғалым Күләш Оразбекова «Баланы мектепке дайындау психологиясынан» бастап, ұлттық психологияға дейінгі аралықты, ұштастыра зерттеген маман.
«Ұлттық психология» бөлімінде ғалым «Адам бойындағы асыл қасиеттердің көзін ашатын, оны қоғамның белсенді мүшесі етіп дайындайтын, сана-сезімін, жан дүниесін қалыптастыратын — психология пәні» / «Ұлттық психология», І том, 35-бет/, — деп Абайдың және А.Байтұрсыновтың тұжырымдамаларына сүйене отырып, өзіндік ой өрнегін алға тартады. Ғалымның мақсаты: «Біріншіден, ұлттық рухани қасиеттерімізді танып-білу, оны басқаларға да таныту, өз ана тілін білетін саналы Мен Қазақпын! Ұлтым қазақ! Дейтін ұрпақ өсіру.» /«Ұлттық психология», І том, 39-бет/, — десе, одан әрі : «Екіншіден, қазақ халқының рухын, психологиясын, балалар иделогиясын, өзін-өзі танудың жаңа мәдениетін оқу-тәрбие жұмысына енгізу.» / «Ұлттық психология», І том, 39-бет/ . Үшіншіден, бірінші қазақ халқының Абайға дейінгі кезеңін, екінші — Абай өзі өмір сүрген дәуір, үшінші Абайдан кейінгі кезең деп үш салаға бөліп, жіктеп зерттейді.
Автордың өзі айтқанындай «Ұлттық психология ұлт бар жерде дамиды. Сондықтан ғалым қазақтың өзін-өзі тануы, ұлт екені қарастыру бірінші томында орын алған. Қазақтың ұлттық психологиясы «жан сырды»
екінші томдықта қарастырылған. Ал, «Адамтану» үшінші томдықта зерттелген.
«Қазақ ұлт» бөлімінде ғалым К.Оразбекова грек ғұламаларына сүйене отырып, ұлт атану үшін негізгі шартты, яғни 1.жері, 2.тарихы, 3.тілі, 4.салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болу керектігі, ондай алғы шарттар, қазақта әуелден бар екендігін, яғни, қазақ — ұлт екендігін дәлелдейді. «Арғы атам — ер түрік, біз қазақ еліміз, Самал тау, шалқар көл, Сарыарқа жеріміз!»,— деп атой салған Алаш Азаматтарының ту ұстаған сөздері мен жырларын алға тартады, ғалым.
Күләш Оразбекова ой тұжырымдарын түйіндей келе, ұлттық жан-күй үйлесімін үш бөлікке бөледі: ол — ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүрлер және ұлттық мінез. Осы үш бірлік ұлттық мәдени ерекшеліктің шартты белгілері болып табылады.
Ұлттық сезім дегеніміз — адамдардың туған жерге, өскен елге, ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрге, т.б. деген аса сүйіспеншілігін білдіреді. Ұлттық сезім қай ұлттың болсын жеке басының қанағаттануына, шаттануына немесе риза болмауына, қанағаттанбауына байланысты ой-қиял, әсер, түйсігінің сыртқа шыққан көрінісі, ол өзгелерге сол ұлттың тілі арқылы жеткізіледі. Мысалы, «Елім-ай» әнін ести отырып, елдің басына түскен ауыртпалықты, шапқыншылықты елестетіп мұңаяды, «Саржайлау», «Сарыарқа» күйлерін ести отырып, Отанына, туған жер табиғатына деген сүйіспеншілік, «Отан — оттан да ыстық», «Өз елім - өлең төсегім», шаттық, мақтаныш сезімі байқалады.» /«Ұлттық психология», І том, 54-бет/, — деп тұжырымдауы нағыз педагог ғалымның ойынан шығатын қанатты сөз, терең ойлы тұжырым.
