Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Моңғол жерінен шыққан қазақ ақыны

Ақын Қуанған Жұмаханұлының «Құстар қайтып барады» атты өлеңдер жинағының алғы сөзінде, Жүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев «Жарық жұлдыздар жарқ етіп сөнгенде артына ақ жолақты отты ізін қалдырып жатады. Монғолдық баурымыз Қуанған Жұмаханұлы /1951-1996/ да аз ғұмырында өшпес жырлар жазып ақындығымен танылған азамат еді. Амал не, өмірі қысқа болды. Бірақ сол аз ғана тірлігінің өзінде адамдықтың ақ туын жамылып, ақындықпен тіл қата білді», — деп түйіндеді. Бұл жинақ ақынның артында қалған қолжазбаларын жинастырып Баян Өлгейде жарық көрген «Іңкәр сезім», «Әнім сен едің» жинақтарынан құрастырылып, белгілі дәрежеде сұрыпталған.

1979 жылы жазылған «Құстар қайтып барады» өлеңінде, ақын:

Қанатына ақ торғын бұлт ілінген,
Құстар қайтып барады күн-түнімен.
Айдын көлін қия алмай күрсінеді,
Күміс моншақ үздігіп кірпігінен.
Топшысына төсеумен алақанын,
Баулап ұшып, құлатпай балапанын,
Туған жермен қоштасып барады олар,
Әніменен қарсы алып, дала таңын.
Қиқулаған үнімен мұң ақтарып,
Әнге басып барады, сыр ақтарып.
Үзік-үзік құс жолы жатыр шұбап,
Жазылмаған шумақтар сияқтанып.

— деп бастап, әдемі айшықты суреттермен көмкеріп, одан әрі:

Көк жүзінде ақша бұлт толқынданған,
Қанаттарын күн сүйіп жалтылдаған,
Жөңкіледі құстардың керуені,
Белбеуіндей аспанның солқылдаған.
Төңкеріліп төбеде құлап барып,
Көк жүзінде қыз бұрым сияқтанып,
Құстар қайтып барады шат-шадыман,
Жарқын жазды думанды жыраққа алып,

— деп жалғастырады да:

Көк жүзінен сазды әуен үн естіліп,
Наз әнімен бақытты үлестіріп,
Құстар қайтып барады жастық шақтың,
Махаббатын соңынан ілестіріп.
Сыр шертеді, әнімен сырласымдай,
Көңіл шіркін, толқыған тұр басылмай.
Соңдарынан қол бұлғап қалып барам,
Шығарып сап сапарға қимасымдай.

— деп түйіндейді. Өлеңнің бойында ақын Тұманбай Молдағалиевтың «Құстар әнінің» әсері өне бойы сезіліп отырады. Солай десек те, ақын өзінше нақыштай білген. Поэзиялық суретте Қуанғанның қолтаңбасы айқын көрінеді. «Қанатына ақ торғын» бұлт мінген» тәрізді, «Айдын көлін қия алмай күрсінеді, күміс моншақ үздігіп кірпігінен» тәрізді сурет Қуанған ақынға тән нақыш-бояу. Сол сияқты: «Жөңкіледі құстардың керуені Белдеуінен аспанның солқылдаған-сынды оркестр» — Қуанған ақынның өз әлемі. «Төңкеріліп төбеде құлап барып, Көк жүзінде қыз бұрым сияқтанып» сынды теңеулері өзіндік соны теңеулер. Тұманбай ақынның саз-әуеніне ауысатын тұстары да жоқ емес. «Наз әнімен бақытты үлестіріп, құстар қайтып барады» деген сипаттары аяулы ақынымыздың «Құстар әнін» еске оралтады. Наз әнімен, саз әні құлақта жаңғырып атақты ән-өлеңін жадыңа оралтады.

