Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 57 минут бұрын)
Ұлыбританияда темекі сатуға тыйым салынады: Жаңа буын темекісіз өмір сүреді

Ұлыбританияда 2009 жылдың 1 қаңтарынан кейін туылған азаматтарға темекі өнімдерін сатуға мәңгілікке тыйым салынады. Парламент қабылдаған бұл заң жобасына патша Чарльз III жуырда қол қояды деп күтілуде. Бұл жаңалық елдегі темекі шегушілікті түбегейлі азайтуға және жас ұрпақтың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Бұл заң тек темекіге ғана емес, сонымен қатар электронды темекілерге де (вейп) қатысты болады. Яғни, 2008 жылдан кейін туылғандар бұл өнімдерді де сатып ала алмайды. Жаңа ережелер темекі өнімдері, вейптер туралы ақпаратты жеткізуді қатайтып, олардың жарнамасы мен насихатына шектеу қояды. Сондай-ақ, темекі шегуге тыйым салынған аймақтарды анықтайтын нормалар да қарастырылған.

Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Уэз Стритинг бұл реформаны «балаларды темекі шегуден қорғайтын және өмір бойы тәуелділікке айналудан сақтайтын маңызды қадам» деп атап өтті. Оның айтуынша, бұл шара елдегі темекіге байланысты аурулар мен ауруханаға жатқызу жағдайларын азайтып, ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне түсетін қаржылық жүктемені жеңілдетеді. Қазіргі таңда Ұлыбританияда темекі шегуден жыл сайын шамамен 64 мың адам көз жұмады және 400 мың адам ауруханаға жатқызылады. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне жылына шамамен 3,4 миллиард еуро шығын әкеледі.

Айта кетейік, 2025 жылы Ұлыбритания үкіметі жастар арасындағы электронды темекіні пайдаланудың өсуі мен қоршаған ортаға зияны туралы алаңдаушылықтарға байланысты бір реттік вейп құрылғыларына тыйым салған болатын.

Бұл жаңалық әлемдегі темекімен күрес саясатындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Жаңа Зеландия бұған дейін де болашақ ұрпақ үшін темекі сатуға тыйым салған алғашқы ел болған еді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңалықтар

Жарнама