Жетелі елдің жеті белгісі деп, «Ата заңмен бекітіліп, Ата заңмен қорғалған елдік нышандарымыз: 1.Ту, 2.Елтаңба, 3.Әнұран, 4.Төлтұмар, 5.Елұран, 6.Елтеңге, 7.Ұлтжазу» / «Ұлттық психология», І том, 56-бет/, — деп, оған нақты ғылыми анықтама береді. Бұл да болашақ ұрпақтың ұлтжандылыққа тәрбиелеудің басты қайнар көздері.
«Ана тілі — ұлттың жаны» деген еңбегінде ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт — Тіл» деп түйіндейді ғалым.
Сондай-ақ «Жер — ұлттың анасы», «Тарих — ұлттың атасы», «Салт-дәстүр — ұлт қазынасы», «Дін — тәнге дәрі, жанға — шипа» бөлімдері де, атына заты сай ғылыми негіздеме екендігі айқын.
Қорыта айтқанда ғалым-педагог Күләш Оразбекованың «Ұлттық психология /Қазақ ұлт/» атты бірінші томдағы зерттеу еңбегі, ғалым ретінде алса да, танымдық ретінде бағаласақ та, қазақ ұлтына қосылған ұлттық қазына, рухани байлық. Біздің жас жеткіншектерді тәрбиелейтін тәрбиеші педагогтар осы кітапты темірқазық етіп алса, ешқашан тура жолдан адаспайды. Ұрпақтарымыз бұл кітаптан тәлім алса, қазақ халқының келешегі бар, болашағы үстем деген сөз. Менің ақын ретінде де, ғалым ретінде де пайымдауымша педагог-ғалым Күләш Оразбекова қыруар еңбек еткен, жан-жақты талдау жасаған ұлттық психология ғылымына орсан зор рухани қазына-байлық сыйлаған ғұлама ғалым, дәуіріміздің бірегей тұлғасы деп танимын. Ұлттық қазынаға қосылған ұлағатты еңбек...
Мен ІІ томға деген пікірімді Халел Досмұхамедұлының: «Халық ауыз әдебиеті /фольклоры/ ұлт психологиясының айнасы» деген салиқалы оймен жалғастыруды қолай көрдім. Бұл арқылы қазақтың мінез-құлқы, заманындағы күйініш-сүйініші анық сезілетіні ақиқат. Сол ұлттық психологияға ғалым Күләш Оразбекова Шоқан Уәлихановтың: «... қазақ барлық сенім әдетімен де ... тарихи мәні бар оқиғаларды баяндайтын поэтикалық құны күшті аңыздар, өлең-жырлар жасаумен де.. ең ақылдылардың қатарына қосылады», — деген тұжырымдамасы арқылы өз ойын өрбітеді.
Халел Досмұхамедұлының да ойлы пікірлеріне сүйене отырып, ұлттық психологияның міндеті мен маңызын ашады. Ұлттық жантану мәселесіне, ұлттық психологияның зерттелу тарихына жан-жақты тоқталады.
Ғалым «өзгенің ақылымен ақылды бола алмайсың, өзгенің даңқымен даңықты бола алмайсың» /Карамзин/ деген қанатты ойға сүйене отырып, Кеңес өкіметі кезіндегі ұрпақ тәрбиелеудің үлкен олқылықтарын айта келе: «Үш томдық «Ұлттық психология» оқулығында осы айтылған олқылықтар мен жіберген қателерді жойып, орыстанған ұрпағымыздың жан дүниесін жаңғыртып қазақтандыруға септігін тигізіп, алдағы жазылар ғылыми еңбектер мен оқулықтарға бұл жұмыс мұрындық болар деген ниеттемін», -деп жазады. Осы орайды зерттеуші К.Оразбекова зиялы қауым өкілі Мырзатай Жолдасбековтың: «Біз ғасырлар мен мыңжылдықтар алмасып, әртүрлі үлгідегі қоғамдар қалыптасқан, соған сай адамдардың психологиясы түрлі өзгерістерге бейімделген кезеңде өмір сүріп отырмыз. Адам атаулының жасампаздығына, яғни қоғамды да, дүниені де өзгерте алатынына нақты көзіміз жетті. Алысқа бармай-ақ осы тәуелсіздік алған он бес жылды алайық. «Мемлекетіміздің саяси, экономикалық қарқыны баяу, көшке ілесе алмаудамыз» деп айтуға бола ма? Алайда кісінің санасында өткен шақтың өкініштері де жаңғырып тұратынға ұқсайды. Мәселен, біздің буын «кедейдің бәрі жақсы, байдың бәрі жаман» деген психологиясымен тәрбиеленді. «Жаман, надан болса, қалай байыған» деген ой санамызға кірмей, олардың бәрін бір ұрты май, бір ұрты қан кебежеқарын деп елестеттік. Кеңестік идеология бізге кедейді дәріптеді. Сосын әкем, ата-бабам түгел кедейден шыққан деп өмірбаян толтыруды ар көрмедік. Қазақта «тексіз» деген ауыр сөз бар. Біз сол тексіздігімізді өз қолымызбен жазып, мақтанышқа айналдырдық, әдебиетіміз де, тарихымыз да шолақ байталдың құйрығындай шолтиып қалды», — деген салауатты ой-пікірі арқылы өз тұжырымын жасайды.