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Атажұрт» баспа атынан дайындаған «Құстар қайтып барады» кітабының аннатоциясында: «Бұл кітапқа Монғолияда өткен көрнекті қазақ ақыны Қ.Жұмаханұлының ертеректе жарық көрген бір топ өлеңдерімен өмірінің соңғы кезінде жазған жырлары топтастырылған. Ақын ақ пейілдің, айнымас көңілдің, таза табиғаттың үнін әсем жыр тіліне енгізіп ағынан ақтарылып отырады. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» өлеңдердің оқырманды баурап отыратындығы сөзсіз» — деп жазыпты. Расында да, Қуанған ақынның жырлары жылы лепті, іңкәр жүректі, әсем сазды поэзия екен. 1979 жылы Моңғолия жері Дэлүүнде жазылған «Сыр» өлеңінде:

Назды сыр, мың бұралған бидің елі,
Жомарт жұрт — әннің елі, күйдің елі.
Қия алмай кетерімде мөлдіреумен,
Егіліп жан жүрегім тұрмын енді.
Ақынға сендей мекен жат болар ма,
Амал жоқ, бірақ мәңгі қап қаларға,
Дәл қазір қимай тұрмын әсем Булган,
Аяулым, ауылыма аттанарда

— деп толғанған ақын «Қия алмай кетерінде мөлдіреумен, егіліп жан-жүрегім тұрмай енді» десе, одан әрі толғанып, «Ән-өзен, бұрым-бұлақ, тырна көз-көл» деп айшықты теңеуге көшеді.

Қош Булган,
Ақбас таулар, бұйра жондар,
Ән — өзен, бұрым — бұлақ, тырна көз — көл,
Жанымда қал мәңгілік қимасымдай,
Ақынның жүрегінде жыр боп өзгер,

— деп, жерге деген, елге деген ақын жүрегі егітіліп, «ақынға сендей мекен жат болар ма» деп төгіледі. Төгіле отырып, туған еліне оралатынына сенім сезімін бойлата жырлайды. Содан да «Аман бол, бұла-Булған, жыр, ән — Булган» деп түйіндейді.

«Жасын ғұмыр» атты алғы сөзінде: «Қ.Жұмаханұлы өз кезінде Моңғол университетін және Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының жоғарғы курсын бітірген. Филология ғылымдарының кандидаттығын Алматыда қорғаған. Қазақстанда өткен II Түркі дүниесі поэзиясы фестивалінің лауреаты атанған. Ол өлең жазумен айналысып қалмастан әдеби сын жанрында, аудармашылықта да өз бағын сынаған көрнекті қаламгер. Біз ақынның артында қалған қолжазбаларын жинастырып Баян-Өлгейде жарық көрген «Іңкәр сезім», «Әнім сен едің» жинақтарындағы бір бөлім өлеңдерімен қоса осы жинақты құрастырып отырмыз. Мұнда ақынның елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен сағынышы, махаббаты, азаматтық ар-ожданы асау жырлармен бейнеленген. Оның өлеңдерінен аз жазса да саз жазатын өзіндік қолтаңбасын тану қиын емес. Еркін төгілген жырлары шабытты шақтардың шашасына шаң жұқтырмас «Шалқұйрығы» екенін байқатады, — деп жазады. Айтса айтқандай, ақын қиял қанатына еніп, «Кеуде төсін таңның ескен желіне», «Келер күнге көз жіберіп қиялмен, сағынышпен барып қайтып өткенге» осылай күй кешіп:

Бозторғайлар шаттық әнін тартқанда,
Арайлап ақ таң күліп атқанда,
Отырасың осылайша жыр жазып,
Ел ұйқыда, оңаша бір шақтарда,

— деп жырлайды ақын. Онымен қоса:

Бөлек менің даусым да, үнім де,
Жыр жазамын туған ана тілімде,
Қуанғанмын жырлаймын мен сол үшін,
Қуанғанның үнінде,

— деп өз есімін өлең тілінде ойната біледі. Қыр кезіп, өзен, көлге жүзгенінде, қыр гүлінен жауқазын жыр үзгенін де айта келіп, «Ал өзеннің тереңінен тұңғиық, Мөлдір моншақ-жыр маржанын сүздім мен», — дейді. Мұнымен қоса ақын:

Өз даусыммен шырқап келем бүгін де,
Өз даусыммен шырқатамын тірімде,
Өз даусыммен жырлап барып бітемін,
Өз үніммен сөйлеймін мен түбінде, —

— деп алып, өз мақсатына жетеді ақын. Яғни арман-үмітіне әрбір өлең құдіретімен жете білген. Үлкен жүк арқалай білген ақын.

