Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 56 минут бұрын)
Ұлттық банк доллардың құлдырауының себебін түсіндірді

Қазақстанда доллар бағамының төмендеуі жалғасуда. Бұл жағдайға қатысты елдің Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов пікір білдіріп, теңгенің нығаюына әсер ететін негізгі себептерді түсіндірді.

Журналистердің "Неге доллар бағамы үнемі төмендеп барады, неге өспейді және бұл азаматтарға қалай әсер етеді?" деген сауалына Сүлейменов ұлттық валютаның нығаятынын айтты.

"Біздің экспорттық негізгі тауарымыз – мұнайдың бағасы өсіп отыр. Экспорттық түсімдер көлемі артқан сайын, валюта нарығындағы ұсыныс та көбейеді. Бұл, әрине, доллар бағамының төмендеуіне әкеледі", - деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Журналистер долларға ақша салған қазақстандықтардың қаражаттарынан айырылып қалуы мүмкін екенін және Ұлттық қор активтерінің де доллармен есептелетінін айтты. Тимур Сүлейменов бұл мәселеге қатысты былай деп жауап берді:

"Ұлттық қордың активтері доллармен көрсетіледі және теңгеге қайта есептелмейді. Ал қазақстандықтарға келетін болсақ, біз инвестициялық кеңестер бере алмаймыз. Біз тек қазақстандық теңгенің тұрақтылығын айта аламыз. Өткен жылы теңге жоғары табыстылықты көрсетті. Халықаралық рейтингтерге сүйенсек, теңге қазіргі уақытта ең тартымды валюталардың бірі болып саналады. Бұл инвестицияларды тартуға ықпал етеді", - деді ол.

Бұған дейін Ұлттық банк теңгенің бағамындағы өзгерістер нарықтық факторларға байланысты екенін хабарлаған болатын. Оның ішінде ішкі нарықта шетел валютасына деген сұраныстың төмендеуі де себеп болды.

Жаңалықтар

Жарнама