Түрік қағанатын, Алтын орда, Ақ орда хандықтарын құрған, дүниенің төрт бұрышын жаулаған ата-бабаларымызды алға тартып, Шу бойында отырған Батыс түрік қағанына келген, Византияның елшісі Земархтың жазбасындағы : «Мен сәлемдесуге келгенде қаған үлкен көк шатырдың ішіндегі алтын тақта отыр екен. Алдындағы сапырып отырған ағарғанды /қымызды/ «бұл батырлар ішетін сусын», деді. Сосын қайдан келгенімді сұрады. Византиялық екенімді айттым. «А, сен халқы 12 тілде сөйлейтін суайт елдің елшісі екенсің ғой», - деді қабағын керіп...» , — деп жазылған дүниеден біздің арғы тегіміздің қандай дәрежеде болғандығынан хабар берсе керек. Күлтегін ескерткішіндегі: «Биікте көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен. Дүниенің төрт бұрышы соларға қараған. Азды көп қылған. Кедейді бай қылған. Тату елге жақсылық орнатқан» , — деген даналық сөздеріне қалайша бас иіп, тағзым етпессің?! Сондықтан да ғалымдар ой-пікірлері бір арнаға тоғысып, ұлттық сананы қалыптастыру үшін Ұлы дала тарихын ұрпақ санасында қайта тірілту керек деген тоқтамға келеді.
Профессор Әбдімәлік Әшіров жазғандай «Сана экологиясына» ғалым Күләш Оразбекова да үлкен мән береді. Шынында да, жер бетіндегі ядролық соғыс, экологиялық апаттар ғана емес, адамның санасындағы экология орасан зор қауіп төндіріп тұрғандығына баса назар аударады. «Біз ақшамыз жоқ болғаны үшін емес, ойымыз жұтаң болғаны үшін кедейміз...» деуі де сондықтан.