«Бес сала» деген өлеңінде ақын шеберлігі айқын көрінеді. Ақынның дүниесі көре білетіндігі, өмір тынысын сезіне білетіндігі осы өлеңде көрініс берген. Көркемдіктің көкейтөсті айшықтарына үкі таққандай бірінен соң бірі сұлулана түседі.

Ұрпағына үлестірген батасын,
Айнымаған ақ басты атасың,
Көк мұнардың құшағында бұлдырып,
Көкжиекті көмкеріп кеп жатасың.
Аспаныңның жаңбыр моншақ төгіліп,
Жатса сіңіп, қасат қарға көміліп.
Жалбыр бұлттар омырауыңа түнейді,
Жұлдыз ілген шын — сүңгіге соғылып,

— дейді ақын. «Жалбыр бұлттар омырауыңа түнейді, Жұлдыз ілген шын — сүңгіге соғылып» дейтін теңеулерді бұрын ешкім айтпаған көркемдіктің көзі.

Мұзбалақтар зеңгір көкте айналып,
Көз тастаса көркіне жайланып.
Шомылдырып шұғыласына сүттейін,
Түн қойнында көгіне ай байланып.
Арай кеште құшағына күн құлап,
Қол бұлғайсың көз ұшында бұлдырап.
Жалғызағаш, Тасқыныңа үн қосып,
Сай-салаңнан сыбызғылы мың бұлақ.
Шілдеде де ақ сәлдеңді жамылып,
Ақша қардан алтын алқа тағынып.
Жатырмысың айналайын Бес салам,
Сәлем саған, келді ұлың сағынып,

— деуінде үлкен мән-мағына бар. «Шомылдырып шұғыласына сүттейін, түн қойнында көгіне ай байланып» — сынды оралымдар «Сай-салаңның сыбызғылы мың бұлақ» деуі де ерекше, өзіндік көркемдік оқшау суреттері.

Ғалым-сыншы Мүсілім Базарбаев өзінің «Замана тудырған әдебиет» атты кітабында «Жаңаша бажайлау» деген зерттеу еңбегі бар. Сол еңбекте: «Қазақ әдебиетінің тарихын қайта қарап, жаңадан жазатын кез келді. Бұған себептер көп, ол түсінікті де. Ең алдымен әдебиет тарихынан көптеген есімдердің, әсіресе көрнекті, белгілі, уақытында бүкіл қауымға мәшһүр болған тұлғалардың шығып қалуын, кейбір шығармалардың аты да аталмауын, тіпті ұшты-күйді жоқ болып кеткенін айтқан жөн. Мұның бәрін орнына келтіру қажет», — деп жаза келе, одан әрі өз ойын толықтырып, — «Екінші себеп — аты аталған, шығармалары талданған қаламгерлерге ол кезде берілген бағаның кей-кейде көпе-көріне қате, әділ емес, оғаш екендігі. Бұл жайда я асыра мақтау, көзжұмбайға салынуға, я болмаса әдейі шүбә, күмән келтіру, тіпті теріс баға беруге орын берілгендігі ескерілуі тиіс. Әдебиеттің идеология шылауында болуы, бүкіл өсіп-өну, көркею мәселелерінің бәрі осы көзқараспен өлшенуі, тәжірибенің де, теорияның да бірден-бір партиялық саясатқа бағынуы, көркем әдебиетті өзінің табиғи даму заңынан айырып, оны мемлекеттік халық шаруашылығы міндеттерінің бірі ретінде қарау, айналып келгенде, көркем сөзді жүдеткен, оны ежелгі жаратылысынан айырған фактор болды. ХХ ғасыр әдебиетін, яғни қазіргі заман әдебиетін зерттегенде бұл аса есте болатын жай. Тарихты қайта қарап, жаңаша жазу керектігінің өзі осыдан», — деп түйіндейді. Осындай алға қойған бағдарламаны бүгінгі зерттеу еңбектерінде басшылыққа алған орынды. Яғни, мұндай салиқалы тұжырымды темірқазық ету — біздің міндетіміз. Әсіресе, бұрын жазылмай да, айтылмай да келген шетелде тұратын қазақ ақын-жазушыларының шығармалары зерттеп, бағалауда осы бір қағиданы еске ала отырып, зерттеуіміз ғанибет. Соның бір мысалы, бұрын-соңды зерттеу объектісі болмаған Қуанған Жұмаханұлының “Жүрек әні» / «Өлке»,2001№ 422 бет/ мен «Құстар қайтып барады» / Өлеңдер жинағы, 2008. 104 бет/ кітаптарын зерттеуде осы жағын ескеруіміз қажет.