Халел Досмұхамедұлы: «Халық ауыз әдебиеті /фольклоры/ ұлт психологиясының айнасы десе, В.Н.Филатов: «Ұлттық психология болмыста ұлттың өзіндік алғышарттарымен анықталатын, әрі қоғамдық және жеке-жеке сананың ажыратылмас бөлігі болып саналатын адамдардың психологиялық ерекшеліктері болып табылады», — деп түйіндейді. Ал, М.Жүнісов ұлттық психологияны «Ұлттардың психологиялық қасиеттерінің жиынтығы» десе, С.М.Арутюнян:
« Ұлттардың психологиялық пішіні дегеніміз — осы ұлттың дамуының тарихи өзгешілігіне байланысты материалдық жағдайынан ықпалынан және оның ерекше ұлттық мәдениеті мен тұрмысынан байқалатын сезім мен эмоцияның, ой мен қимылдың өзіндік ұлттық бейнесі, ұлттық дәстүрлер мен дағдының орнықты келбеті», — дейді. Осындай ұлағатты ой-пікірлерді келтіре отырып зерттеуші-ғалым Күләш Оразбекова тұғырлы ойлар шешімімен ғылыми тұжырымдама жасайды. Еңбек сонысымен құнды. Бұдан соң ғалым ұлттық психологияның міндеті мен маңызына тоқталады. Бұл жолда «саналы ел салтын сақтайды», «алты жыл аш болсаң да, ата салтын ұмытпа» деген ата-бабаларымыздың мақал-мәтелдеріне арқа сүйейді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз өзіміздің ұлттық ойлау жүйемізді, тарихи танымымызды, рухани мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада рухани тәуелсіздікке жетуіміз керек, сонда ғана мәдениетіміздің көсегесі көгереді. Біздің қазіргі ізденістеріміздің барлығы, сайып келгенде, осы рухани мәдениетті өркендетуге қызмет етуге тиіс», — деп ой-пікірін түйін етеді ғалым және де Грек халқының әйгілі перзенті Апполонның: «Өзіңді өзің таны», — деген өсиетін алға тартады.
Ғалым К.Оразбекова «Ұлттық психологияның» екінші томы «Жан сырын» бұл саланы зерттегендегі мақсатын: «Әрине бүкіләлемдік жаһантану заманында томаға-тұйық күн кешу, өз буыңда ғана пісу өте қиын. Дегенмен бөтен салттың, жат дәстүрдің ырқына бағынып, соларға біржолата жұтылып кетпей, өз халқының құндылықтарын жалпы адамзат құндылықтарымен, қазіргі заман өркениет үрдістерімен оңтайлы түрде ұштастыра білу — ең үлкен мақсат болуға тиіс.
Мақсат қазіргі шақ пен болашақты байланыстырады», — деп түйіндейді.
«Ұлттық психологияның» үшінші томы — «Адамтану» деп аталады. Бір айта кететін жәйт бірінші том «Қазақ ұлт» деп аталса, екінші том «Жан сыры», үшінші том «Адамтану» деп үш салаға бөліне зерттелуімен қатар үш томды бірінші қазақ тілінде жазылып, екінші орыс тіліне, үшінші ағылшын тіліне аударылған. Бұл да үлкен еңбектің көрінісі. Қазақтың ұлттық ерекшеліктерін басқа ұлттарға жеткізуге, бұл еңбектердің үлкен рөлі барлығын айта кеткен орынды. Бұл дүниелердің жазылу кезеңі Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ: «Айт дегенді айтсаң, арың төгілетін, айтпа дегенді айтсаң басың кететін» заман еді.
Заманымыздың текті де, тегеурінді ақыны Мұхтар Шаханов 1990 жылы «Ұстаз — мерей» деп, толғанып: «Ұмытпасам 1987 жылы болар, ҚазПИ-де өткен кездесуде Күләш Айтмолдақызымен алғаш рет таныстым. Ұлтымыздың кейбір көкейкесті мәселелері жайлы толғана сөйлегені сүйсіндірді. Шәкірттері өзін ерекше қадір тұтады екен. Күлекеңнің ұстаз ғана емес, адам психологиясы иірімдеріне еркін бойлай алатын ғалым екенін кейін еңбектері арқылы білдім», - дей келіп, «Бүгінгі таңда қазақ әйелінің рухани тұлғасы ұлтымыздың сан ғасырлар салт-санасын, дәстүр-талғамын, әдеп-ибасын бойға жинай білгендігімен ғана емес, соны қолдай, қорғай білгендігімен де өлшенбек», — деп түйіндейді. Шынында да, ұлтымыздың рухани тұлғалары салт-сананы, дәстүрді қорғай білгенімен өлшенері анық. Сондай тұлға — Күләш Айтмолдақызы Оразбекова. Ұлы ақын Ғафу Қайырбеков те Күләш Айтмолдақызының шоқтығы биік психолог екеніне қайран қалып:
Ұстаз болу — жүректің батырлығы,
Ұстаз болу — сезімнің ақылдығы,
Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу — адамның асылдығы, -
деп толғануы бекерден бекер емес.