Моңғол елінде ғұмыр кешкен Қуанған Жұмаханұлы аз ғұмырында көп ізденген, құдай берген талантын қаймағын бұзбай халқына тарту етуге ұмтылған аса бір дарынды жан. Оның өлеңдегі мақамы бөлек, дәстүр мен жаңашылдықты бірге тұтастыра білген қаламы жүйрік қаламгер. Көркемдік, мазмұндық жағына баса көңіл бөліп, қашанда оқырманның жүрегінен табылуға ұмтылған зерделі жан. «Замана тудырған поэзияның көркемдік, мазмұндық жайын, ізденістерін, оған қоса бұрынғы дәстрмен жалғастығын, әрі жаңашылдығын айтқанда, оның бір жаңа құбылыс болып қалыптасқанын байқаймыз.

Дәстүр мен жаңашылдық, яғни ұлттық сипат, белгілі бір кезеңнің ғана емес, әдебиет дамуының барлық дәуіріне тән, онымен органикалық тығыз байланыста көрініп отыратын жай.

Суреттеу, бейнелеу, көркемдік тәсілдері бірден емес, бірте-бірте өзгеріп отыратынын аңғарамыз. Бұл әсіресе, шығарманың формалық, мазмұндық қалпынан айқын көрінеді», — деп М.Базарбаев «Замана тудырған әдебиет» кітабында жазды. Сондай ой түйінінен бой көрсететін ақын өлеңдерін ұсынайық.

Шетел қазақтарының шығармашылығына назар аударып, олардың еңбектерін зерттеуіміздің астарында халқымыздың, ұлтымыздың тәуелсіздігі жатыр. Кешегі кеңес өкіметі кезінде Алаш азаматтарымен қатар, шетелде жүрген бауырластарымыз — қазақтардың өнердегі жетістігін айту — мүмкін болмай қалған. Қытайда ғұмыр кешкен Таңжарық Жолдыұлы-сынды тұлғалы әдебиетшілерімізді, Моңғол жұртындағы Қуанған Жұмаханұлы-сынды талантты ақындарымыздың шығармашылығына бет бұруымыздың өзі — Тәуелсіздіктің арқасы. Таңжарық та, Қуанған ақын да ұлт тәуелсіздігі үшін жырларымен күрескен ақындар. Күресе білген ақындар.

«Тәуелсіздік» атты кітаптың алғы сөзін жазған қаламгер Сауытбек Абдрахманов: «Тәуелсіздік... Мына дүниеде 2500-ден астам халық бар екен. Соның екі жүзге жуығы ғана өзінің мемлекеттілігіне ие екен. Саны жағынан қазақты сан орап кететін ұлттардың арасында да өз елі өзіне өлең төсегі болмай, туған жерінен бір жапырақ туын тігетін алақандай төбе таппай жүргендері жетерлік. Тіпті туған жерге туын тіккен елдердің бәрін бірдей толық мағынасында тәуелсіз деп тани алмайтынымыз тағы бар», — дей келе өз ойын өрбітіп, соны да салихалы пікірді алға тартады: «Бұл биікке ел тәуелсіздікті жариялаумен, гимнді, гербті, туды белгілеумен, тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелегіне өтумен де бірден жете қалмайды. Тәуелсіздік ұғымының аясы кең. Әлемдік қауымдастық мойындаған өз аумағы болуы да, сол аумақты басқаратын мемлекеттік биліктің болуы да бұл үшін аздық етеді. Тәуелсіздік ең алдымен мемлекеттің өз саясатын өз еркімен жүргізуге қабілеттілігін білдіреді. Күніңді зорға көріп, көршілеріңнен көмек сұрап, барар жеріңе бара алмай, айтар сөзіңді айта алмай, жан-жағыңа жалтақтап жүрсең қанша жерден атың тәуелсіз болса да затың тәуелді елсің деген сөз». Ия, шынында да «Қазақстан жолы» деп ат қойып, айдар таққан шын мәніндегі феномен құбылыс дүниеге келгенін Елбасы да, Қазақ халқы да дәлелдеді. Айтқандай алыс та, жақын да мойындайтын, Батыс та, Шығыс та сыйлайтын елге, көп дінді, бірақ бір ділді елге айналудың қандай қиындығын да сезініп, Елбасы бастап, елі қостап құрып берген Қазақ елінің қадыр-қасиетін тани отырып, таныта отырып, ұлттық бақытымызды сезіну де, сезіндіру де — үлкен жауапкершілік.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігін салтанатты жариялай отырып, 1-бабында жазылғандай: Қазақстан Республикасы — тәуелсіз, демократиялық және хұқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленеді өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізеді» деген бір ауыз сөйлемде қаншама құдіретті сезім күші бар екендігін іштей мойындайсың.

Филология ғылымдарының докторы көрнекті қазақ ғалымы Мүсілім Базарбаев: «Поэзия әлемінде айрықша із қалдырған, өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат етіп қалдырған ақын — Мағжан Жұмабаев. Өзі де, өлеңі де қиын-қыстау тауқымет жолын көп кешкен. Қалың бұқара оқушы қауым арасында әуелден-ақ қаншалықты белгілі, аты мәшһүр ақын болып танылса да, ресми ортада барған сайын айдаудан көз аша алмай, тыныштық дүниеден қара үзіп, кешегі қуғын-сүргін заманда есімі біржолата өшуге айналған жан» — деп жазды, бұдан әрі ғалым ой-тұжырымын өрбітіп: «ХХ ғасыр басының қазақ ортасына тән демократиялық, ағартушылық, бостандық ізденістері Мағжан Жұмабаев үшін Қазан төңкерісімен бітіп, арманға қол жеткендей үзіліп қалмайды, одан кейін де ақын өз болжамынан танбай, жалпы халықтық, адамдық, мұраттық жайлардан қол үзбейді. Теңдік, азаттық жайындағы лепірме ұрандар, толып жатқан «жасасындар» Мағжанды жанамалай өтіп жатқандай, өзін баурап әкетпейді. Оның басты себебі: революция халыққа азаттық әкелетін болса, неге оны қақ жарып, бір-біріне қарсы қояды, қазақ көрмей ме, әлі іргелі ел болып қалыптаспаған, ылғи тепкіде, қанауда, айдауда болып келген халық енді қол ұстасып, жаңа өмір құрудың орнына жаңа араздық, жаңа наразылық туды емес пе? Мағжан ойланады, толғанады» — деп ғылыми тұжырым жасайды. Осындай тұжырым, ой кешкен ақын Қуанған Жұмаханұлы.

Қуанған Жұмаханұлы «Арал қартының азасы» деген өлеңінде:

Көрсемдағы үдере ел көшкенін,
Көрмеп едім теңіз бен көл көшкенін.
Көз алдымнан өтпесе сұмдық сурет,
Айтпа жалған,
Ешқашан сенбес те едім.
Балықшымын, Аралмен бір жасасқан,
Кеше — айдын, бүгін — құм белдескенім.
Тай-тай толқын толықсып төңкеріліп,
Көсілмейді жағаға кең керіліп,
Көкшіл айдын қоржындай бөлек-салақ,
Қусырылып құмменен көмкеріліп.
Суыртпақтап күндіз-түн тұзды құйын,
Боратады аңызақ жел кеп ұлып.
Әпербақан ағаттық — бүгін қайғы,
Ақталсақ та кінәміз жуылмайды,
Байлығына теңізді құрбан шалған,
Жандар үшін бет күйіп, дуылдайды.
Шынымен-ақ кете ме құрдым сіңіп,
Зәрем ұшып, жүрегім суылдайды , —