Ғалым Күләш Оразбекова «Жан сыры» атты үшінші томында «Адамның жан көріністерін тану», «Адамтану тағылымы», «Нағыз тұлға қалыптастыру үлгісі» атты дүниелерді зерттеп, салиқалы ойлар айтып, қайталанбас тұжырымдар жасай келе, өзінің қорытындысында, Тәңір алдындағы, ата-баба алдындағы және ұрпақ алдындағы қарыздарды сала-салаға бөліп қарайды:
«Тәңір алдындағы қарыз — тіршілік иесі, оның ішінде саналы өмір иесі болып жаратылғанымыздың қарызы. Бұл қарыз бізді адам атына лайық ғұмыр кешуге үндейді. Бұдан адамгершілік асыл қасиеттерге ие болу міндеті туындайды, яғни бұл — халқымыздың ғасырлар бойы қызғыштай қорып, шаң жуытпай сақтап келген ар, ұят, адалдық пен әділдік, қайырымдылық пен кішіпейілділік, үлкенге ізет, кішіге құрмет секілді кісілік шарттарын бұлжытпай орындау.
Ата-баба алдындағы қарыз. Есейіп, ер жеткен, көркейіп бой жеткен ұлдар мен қыздар әке-шешесін қадірлеп, олардың асыл арман-тілегін орындап, артқан үміті мен сенімін ақтау.
Ұрпақ алдындағы қарыз — өзіміз өмірге әкелген перзенттер алдындағы қарыз. Бұл — ұрпағыңа тай қазаны тасыған бақытты өмір орнатуға талпындырады. Бұдан от басыңа құт-береке дамыту міндеті бой көтереді, яғни бұл — еңбек ету, кәсіппен айналысу, шаңырағыңды шаттыққа бөлентіп, толымды тұрмыс кешу борышы. Бұл ойын «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан болсын деген қанатты сөзбен жалғастырып Қадыр Мырзалиевтің:
Қазақ осы — Дала дейтін, Күн дейтін,
Қазақ осы — «өнер алды — тіл» дейтін, —
деп жырлаған «Қазақ осы» өлеңімен ұштастырып, замана жазушысы Мұхтар Махауиннің «ұлтсыздану ұраны» кітабынан үзінді келтіріп: «... Қазақта жау бар. Қуатты, қатерлі жау. Күн озған сайын күш алып, тамырын тереңге жайып барады. Ақыры түпке жетсе, сол ғана жетеді.
Ол қандай жау? Кім? Кім емес не! Бүгінгі қазақтың жалғыз-ақ жауы бар. Ол — ұлттық сананың кемдігі. Өзін-өзі қор тұту, өзін-өзі кемсіту, өзіне тиесілі сыбағаға ұмтылмау. Бір сөзбен айтқанда — ұлтсыздық!» деген ой-пікірін алға сала отырып, ғалым өз ой-пікірімен қорытынды жасайды.
Ғалым, педагогиқа ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының профессоры, Нью-Йорк академиясының толық мүшесі және құрметті философия докторы, Күләш Айтмолдақызы Оразбекова бүгінгі басымызда тұрған басты кесел, ертеңгі тұман мен күмән ұлтсыздық дертінің зардабына үш томдық еңбегімен жауап беріп қана қоймай, сол бір кесел-дерттерге біржолата тойтарыс берерліктей дүниені зерттеп, жазып, қазақ ғылымына салиқалы үлес қосқан тұлға дерлік.
Дей тұрсақ та ғалым-педагог Күләш Оразбекованың еңбегі орасан үлкен ізденістің жемісі «Тәрбие психологиясы да, психикалық құбылыстардың жіктелуі де /классификациясы/ отбасы психологиясы, бәрі де ғалымның ұлағатты еңбегінен,жан-жақты ізденісінен туғандығын дәлелдейді. Тағы да қайталап айтуға тура келеді: ғалымның еңбегі — ұлттық қазынаға қосылған, ұлағатты еңбек...