деп толғанады. Бұл қайғы-қасірет Тәуелсіздік ала алмаған тұста, империялық күшке Тәуелсіз халықтың дәрменсіз кезінде болған қасірет-қайғы еді. Сол кезде мұндай жазуға жол берілмеген шақта да Қуанған Жұмаханұлы жаза білген, келешек ұрпаққа жазып кеткен. Ақынның өсиетіндей.

«Сенің де адам, менің де болар қайғым,
Толқып-шалқып арнама қона алмаймын.
Өмірге адам келмесе екінші рет,
Мен де бәлкім қайтадан жаралмаймын» —
Деп қалама ашулы Арал жазған,
Аза бойым қаза боп алаңдаймын.
Қатер зауал не зәбір көрсетпеді,
Ата жұттан жылыстап ел шеттеді.
Балық құрып, оталып көк шалғыны
Тоз-тоз қылып аң-құсын бөлшектеді.
Ащысынып, о сұмдық ана сүтін,
Нәрестелер жеріді емшектегі, —

деп ашына жазып, адамзат алдына ақындық сауал қояды:

Жүрек сыздап, көкірек толар мұңға,
Сүрінеді тайғанап жанар құмға,
Тағдырына күрсініп, күңіреніп,
Үрейленіп, талықсып Арал қырда —
Жатыр әне, дөңбекшіп не демекпіз,
Кімдер жауап береді ар алдында.

Ия, Аралды құртқан бодандықта болған халқымыздың сол кездегі тәуелді, бейшара халі осындайда көрінеді. Шынында да: «Кімдер жауап береді ар алдында» сол арымыздың, ар-ожданымыздың сөнбеген намысымыздың арқасында кешегі желтоқсан оқиғасы бұрқ етіп көтеріліп, Алатаудың басындағы күңіренген қара бұлтқа айналып, нөсерледі келіп. Сол нөсердің нұрынан — Тәуелсіздік оянды. Бұл — бостандыққа жол еді.

«Тәуелсіздік» атты мақалалар жинағы жарық көрді. Соның алғы сөзінде: «Тәуелсіздік... мына дүниеде 2500-ден астам халық бар екен. Соның екі жүзге жуығы ғана өзінің мемлекеттілігіне ие екен» — деп жазды жазушы Сауытбек Әбдірахманов. Сол Тәуелсіздік алған елдің ортасында Қазағымыз бар.Бұл дегенің ұлы қуаныш емес пе? Қуанышымызды жырлау — ұлтжанды ақындарымыздың парызы!

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Менің сенетінім — жақсылық, менің сенетінім — болашақ» — деп жазды. Біз, ақын-жазушылар, болашағымызға сене отырып, қаншама ғасырлар бойы көксеген ұлы арман-мақсатымыз Тәуелсіздігімізді көк байрақ туымыздай биік етіп, ұлттық намыспен жырлау — ақындық парасатымыз, азаматтық парызымыз!

Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Шөп екеш шөп те еркіндікті аңсайды. Қалың қара асьфалттің өзін тесіп шыққан қияқ шөпті көріп жүрміз ғой. Сол аңсау. Күннің көзін аңсау.

Ал, сонда қандай халық тәуелсіз болуды аңсамайды? Кім өз еркімен құлдықта, езгіде жүргісі келеді? Әлдебір мәңгүрттер болмаса, ондай халық та, ондай адам да жоқ.

Тәуелді деген ұғымды тудырған күштілер мен озбырлар. Империя атаулының бәрі сондай. Империя өзінің әлсіздерді бағындырып, басып алып, билеп-төстеуге дағдыланған. Ескендір Зұлқарнайынның, Шыңғыс ханның, Наполеонның империялары сондай. Рим, Византия империялары сондай. Бірақ бәрінің ақыры біреу: күндердің күнінде империя құлайды...», — деп жазған «Тәуелсіздік толғағы» мақаласында.

Жер жаһанға жырымен жар салған ақын Қуанған Жұмаханұлы: «Әлем жалғыз — Әлемде Арал жалғыз» деп түйеді. Сол жалғыздарымыздан айрылмау — Адамзат алдындағы, тарих алдындағы, тәңірдей — табиғат алдындағы парызымыз.

Ақын Қуанған Жұмаханұлы өмірдің келеңсіз жайттарынан қашанда жақсылық іздейді, тіршілікке мейірбан ақындық көзбен қарайды. «Құрып қалды Мамыркөл...» деген өлеңінде.

Көз алдымда-ақ сартаң қақ, құла құм,
Көкірегімде - өксік әуен, бала мұң.
Көрдім көлдің қотарылған құр месін,
Аңыз деме, ақиқат бұл шырағым.
Айрылғандай қимасынан айнам көз,
Аңырадым, ағыл-тегіл жыладым, —

деп алып, «Құрып қапты... Қуаңшылық жалмады, Құйқылжытып құстар үнін салмады» дейді ақын күйзеліп. «Өкінішті, аңсап келіп қос аққу, өксік кетті, сартаң құмға қонбағанын айтып, «Сұлулығы бұлбұл ұшқан көзінен, Мамыркөл-ай... Мамыркөл-ай сондағы!» — деп мұң қатады. Сонда да ақын түңілмейді. Үміт күтеді өмірден. Болашаққа сенім артады.

... Сары көң жұрт — қой қоздатқан кешеулеп,
Күре жолмен керуен-керуен көш өрлеп,
Шұбырғанда көк жайлауды бетке алып,
Арпалысқан алаң ойға кетем көп.
Сабасына түсіп қайран Мамыр көл,
Толқын атып, толқып жатар ма, екен? —

деп толғайды ақын.

Мұхиттар даусы» өлеңінде өмір мұхитына сүңгіп, ұлан-ғайыр ғаламға құлаш ұрып, құрлықтарды құшақтайды ақын құштарлықпен.

Мөлдірліктен тұп-тұнық жаралғанмын,
Ұлан-ғайыр ғаламға таралғанмын,
Арудайын көркіммен көзайым ғып,
Толқынымды — бұрымдай таранғанмын,
Құрлықтарды құшақтап құштарлықпен,
Ақ білектей мойнына оралғанмын, —

дейді ақын. Бұдан әрі адам қолымен жасалған қастандықтарды, мұхит ақтара айтып, жайып салады да:

Сұсты жаугер өң-түсін күн қақтаған,
Қабағы қар жауып түн қаптаған,
Бұқпантайлап кемелер бұлғақтаған,
Үрейімді ұшырып уһілетпе,
Білсең адам, тыныштық қымбат маған, —

деп түйіндейді, Мұхит атынан бұдан соң «Жұлдыздар даусымен! тұжырымдай келіп:

Ауыздықта арымызды,

Тәубәңе кел, адамзат, — деп сабырға шақырады. Бұл дауыстар әрине «Ақын дауысына айналады.

Табиғатында лирик ақын қай өлеңін жазса да, тебіреніп жазады, толғанып жазады, шынайы жазады. Сонысымен жүрекке жетеді, есте қалады. Тоқетерін айтқанда, Қуанған ақын — тумысынан тума талант, дарынды ақын. Оның жырларын зерттей түсіп, жан-жақты аша түссек, дүниеден жастай өткен ақынның мұраларын әлі де толықтай түссек, ақын әлемі ашыла түспек. Талантты тот баспайтын, қайта уақыт өткен сайын оның не бір қырлары ашылып, уақыт сарабынан өтіп, ақын еңсесі биіктей түсері анық. Моңғол жерінен шыққан ақын — қайтқан құстармен бірге, туған елінде үлкен із қалдырған ақын...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама